1 мамыр: Халықтың қуаты бірлікте!

01.05.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Жылнама беттерінен: Мерекенің шығу тарихы

1 мамырдың атаулы күн ретінде қалыптасу тарихы күрделі кезеңдерден басталған. 1856 жылы Аустралияда, кейін АҚШ-тың Чикаго қаласында өз құқықтарын қорғаған жұмысшылардың шеруі әлемдік деңгейдегі ынтымақтастық қозғалысына ұласты. Кеңес дәуірінде «Бейбітшілік, еңбек, мамыр» ұранымен тойланған бұл мереке, егемендік алған жылдары мүлде жаңа сипат алды.

Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімді нығайту Тәуелсіздікті сақтаудың басты шарты болды. Осы мақсатта 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл институт елдегі этносаралық татулықты сақтаудың бірегей тетігіне айналды. Тәуелсіз мемлекетіміздің ішкі тұрақтылықты басты орынға қоюының нәтижесінде, 1995 жылдың 18 қазанында Мемлекет басшысының Жарлығымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні болып жарияланды.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

Этностық палитра: Статистика не дейді?

Қазақстан – тағдыры тоғысқан сан түрлі этностардың қара шаңырағы. Ұлттық статистика бюросының соңғы мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанның демографиялық бейнесі сан алуан этностардан тұрады. Бүгінде еліміздегі ең ірі этностар:

Қазақтар – 14,6 млн Орыстар – 2,9 млн Өзбектер – 695 мың Украиндер – 367 мың Ұйғырлар – 309 мың Немістер – 222 мың Татарлар – 218 мың Әзербайжандар – 157 мың

Сонымен қатар елімізде Саха (353), Хакас (332), Ассирия (329), Моңғол (242) және Коми (240) секілді саны аз этностардың да тату-тәтті өмір сүріп, өз мәдениетін сақтауына толық жағдай жасалған.

Достық үйлері – Мәміле мен мәдениет ошағы

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дмитрий Останьковичтің пайымдауынша, Достық үйлері бүгінде тек этномәдени бірлестіктердің бас қосатын орны ғана емес, нағыз қоғамдық диалог пен өзара түсіністік алаңына айналған.

Фото: Қазақстан халқы ассамблеясы баспасөзінен

– Бұл – мемлекеттік тілді үйренгісі келетін азаматтар үшін ең қолайлы әрі рухани бай орта. Мұнда қазақ тілін тек оқулықпен ғана емес, қарапайым қарым қатынас жасай отырып меңгеруге болады. Ең бастысы мұндағы медиация кабинеттері – ел ішіндегі кез келген әлеуметтік-тұрмыстық дауларды сотқа жеткізбей, бітіммен және өзара келісіммен реттеуге жол ашатын парасаттылық мектебі, – дейді ол.

Жаңа буын мен креатив

Дмитрий Останьковичтің айтуынша, бүгінгі жас буын бірлік ұғымын заман ағымына батыл бейімдеп, оны цифрлық әлемнің мүмкіндіктерімен шебер ұштастырып келеді. Олар үшін шынайы достық пен татулық - ол ортақ креативті жобалар, медиа-идеялар және инновациялық бастамалар.

Мәселен «Folk&Art Performance» секілді бастама көне дәстүрлерді заманауи қойылыммен өрнектеп, ұлттық өнерге жаңа тыныс сыйлады. Сонымен қатар цифрлық сауаттылықты серік еткен жастар жасанды интеллект пен заманауи технологияларды игере отырып, қоғамдық келісім идеяларын мүлде жаңа форматта насихаттай бастады. 

Тірлік кілті – бірлікте

Мерекенің мәні – оның қоғамға әкелетін пайдасымен өлшенеді. Көршілердің бірлесіп ағаш отырғызуы, волонтерлік бастамалар мен қайырымдылық шаралары – бірліктің нақты көрінісі. Неміс этномәдени бірлестігінің өкілі Александр Кайль бұл құндылықтың тарихи тамыры тереңде жатқанын атап өтеді.

– Мен бірлікті «Wir sind zusammen» – «Біз біргеміз» деген тіркеспен сипаттар едім. 1941 жылы қазақ даласына еріксіз қоныс аударылған жандарға жергілікті халық соңғы нанын бөліп берген сәттен бастап, осы ұлы достықтың негізі қаланды, – дейді ол.

Фото: Александр Кайльдың жеке мұрағатынан

«Ариана» ауған орталығының төрағасы Эльяс Махмуд та бұл пікірді қолдайды. Оның айтуынша, Қазақстан – әрбір ұлтқа салт-дәстүрін жаңғыртуға толық мүмкіндік беретін үлкен отбасы.

Фото: Жеке мұрағатынан

– Қазақстан – бір үлкен отбасы болып, бірге өмір сүрудің үлгісі. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген қазақ. «Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерек. Осының бәрі қазақ елінің қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынасты реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүмкін болып отыр. Бір шаңырақ астында жиналған ұлт пен ұлыс өкілдерінің ынтымағы – ырысы, байлығы – берекесі болып, татулығы жарасқан елде өмір сүріп жатқаны жүректерге сенім, көңілдерге қуаныш ұялатады, – дейді ол.

Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда жаңадан құрылатын Халық кеңесі заң шығару бастамасына ие болсын деген ұсыныс айтқан еді.

Халық кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтайдың орнын басады.

Мемлекет басшысы кеңес құрамын 126 адамнан асырмауды ұсынды. Этномәдени бірлестіктерден — 42, қоғамдық бірлестіктерден — 42, мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден — 42 өкіл болу керектігі де айтылды. Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды, ал төрағаны оның мүшелері сайлайды. Халық Кеңесі төрағасының қоғамдық негізде ротациялық негізде тағайындалған екі орынбасары, сондай-ақ хатшылықтың басшысы болады.

Сондай-ақ Сенат депутаты Халық кеңесі мен Құрылтайдың айырмашылығын түсіндірген болатын.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью