1 тамыздан бастап Қазақстанда не өзгереді?

01.08.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Жаздың соңғы айы қазақстандықтар үшін маңызды оқиғаларға толы болмақ. Тамызда Құрылтай сайлауы өтіп, смартфон саудасына қатысты жаңа талаптар енгізіледі. Бұдан бөлек, жол қозғалысы саласындағы өзгерістер қолданысқа еніп, мемлекеттік білім грантына ие болған талапкерлердің тізімі жарияланады. Осы және өзге де өзгерістер туралы толығырақ – Tengrinews.kz материалында.

Құрылтай сайлауы

23 тамызда жаңа бірпалаталы Парламент – Құрылтай сайлау өтеді.

Тиісті жарлыққа бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған болатын.

Анықтама: 2026 жылғы 1 шілдеде елде 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Осыдан кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды.

Tengrinews.kz коллажы

Жаңа Конституция бірпалаталы Парламент – Құрылтайды қарастырады. Оның құрамына 145 депутат кіреді, олар 5 жылдық мерзімге сайланады. Сайланған депутаттар көпшілік дауыспен Құрылтай төрағасын және оның үш орынбасарын сайлайды.

Сондай-ақ, Құрылтай депутаттарының сайлауынан және оның құрамы жасақталғаннан кейін қазіргі үкімет өз өкілеттігін тоқтатады.

Білім беру гранттарының иегерлері белгілі болады

Ғылым және жоғары білім министрлігі 10 тамызға дейін мемлекеттік білім беру гранттары иегерлерінің тізімін жариялайды.

Биыл конкурсқа 127 мыңға жуық өтініш түсті. Бакалавриат бағдарламалары бойынша оқуға 75 мыңнан аса грант бөлінді. Гранттардың басым бөлігі (60 пайызы) инженерлік мамандықтарға, тағы 20 пайызы педагогикалық бағыттарға бөлінді.

Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.

Фото: instagram.com/testcenterkz

Колледждерге құжат қабылданып жатыр

Тамызда 2026-2027 оқу жылына колледждерге құжат қабылданып жатыр. Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 140 мың орын бөлінді.

Мамандыққа байланысты құжаттар мына мерзімдерге дейін қабылданады:

10 тамызға дейін – педагогикалық мамандықтарға (9 және 11-сынып негізінде, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім негізінде) және 9-сынып негізіндегі медициналық мамандықтарға; 15 тамызға дейін – 11-сынып негізіндегі және техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім негізіндегі медициналық мамандықтарға; 22 тамызға дейін – 9 және 11-сынып негізіндегі орта буын мамандықтарына; 27 тамызға дейін – жұмысшы біліктілігін даярлау бағдарламалары бойынша; 20 қыркүйекке дейін – кешкі оқу нысанына.

Құжаттарды eGov порталы арқылы немесе тікелей колледжге электрон форматта тапсыруға болады.

Фото: depositphotos.com

Докторантураға құжат қабылдау аяқталады

Тамызда докторантураға түсушілер үшін өтініш қабылдау аяқталып, түсу емтихандары басталады.

3 тамызға дейін талапкерлер Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы түсу емтиханына қатысу үшін өтініш бере алады немесе оны түзете алады. Кейін өтініштерді қабылдау тоқтатылады.

4-20 тамыз аралығында докторантураға түсу емтихандары өтеді. Олардың өткізілу орны мен уақыты туралы ақпарат 9 тамызда жеке кабинетте жарияланады.

Биылдан бастап докторантураға түсу үшін ғылыми зерттеу жобасын (Research Proposal), зерттеу жүргізу жоспарын, эссе мен кейінгі үш жылдағы ғылыми жарияланымдар тізімін (бар болса) ұсыну қажет.

Автокөлік жүргізушілеріне арналған өзгерістер

25 тамыздан бастап "Жол жүрісі туралы" заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Жаңа нормалар 65 жастан асқан жүргізушілерге, мүгедектігі бар жандарға және ЖҚЕ бұзушыларға қатысты болады.

65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жандар үшін медициналық тексеру

65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілер міндетті медициналық тексеруден өтуге тиіс.

Тексеру нәтижелері туралы ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесінен Ішкі істер министрлігіне автомат түрде түседі. Егер мемлекеттік жүйеде тексеруден өткені және көлік жүргізуге қарсы көрсетілімдердің жоғы туралы мәліметтер болмаса, көлік басқару құқығы тоқтатылуы мүмкін.

Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Сондай-ақ, 25 тамыздан бастап жүргізуші куәлігінен айырудың тағы бір негізі пайда болады. Егер мас күйінде көлік жүргізу туралы қылмыстық іс айыптау үкімінсіз жабылса (мысалы, тараптардың татуласуына, рақымшылыққа байланысты немесе заңда қарастырылған өзге де негіздер бойынша), жүргізуші бәрібір 8 жылға куәлігінен айырылады.

Егер азамат әлі жүргізуші куәлігін алмаған болса, ол осы мерзім ішінде оны рәсімдей алмайды.

Көлік басқару құқығын қайтару үшін сегіз жылдық мерзім аяқталғаннан кейін медициналық тексеруден өтіп, ЖҚЕ бойынша теориялық емтиханды қайта тапсыру қажет болады.

Заңды өрескел бұзғандар қайта емтихан тапсыруы мүмкін

Енді Жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзған кейбір жүргізушілер теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберілуі мүмкін. Егер жүргізуші қаулы алғаннан кейін 2 ай ішінде дәлелді себепсіз емтиханға келмесе, ол жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.

Алматыда самокаттарға тротуармен жүруге тыйым салынады

25 тамыздан бастап Алматыда жаңа ережелер күшіне енеді.

Енді электрсамокат мінгендерге тротуармен жүруге тыйым салынады. Тек веложолдармен немесе жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен жүруге рұқсат етіледі.

Фото © Tengrinews.kz

Сондай-ақ, кикшеринг қызметтерін кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар кәмелетке толған пайдаланушылар ғана қолдана алады.

Жаңа талаптардың сақталуын полиция мен самокаттарды жалға беру қызметтері техникалық шектеулер арқылы бақылайтын болады.

Жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін жауапкершілік күшейтіледі

20 тамыздан бастап жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі.

Қылмыстық кодекстің 316-бабы "Жануарға қатыгездікпен қарау" бойынша ең жоғары айыппұл көлемі 120-дан 150 АЕК-ке дейін (2026 жылы 648 750 теңге) өседі. Түзеу жұмыстары да осындай мөлшерде тағайындалуы мүмкін. Қоғамдық жұмыстардың ең ұзақ мерзімі 120-дан 150 сағатқа дейін, ал қамаққа алу мерзімі 30-дан 40 тәулікке дейін артады.

Жануардың өліміне әкеп соққан қатыгездік үшін айыппұл көлемі мен негізгі жаза мерзімдері өзгермейді. Алайда белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру мерзімі бір жылдан екі жылға дейін ұзартылады.

Фото ©Тұрар Қазанғапов

Егер қылмыс екі және одан да көп жануарға қатысты, адамдар тобымен, бірнеше рет, жас балалардың көзінше немесе көпшілік алдында, соның ішінде онлайн-платформаларды пайдалану арқылы жасалса, неғұрлым қатаң жаза қарастырылады:

Ең жоғары айыппұл 1 000-нан 2 000 АЕК-ке дейін (2026 жылы 8 650 000 теңге) көбейтіледі. Қоғамдық жұмыстардың мерзімі – 400-ден 800 сағатқа дейін. Бостандығын шектеу немесе айыру – 1 жылдан 3 жылға дейін. Белгілі бір лауазымдарды атқаруға қосымша тыйым салу мерзімі 2 жылдан 5 жылға дейін ұзартылады. Мүгедектікті рәсімдеу ережелері өзгереді

Тамыздан бастап жұбайлары мен жақын туыстары комада жатқан 18 жастан асқан адамға мүгедектікті рәсімдеу үшін жүгіне алады. Бұл үшін бұдан былай науқастың келісімі талап етілмейді. Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге жұбайының немесе жақын туысының өтініші қажет.

Анықтама: Коматоздық күй деп адамның ес-түзсіз жатқан, ағзасының негізгі функциялары бұзылған және тіршілік әрекеті шектелген тұрақты ауыр патологиялық жағдайы түсініледі.

Мұндай жағдайларда мүгедектік бір жылға дейінгі мерзімге белгіленеді. Егер адамның жағдайы ертерек жақсарса, ол қайта куәландыруға жіберілуі мүмкін.

Фото: depositphotos.com

Кедендік тексеру ережелері өзгереді

9 тамыздан бастап Қазақстанда кедендік тексеру ережелері өзгереді. Қаржы министрлігі куәгерлердің қатысу және тексерілетін тұлғалардың қарсылықтарын қарау тәртібін нақтылады.

Енді тек мүдделі емес, кәмелетке толған және іс-әрекетке қабілетті Қазақстан азаматтары куәгер бола алады. Мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ, тексерілетін компанияның қызметкерлері мен құрылтайшылары бұл рөлді атқара алмайды. Көшпелі кедендік тексерулер кезінде кемінде екі куәгер болуға тиіс.

Фото: gov.kz

Бұдан бөлек, мемлекеттік кірістер органдары тексерілетіндерге жазбаша қарсылықтарды қараудың тоқтатыла тұруы және қайта басталуы туралы хабарлауға міндетті болады. Мұны тапсырыс хат арқылы немесе электрон үкімет порталындағы жеке кабинет арқылы жасауға болады.

Алимент арнайы шоттарға аударыла бастайды

25 тамыздан бастап алимент төлеу тәртібі өзгереді. Енді қаражат тек алимент аудару үшін ашылған арнайы банк шоттарға жіберіледі. Мұндай шотты алимент алушы ашып, оның деректемелерін сот орындаушысына хабарлауға тиіс.

Басты жаңалық – арнайы шоттағы ақшаға басқа міндеттемелер бойынша тыйым салуға болмайды. Бұл алименттің тек баланы немесе еңбекке жарамсыз адамды асырап-бағуға жұмсалуына кепілдік береді.

Фото: depositphotos.com

Алушы арнайы шот ашпаса да, төлеуші алимент төлеуге міндетті болып қала береді.

Қазақстанда 450 мың оқушыға ақшалай көмек беріледі

1 тамыздан бастап Қазақстанда отбасыларға балаларды жаңа оқу жылына дайындауға көмек көрсету бойынша жыл сайынғы науқан басталады. "Жалпыға міндетті білім беру" қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы 450 мыңға жуық оқушы қолдау алады.

Мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе керек-жарақтарын сатып алуға жергілікті бюджеттерден шамамен 23 миллиард теңге қарастырылған. Науқан 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Биыл көмектің ең төменгі мөлшері - бір балаға 50 851 теңге. Бұл былтырмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Бұл ретте жекелеген өңірлерде төлем сомасы жоғары болуы мүмкін – бәрі жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне байланысты.

Көмек мына санаттарға қарастырылған:

жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар; атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары; өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар.

Төлемді алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер бала оқитын білім беру ұйымына жүгініп, қажет құжаттарды өткізуге тиіс.

1 тамыздан бастап Астанада ЛРТ үшін жаңа тарифтер енгізіледі

1 тамыздан бастап Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінде кеңейтілген тарифтер жүйесі енгізіледі.

Бір реттік жол жүру құны өзгеріссіз қалады – 200 теңге.

Сондай-ақ, жол жүру тарифтері:

1 күндік – 500 теңге; 3 күндік – 1 500 теңге; 5 күндік – 2 500 теңге; 10 күндік – 4 000 теңге; 15 күндік – 5 000 теңге; 1 ай – 7 500 теңге; 3 ай – 20 000 теңге болады.

Бұдан бөлек, белгіленген сапар саны бар тарифтер қолданысқа енеді:

5 сапар – 900 теңге; 10 сапар – 1 800 теңге; 20 сапар – 3 500 теңге; 30 сапар – 5 000 теңге.

Фото © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова

Анықтама: Тамыздың 15-іне (қоса алғанда) дейін сатып алған жағдайда, тариф айдың аяғына дейін жарамды болады. 15-інен кейін сатып алынса, тарифтің қолданылуы келесі айдың 1-інен басталады. Тариф сатып алынған күнтізбелік ай бойы, яғни 1-інен 30-ына (31-іне) дейін жарамды.

Тарифтерді ЛРТ станцияларындағы кассалардан сатып алуға болады. Олар Tarlan Astana көлік карталарына жүктеледі. Әзірге жаңа тарифтер тек жеңіл рельсті көлік желісінде қолданылады, алайда алдағы уақытта оларды қалалық автобустармен интеграциялау жоспарланып жатыр.

Астана әуежайында тұрақ тарифтері өзгереді

1 тамыздан бастап Астана халықаралық әуежайы автомобильдердің аз уақытқа арналған тұрағының құнын көтереді.

Енді тұрақтың бір сағаты бұрынғы 200 теңгенің орнына 300 теңге болады. Сонымен қатар, әуежай көліктерді ұзақ уақыт сақтауға арналған қосымша тұрақ аймақтарын дайындап жатыр, онда тариф сағатына 100 теңге болмақ.

Астана әуежайы баспасөз қызметінің фотосы

Бұл ретте 100 орындық тегін тұрақ жұмысын жалғастырады. Азаматтардың жекелеген санаттары үшін жеңілдіктер сақталады.

Анықтама: I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, сондай-ақ, Семей ядролық полигонындағы сынақтардан зардап шеккен азаматтар тұрақ ақысын төлеуден босатылады.

Смартфондарды сату ережелері өзгереді

20 тамыздан бастап смартфондарды сату кезіндегі жаңа талаптар күшіне енеді.

Енді сатушы сатып алу алдында құрылғыны тексеру үшін сатып алушыға оның IMEI-кодын көрсетуге міндетті. Бұдан бөлек, сатушылар смартфонның міндетті верификациядан өткеніне, бұғатталмағанына және ешқандай шектеулері жоғына көз жеткізуге тиіс.

Бұл талаптар кәдімгі дүкендерге де, маркетплейстерге де қатысты болады.

Фото: depositphotos.com

Егер сатып алғаннан кейін смартфонның міндетті верификациядан өтпегені анықталса, ол тиісті сапасы жоқ тауар деп танылады. Бұл жағдайда сатып алушы құрылғыны ауыстыруды, ақшаны қайтаруды, кемшіліктерді тегін жоюды, тауардың бағасын түсіруді немесе жөндеу шығындарын өтеуді талап ете алады.

IMEI-кодты телефонда *#06# пәрменін теру арқылы білуге болады. Сондай-ақ, код мына жерлерде көрсетіледі:

құрылғының параметрлерінде; қорабында; кепілдік талонында; кейде – корпуста немесе аккумулятордың астында.

Егер смартфон екі SIM-картаны немесе eSIM-ді қолдайтын болса, оның бірнеше IMEI коды болуы мүмкін. Олардың әрқайсысын тексеру қажет.

Құрылғының мәртебесін eGov Mobile, gov.kz порталы және Мемлекеттік радиожиілік қызметі жетекшілік ететін imei.rfs.gov.kz сервисі арқылы тексеруге болады. Жүйе кодтың тіркелген-тіркелмегенін және құрылғыны Қазақстанда пайдалануға рұқсат етілген-етілмегенін көрсетеді.

Елена Рыбакина кортқа оралады

Тамызда Қазақстанның үздік теннисшісі әрі әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина жарыстарға қайта оралады.

Қазақстандық спортшы маусымды Торонтода өтетін WTA 1000 санатындағы турнирде жалғастырады, ол 2 тамыз басталады. Кейін ол 13 тамызда басталатын Цинциннатидегі "мыңдық" турнирде өнер көрсетеді.

Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Жазғы серия Нью-Йоркте 30 тамыз басталатын АҚШ ашық чемпионатымен (US Open) аяқталады. Маусымның қорытынды "Үлкен дулыға" турнирінде Рыбакина тағы да чемпиондық атақ үшін бақ сынайды.

Тамыздағы демалыс күндері

2026 жылы тамыздағы өндірістік күнтізбе өзгеріп, қазақстандықтарда қосымша мерекелік демалыс болмайды. Бұл Конституция күнінің 30 тамыздан 15 наурызға ауысуына байланысты.

Аптасына бес күн жұмыс істейтіндер тамызда 21 жұмыс күн жұмыс істеп, 10 күн демалады, ал алты күн жұмыс істейтіндер 26 күн жұмыс істеп, 5 күн демалады.

Фото: depositphotos.com. Иллюстрация: Tengrinews.kz / Жандарбек Манарбеков

Тамызһда Қазақстанда бірнеше кәсіби және атаулы күндер:

тамыздың бірінші жексенбісі – Теміржол көлігі қызметкерлерінің күні; 10 тамыз – Абай күні; тамыздың екінші жексенбісі – Құрылысшылар күні; тамыздың үшінші жексенбісі – Спорт күні; 18 тамыз – Шекарашылар күні; 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні; тамыздың соңғы жексенбісі – Шахтёрлер күні.

Бұл күндер ресми демалыс болып саналмаса да, елімізде осы даталарға орай дәстүрлі түрде іс-шаралар, концерттер, көрмелер мен салтанатты жиындар өткізіледі.

Канье Уэст Алматыда концерт береді

14 тамызда Алматының Орталық стадионында Ye есімімен де танымал америкалық рэпер Канье Уэстің концерті өтеді.

Концерт әртістің әлемдік туры аясында ұйымдастырылады. 2026 жылы Ye Мексикада өнер көрсетіп, Еуропа мен Азиядағы стадиондық шоулар сериясын жариялаған болатын.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

yerelated (@yerelated) жариялаған жазба

Концерттің анонсы ұйымдастырушылар мен Орталық стадионда өз матчтерін өткізетін "Қайрат" футбол клубы арасында дау тудырды. Клуб өкілдері Қазақстан Премьер-лигасының күнтізбесіне сәйкес, "Қайрат" 8 және 15 тамызда өз алаңында чемпионат ойындарын өткізуге тиіс екенін, сондай-ақ, 11-13 тамыз аралығында еурокубоктардың үшінші іріктеу кезеңінің матчі өтуі мүмкін екенін ескертті.

Нәтижесінде еурокубоктардың үшінші іріктеу кезеңінің ықтимал матчі Түркістанға ауыстырылды, ал концерт бұрын жарияланған күні өтетін болды.

Скриншот: tour.yeezy.com

Бұл Канье Уэстің Алматыдағы алғашқы ауқымды концерті болмақ.

Тамызға арналған ауа райы болжамы

"Қазгидромет" болжамына сәйкес, тамыздың алғашқы үш күнінде Қазақстанның басым бөлігінде аптап ыстық сақталады. Елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, шығысында және орталығында температура 35-40 градусқа дейін көтеріледі.

Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Тамыздың басындағы аптап ыстыққа қарамастан, бірқатар өңірлерде температура біртіндеп төмендей бастайды. Қазақстанның солтүстігінде термометр бағаны 25-35 градустан 20-28 градусқа дейін төмендеп, бірінші онкүндіктің аяғына қарай қайтадан 30-38 градусқа дейін көтеріледі. Оңтүстікте ыстық 39-44 градустан 29-36 градусқа дейін бәсеңдейді.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью