12 сағат күттім қазақстандықтар Қазақстанның ЖОО ларындағы кезектерге шағымданды

30.08.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Магистратураға түсушілер әлеуметтік желілерде Қазақстанның кейбір жоғары оқу орындарында құжат тапсыру кезінде бірнеше сағат кезек күтуге тура келгеніне шағымданды. Tengri Edu университеттердің баспасөз қызметінен жағдайдың мән-жайын анықтады.

"Кезегімді 12 сағаттай күттім"

Әлеуметтік желінің танымал қолданушыларының бірі қарындасының Satbayev University-ге екінші күн қатарынан құжат тапсыра алмай жүргенін жазды. Оның сөзінше, бірінші күні қабылдауға кіре алмаған. Ал келесі күні кезек күту уақыты 12 сағатқа жуық созылған.

Желі қолданушысы "университет неге талапкерлердің көп ағынына алдын ала дайындалмаған?" деген сұрақ қойды.

Пікір қалдырғандар Satbayev University-ге құжат тапсыру тәжірибелерінің әртүрлі болғанын жазған. Кейбірі ұзақ уақыт күткенін айтса, енді бірі құжаттарын тез өткізгенін жеткізген. Бір қолданушы қабылдау рәсімінен бір сағатта өткенін жазса, тағы бірі құжаттарын 30 минутта тапсырып шыққанын мәлімдеген.

Осындай кезек ЕҰУ-да да болды ма?

Әлеуметтік желілерде Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистратурасына құжат қабылдау кезіндегі кезекке қатысты да осындай шағым жарияланды.

Жазба авторы құжат тапсыруға таңертең келгенін, алайда кешке дейін кезектің баяу жылжығанын жазған. Оның сөзінше, талапкерлерді түнгі сағат бірге дейін қабылдаған.

"Ішке кіргенде тағы бір ұзын-сонар кезекті көрдік. Өзімізбен бірге әкелген барлық құжатты сканерлеп, Platonus жүйесіне жүктеу керек екені белгілі болды", – делінген жарияланымда.

Қолданушы бұл талап туралы алдын ала ескертілмегеніне наразылық білдірген.

Satbayev University не деп жауап берді?

Satbayev University қабылдау комиссиясына түсетін жүктеменің артқанын растады. Жоғары оқу орны қолданыстағы ережелер бойынша магистратураға құжат тапсыру мен қабылдауға небәрі үш күн – 25 тамыздан 28 тамызға дейін уақыт бөлінгенін түсіндірді.

"Биыл Satbayev University-ге түскен магистранттар мен докторанттардың саны өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Бұл қабылдау комиссиясының техникалық қызметкерлеріне бір мезетте үлкен жүктеме түсірді. Магистратураға оқуға өтінім беру рәсімі талапкердің жеке қатысуын және құжаттардың түпнұсқасын ұсынуды талап етеді. Ал оларды тексеру әр талапкерге қосымша уақытты қажет етеді", – деп хабарлады университеттен.

Университет мәліметінше, қабылдау комиссиясы үзіліссіз жұмыс істеп, құжаттарды "соңғы талапкерге дейін" қабылдаған.

Жоғары оқу орны құжаттарды өңдеу үшін қосымша техникалық хатшылар мен мамандар тартылғанын да мәлімдеді. Сонымен қатар тіркеу терезелерінің жұмыс тәртібі өзгертілген.

ЕҰУ не деп жауап берді?

ЕҰУ да магистратураға түсушілер санының көп болғанын растады. Университет құжаттар Platonus жүйесі арқылы қабылданатынын түсіндірді.

Анықтама: Алдымен үміткер қабылдау комиссиясы ғимаратында кезекке тіркеледі. Егер оның Platonus жүйесінде тіркеуі болмаса, өзіне-өзі қызмет көрсету залына жіберіледі. Тіркелгеннен кейін талапкер талон алып, құжаттардың түпнұсқасын техникалық хатшыға тапсырады.

Жоғары оқу орны құжат қабылдауға барлық техникалық хатшылар жұмылдырылғанын атап өтті.

"Биыл магистратураға бөлінген білім беру гранттарының саны айтарлықтай жоғары болды – 1 825 грант. Сонымен қатар ақылы негізде оқуға ниет білдірген үміткерлер де аз емес", – деп хабарлады ЕҰУ-дан.

Университет өкілдерінің айтуынша, грант конкурсының нәтижелері 24 тамызда жарияланғанымен, грант куәлігін Ұлттық тестілеу орталығының базасынан тек 25 тамызда жүктеу мүмкін болған. Дәл осы күні бакалавриатқа құжат қабылдау мерзімі де аяқталған.

"Қабылдау комиссиясына жүгінген талапкерлердің саны күткеннен әлдеқайда көп болды. Осыған байланысты магистратураға құжат қабылдаудың алғашқы күнінен-ақ талапкерлердің өте жоғары ағыны тіркелді", – деп түсіндірді университеттен.

ЕҰУ талапкерлер санының көп болуына байланысты құжат қабылдау жұмыс күні аяқталғаннан кейін де жалғасқанын мәлімдеді.

Бұған дейін 2026–2027 оқу жылына арналған магистратура бойынша мемлекеттік білім беру гранттары конкурсының нәтижелері жарияланған болатын. Ғылым және жоғары білім министрлігі грант иегерлерінің тізімін жариялады.

Биыл магистратура гранттары конкурсына қатысуға 23 мыңға жуық өтініш түсті. Ал жаңа оқу жылына магистратураға 11 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінген.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью