10 жылда 11,5 млн адамға қолдау: Болат Жәмішев Samruk Kazyna Trust қорының есебіне күмән келтірді

09.02.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Қордың бас директоры Альфия Адиева жыл сайын орта есеппен 30-50 әлеуметтік жоба іске қосылып, 1 миллион 150 мың адамды қамтып отырғанын айтқан.

«Самұрық-Қазына» қорының қоғамдық кеңес мүшесі Олжас Байділдинов әлеуметтік жобалардың ауқымын бұлай есептеу шынайылығына күмән келтірді.

- Таныстырылымда әлеуметтік жобалар арқылы 11,5 млн адам қамтылған деп тұр. Осы сан назарымды аударған соң, сайттарыңызға кіріп, қалай есептейтіндеріңізді шамалап түсіндім. Мысалы, Жаңаөзенде кітапхана ашылыпты. Осы кітапхана арқылы 15 мыңнан астам адамды қамтитындарыңызды жазып қойыпсыздар. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Жаңаөзенде 152-158 мың адам тұрады екен. Оның кемінде 60 мыңы бала десек, оның үштен бір бөлігі әріп танымайды, кітапханаға бара алмайды деген сөз. Осыдан-ақ 11,5 млн адам деген сан қолдан өсірілген. Сіздердің есептеріңізге сенсек, әрбір екінші қазақстандық «Samruk-Kazyna Trust» қорының игілігін көрген болып шығады. 11,5 млн қазақстандықтың әрбіріне 10 мың теңгеден жұмсалған болып тұр. Бұл дұрыс емес, қайта есептеу керек деп ойлаймын, - деді сарапшы.

Бұл ескертуді қоғамдық кеңес төрағасы Болат Жәмішев те қолдады.

- Кеңеске әдемілеп есеп беруді көздегендеріңіз көрініп тұр. Бірақ ең әдемі есеп – айқын әрі нақты есеп. Сіздердің есептеріңізді нақтылығына ескерту бар. Жаңағы айтқан 11,5 млн адам соған мысал бола алады. Есептеу әдістемелеріңіз түсініксіз. Осы тәсілмен есептей берсеңіздер, енді бір 20 жылдан кейін әлеуметтік жобалармен қамтыған адамдарыңыздың саны Қазақстан халқының санынан асып түсетін түрі бар. Қорларыңыздың жұмысы әсірелеп көрсетуге мұқтаж емес. Істеп жатқан жұмыстарыңыздың нақты есебін берсеңіздер жетіп жатыр. Сандарды «құлағынан тартып көрсетудің» еш қажеті жоқ, - деді Болат Жәмішев.

Сондай-ақ, Альфия Адиева 10 жылдың ішінде «Samruk-Kazyna Trust» қаржысына 274 әлеуметтік нысан іске қосылғанын айтты.

- Олардың қатарында 19 спорт кешені мен 160-тан аса ойын алаңы, 55 оңалту орталығы, инклюзияны қолдау кабинеттері, музейлер мен кітапханалар, белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары мен креативті хабтар бар. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірлік әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына серпін берді, - деді ол.

Ал адам капиталын дамытуға бағытталған 434 жоба қолға алынған.

- Қор 2020 жылдан бастап өңірлерде оңалту орталықтарын аша бастады. 5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған алғашқы «Қамқорлық» орталықтары Қостанай, Атырау, Батыс Қазақстан өңірлерінде іске қосылды. Бүгінде олардың саны 18-ге жетті. 3 айдан 3 жасқа дейінгі балаларға арналған 21 ерте араласу орталығы ашылды.

Қор 2023 жылы аутизмі бар балаларға арналған алғашқы орталықтарды ашып, жобаға «Қазақстан халқына» қорын серіктес ретінде тартты.

Инклюзия бағыты бойынша соңғы төрт жылдағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде жыл сайын 21 800 баланы оңалтумен қамтып, 4 200 баланың әлеуметтенуіне және 2 000 баланың инклюзивті білім алуына жол ашып отыр, - деді қордың бас директоры.

Айта кетейік, «Самұрық-Қазынаға» қаңтардың соңына дейін үш қалада ЖЭО салу мәселесін шешу міндеттелді.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью