1 шілдеден бастап ипотека рәсімдеу қиындайды: сарапшы басты өзгерістерді атады

21.04.2026

Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Жаңа ережелерге сәйкес, қарыз алушының төлем қабілеттілігін тексеру күшейтіліп, ресми табысты растау міндеттелмек.

Бұл туралы ипотека сарапшысы Толғанай Баешева Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында алдағы өзгерістердің мәнін және жаңа бағдарламалардың ерекшеліктерін түсіндіріп берді.

Сарапшының айтуынша, 1 шілдеден бастап ипотека нарығында табысын растамай қарыз алу мүмкіндігі тоқтайды. Енді банктер қарыз алушының ресми кірісіне баса назар аударады.

— 1 шілдеден бастап тек табыс растап қана ипотека ала аламыз. Тауып жатқан ресми табысыңыздың тек 50%-ы ғана шығындарыңызға, яғни несиелеріңіз бен ипотекаңызды жабуға жұмсалуы тиіс. Егер қарызға кететін шығын табыстың жартысынан асып кетсе, ипотека берілмейді. Қазіргі таңда қазақстандықтардың көбінде несие бар екенін ескерсек, бұл көптеген адам үшін баспана алуды қиындатуы мүмкін, — дейді Толғанай Баешева.

Ипотека нарығындағы жағымды жаңалықтардың бірі — әйелдерге арналған «Ұмай» бағдарламасының қайта іске қосылуы. Өткен жылы қаржы бөлінбегендіктен тоқтап қалған жоба биыл шілде-тамыз айларына жоспарланып отыр.

— Ұмай бағдарламасы әйелдер қауымын қолдау мақсатында ашылған. Мұнда атында үйі бар әйелдер де қатыса алады және екінші нарықтан да үй алуға мүмкіндік бар. Алғашқы жарна өңірлерде — 15%, үлкен қалаларда — 20% болмақ. Ал «Жасыл ипотеканы» тек жаңа құрылыс компанияларынан рәсімдей аламыз. Екі бағдарламаға 45 миллиард теңгеден бөлінуі керек, бұл шамамен 2 мың адамды үймен қамтуға жетеді, — деп толықтырды маман.

Сондай-ақ бұған дейін ипотека нарығында бірыңғай мөлшерлемелер қолданылып келсе, алдағы уақытта пайыздық үстемеақы клиенттің жинағы мен несие тарихына қарай белгіленбек.

— Енді бірыңғай мөлшерлемеден бас тарту қарастырылып жатыр. Қолыңызда алғашқы жарна көп болған сайын, пайызыңыз төмен болады. Мысалы, 70% жинағыңыз болса, пайыздық үстемеақы едәуір азаяды. Ал 10%-дық жарнамен алсаңыз, мөлшерлеме жоғарырақ болады. Бұл халықты көбірек ақша жинауға және несие тарихын таза ұстауға ынталандырады, — дейді ипотека сарапшысы.

Толғанай Баешеваның кеңесіне сүйенсек, егер азаматтың несиесі көп, бірақ төлем қабілеті жеткілікті болса, оған 1 шілдеге дейін ипотека рәсімдеп алған тиімді. Ал қолында қомақты жинағы бар және төмен пайызды күтіп жүргендерге шілде-тамыз айларындағы «Ұмай» секілді бағдарламаларды күткен абзал.

Айта кетейік, бұған дейін ломбардтағы қарыздың ипотека алуға әсерін жазған едік.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью