Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Өзбекстанның лимон экспортының негізгі алушылары Қазақстан мен Ресей – ӨзА
Фото: uza.uz
Өзбекстан 2025 жылдың қаңтар–қараша айларында 11 шет мемлекетке жалпы құны 5,4 млн АҚШ долларын құрайтын 3,8 мың тонна лимон экспорттады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 764 тоннаға немесе 25 пайызға артқан.
Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.
Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, аталған кезеңде Өзбекстан Қазақстанға ең көп жеткізген лимон жеткізген (1 827 тонна) ел болып отыр. Екінші ірі сатып алушы ретінде Ресей тіркелген – 1 740 тонна. Осылайша, экспорттың негізгі бөлігі дәл осы екі нарықтың үлесіне тиесілі болды.
Сонымен қатар, Қырғызстанға 236,5 тонна лимон экспортталған. Беларуське – 4,7 тонна, Біріккен Араб Әмірліктеріне – 3,8 тонна, ал басқа елдерге 3,9 тонна лимон жеткізілді.
Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, Өзбекстан лимон экспортының географиясын кезең-кезеңімен кеңейтіп келе жатқанымен, негізгі сатып алушылар ретінде Қазақстан мен Ресей көшбасшылық орнын сақтап отыр.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария өзенінде автоматтандырылған гидробекет орнату жобасын бастамақ» деген тақырыпта ақпарат жарияланды.
Фото: uza.uz
Өзбекстандық басылымның ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, жоба аясында Қазақстан мен Өзбекстан аумағында бес-бестен нысан салынады.
Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен әзірленген бұл жоба трансшекаралық суды бөлудің ашықтығы мен дәлдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта GIZ осы жоба бойынша техникалық тапсырманы әзірлеуді аяқтаған.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, былтыр екі мемлекет басшыларының қатысуымен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған. Бұл құжат көпжылдық жұмыстың нәтижесі болды, соның арқасында трансшекаралық суды басқарудың келісілген тәсілдерін әзірлеу мүмкін болды. Сондықтан аталған келісімнің қабылдануы тарихи маңызға ие оқиға. Келісім Орталық Азиядағы су дипломатиясын дамытуға елеулі үлес қосады және болашақтағы өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын нақты айқындайды.
Көктоғайдың Тұрғын ауылында ауа температурасы –50°C-қа жақындады – CNR
18 қаңтарда Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Алтай аймағы, Көктоғай ауданына қарасты Тұрғын ауылында ауа температурасы –47,4°C-қа дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш – өңірде осы қыс маусымында тіркелген ең төменгі температура, деп хабарлайды Қытайдың Орталық халық радиосы.
Фото: ts.cn
Алтай аймақтық метеорологиялық станцияның мәліметінше, ең төменгі температура 18 қаңтар күні таңертең тіркелген. Алайда –47,4°C ауыл үшін тарихи рекорд емес. Ең төменгі көрсеткіш 2024 жылғы 18 ақпанда –52,3°C болған. Бұл -52,3℃ Шыңжаңда тіркелген ең төменгі температура рекордын жаңартқан.
Айта кетейік, аталған жағдайға байланысты жергілікті билік төтенше шаралар қабылдап, жылумен қамту, жол қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығын қорғау жұмыстарын күшейткен.
13 түрлі азық-түлікті тікелей эфирде сатуға тыйым салынады – Harajorga
Фото: fialan.ua
Қытайда тікелей эфир арқылы сатуға (live-commerce) 13 түрлі азық-түлікке тыйым салынды. Бұл туралы 16 қаңтарда «Тікелей эфирде саудамен айналысатын субъектілердің азық-түлік қауіпсіздігіне жауапкершілігін бақылау туралы ереже» жарияланды. Құжат 20 наурыздан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Harajorga басылымы.
Бақылау органдарының мәліметінше, тексеріс барысында тұтынушылар тарапынан ең көп шағым түскен негізгі мәселелер – жарамсыз және мерзімі өткен өнімдердің сатылуы, жалған жарнама мен асыра мақтау, сондай-ақ өнім туралы жалған немесе шатастыратын ақпараттың берілуі.
Қытайлық БАҚ-тың хабарлауынша, 13 түрлі азық-түлікті тікелей эфир арқылы сатуға тыйым салынады. Жаңа ережеге сәйкес, тікелей эфирде улы және зиянды заттар қосылған, микробтар мен ауыр металдар мөлшері нормадан асқан, мерзімі өткен немесе бұзылған азық-түліктердің саудасын жасауға болмайды. Сонымен қатар ауру немесе карантин талаптарына сай келмейтін мал мен құс етін, сондай-ақ таңбаланбаған және заңмен тыйым салынған өнімдерді сатуға қатаң тыйым салынады.
- Билік бұл шаралар халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтті, деп түйіндейді Harajorga.
Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасы Бейжіңде таныстырылды – «Халық газеті»
Фото: kaz.people.cn
2026 жылғы 10 қаңтар күні «Qazaq-Oner Ұлттық қауымдастығы» Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің және Қазақстанның Бейжіңдегі мәдениет орталығының қолдауымен материалдық емес мәдени мұраны сақтау, насихаттау және мәдениетаралық коммуникацияны дамыту мәселелеріне арналған халықаралық семинар ұйымдастырды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі жазды, деп хабарлайды «Халық газеті».
Аталған БАҚ-тың дерегінше, Қазақ тарапынан семинарға «Qazaq-Oner Ұлттық қауымдастығының» президенті, Қазақстандағы «IOV World» өкілі Айгүл Жансерікова, ҚР Халық әртісі Айгүл Құсанова, өнер және мәдениет қайраткерлері, дәстүрлі музыка және сәндік-қолданбалы өнер саласындағы мамандар қатысқан.
Сонымен қатар, семинар барысында қазақ халқының музыкалық мұрасына, орындаушылық өнердің дәстүрлі түрлеріне, сондай-ақ мәдени дәстүрлерді сақтау мен тапсырудың заманауи тәсілдеріне арналған баяндамалар мен презентациялар ұсынылды.
Сондай-ақ осы аптада «Халық газеті» басылымында «Қытай әлемдегі ең ірі электр көліктерін зарядтау желісін құрды» деген ақпарат жарық көрді.
Фото: kaz.people.cn
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, 2026 жылы 21 қаңтар күні Ұлттық энергетика басқармасы Қытай елі әлемдегі ең ірі электр көліктерін зарядтау желісін құрғанын, оның 40 миллионнан астам жаңа энергия көліктерінің зарядталуын қанағаттандыра алатынын жариялаған.
Келтірілген деректерге сүйенсек, 2025 жылдың соңына дейін бүкіл ел бойынша зарядтау инфрақұрылымының жалпы саны 20,092 миллионды құраған. Бір қоғамдық зарядтау тірегінің орташа қуаты 46,5 киловаттқа жетіп, сәйкес мезгілмен салыстырғанда 33%-ға артқан.
Айта кетейік, бүкіл ел бойынша тасжол қызмет көрсету аймақтарында барлығы 71 500 зарядтау станциясы салынып, қамту деңгейі 98%-дан асты. Ал зарядтау қондырғылары 19 өлкелік әкімшілік аймақтағы ауыл-қалашықтарды толығымен қамтыған.
Иранның Еуразиямен саудасы өсіп, Қытайдың экспорты рекордтық көрсеткішке жетті - ParsToday
Фото: parstoday.ir
Иранның Еуразия экономикалық одағымен саудасы осы жылдың алғашқы сегіз айында 16 пайызға өсті, ал еркін сауда туралы келісімнің жүзеге асырылуымен екі тараптың саудасының басым бөлігі нөлдік тарифтермен жасалды, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі.
Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Иранның Сауданы дамыту ұйымының басшысы Мұхаммад Әли Дехган Дехнави Еуразия экономикалық одағымен және Халықаралық Еуразия көрмесімен сауда үйлестіру отырысында Иранның Еуразия экономикалық одағына мүше елдермен сауда көлемі осы жылдың (1404) алғашқы сегіз айында 16 пайызға өскенін мәлімдеді.
Дехган Дехнавидың айтуынша, 15 мамырда күшіне енуге дайын болған еркін сауда туралы келісім Иран мен Еуразия арасындағы сауданың 87 пайызын нөлдік тарифтерге жатқызды. Осы одақпен саудадағы бос қуаттарға тоқтала отырып, ол тек Ресеймен саудада 12 миллиард доллар пайдаланылмаған қуат бар екенін атап өтті.
Сонымен бұл жазбада Қытайдың экспорты туралы да тоқталған. Келтірілген деректерге сүйенсек, Қытайдың экспорты 2025 жылы бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен.
Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Қытайдың кедендік деректері Трамп үкіметі енгізген тарифтерге қарамастан, елдің 2025 жылы сыртқы саудада жаңа рекордтық деңгейге жеткенін көрсетті. Қытайдың экспорты желтоқсанда өткен жылмен салыстырғанда 6,6 пайызға, ал импорт 5,7 пайызға өскен. Қытайдың Америка Құрама Штаттарына экспорты 2025 жылы 20 пайызға төмендеді, бірақ Африкаға экспорт 25,8 пайызға, АСЕАН елдеріне экспорт 13,4 пайызға өсті. Еуропалық Одаққа экспорт та 8,4 пайызға өскен.
TRT-мен бірлесіп түсірілген фильм «Оскар» тізіміне енді - TRT
Фото: trtkazakh.com
TRT-мен бірлесіп түсірілген «Palestine 36» («Палестина 36») фильмі 98-ші Академия сыйлығында «Ең үздік халықаралық толықметражды фильм» номинациясының қысқа тізіміне енді. Бұл – палестиналық кино және аймақтық киноөндіріс үшін маңызды жетістік, деп хабарлады Түркия Радио Телевизия порталы.
- TRT бас директоры Захид Собаджы «X» желісінде бұл жаңалықты хабарлап, «Киноның күші арқылы Палестина тарихын ашып көрсететін оқиғаны әлемге жеткізіп отырғанымызды мақтан тұтамыз», - деп жазған.
«TRT»-ның дерегінше, палестиналық режиссер Аннемари Жасир түсірген «Палестина 36» фильмі 1936 жылы британдық басқаруға қарсы болған араб көтерілісін қайта бейнелейді. Картина жерінен айырылудың алғашқы белгілері аясында палестиналық жұмысшылар мен көтерілісшілердің өмірін баяндайды.
- Британ-ливандық продюсер Сауссан Асфари түсірген бұл тарихи драма кең көлемді зерттеулер мен мұрағат материалдарына негізделген. Фильм бүгін Израиль оккупациясында тұрған аумақтарда бір кездері болған палестиналық университеттерді, мекемелерді және қауымдастықтарға назар аударады, - деп жазды түркиялық БАҚ.