15 сәуір. Жылнама

15.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Ұлттық ғашықтар күні

Қазақстан ғашықтары «Ұлттық ғашықтар күні» мерекесін көп жылдан бері тойлап келеді. Ол 2011 жылы 14 ақпан — Әулие Валентин күніне балама ретінде пайда болды. Мереке Қозы-Көрпеш есімді жігіт пен Баян сұлу қыздың қайғылы махаббатын баяндайтын қазақ аңызының кейіпкерлеріне арналған.

Дүниежүзілік өнер күні

Халықаралық өнер қауымдастығы (IAA) белгілеп, бірінші рет 2012 жылы аталып өтті. Бейнелеу өнерінің барлық түріне арналған халықаралық күнді атап өту идеясы алғаш рет Мексиканың Гвадалахара қаласында өткен Халықаралық өнер қауымдастығының 17-ші Бас ассамблеясында айтылды. Оны Түркия өкілі ұсынып, Франция, Қытай, Кипр, Швеция, Жапония, Словакия, Маврикия және Норвегия елдерінің делегаттары қолдады.

15 сәуір күнінің таңдалған себебі, бұл – атақты итальяндық суретші Леонардо да Винчи дүниеге келген күн (1452 жыл).

Халықаралық мәдениет күні

1935 жылдың 15 сәуірінде көркем және ғылыми мекемелер мен тарихи ескерткіштерді қорғау туралы халықаралық келісім – Рерих Пахтісінің қабылдануына орай құрылды. 15 сәуір күні Халықаралық мәдениет күнін белгілеу туралы ұсынысты 1998 жылы Мәдениетті қорғау халықаралық лигасы жасады.

Экологиялық білім күні

Әдетте әр елдегі ұлттық табиғатты қорғау ұйымдарының бастамасымен аталып өтеді. Бұл мерекенің тарихы 1992 жылы, БҰҰ-ның Рио-де-Жанейро қаласында Қоршаған орта проблемаларын талқылау бойынша конференциясы өткен кезден бастау алады.

Экологиялық білім күнін өткізудің негізгі мақсаты – экологиялық білімді ілгерілетіп, Жер шары тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыру, жас ұрпақтың бойында табиғат және оның қорларына құрмет сезімін тәрбиелеу.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1925 жылы Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) қаласында Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің V съезі өтті. 15-19 сәуір аралығында өткен съезде Ахмет Байтұрсынұлының халыққа өзінің тарихи «қазақ» атын қайтару жөніндегі ұсынысы қаралып, қолдау тапты.

– Қырғыз басқа, қазақ басқа екенін қазақ баласы тегіс білсе де, бұл күнге шейін ештеңе демей, тымақтары салпиып келеді. Оны өткен замандардың ағымдары көтерсе де, қазіргі күнде ұлт атын жасыруды, ұлт тарихы ондай жаңсақтықты көтермейді, – деп сөйлеген екен Ахмет Байтұрсынұлы.

Осылайша, Ахмет Байтұрсынұлының дәл осы күнгі ұлт алдындағы тағы бір ұлы еңбегі – қазақты қайтадан қазақ атандырып бергені болды.

1993 жылы Брюссель қаласында Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі елшілігі ашылды.

2005 жылы Лондонда Қазақстан Республикасы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ның Ұлыбританиядағы өкілдігі ресми ашылды.

2008 жылы тарихта алғаш рет «Шоқан Уәлиханов» атындағы қазақстандық яхта Атлант мұхитымен жүзіп өтті. Яхта командасы үш апта ішінде жер шарын шарлап шықты.

Қазақстандықтар мұхит арқылы өтуді 2008 жылғы наурыздың 25-інде Канар аралдарынан бастады. Орталық Азия Жағрафия қоғамының кеңсесіне сәуірдің 15-інде қазақстандық кеме Барбадос жағалауына келгенде жорықтың аяқталғаны туралы хабарлама берілді. Экипаждың барлық төрт адамы да ІІІ дәрежелі Поляр жұлдызы сыйлығына ұсынылды.

2010 жылы Алматыда «Қазпошта» АҚ Жеңістің 65 жылдығына арналған пошта маркасын айналымға шығарды. Маркада «Мәңгі алаудың» аясында Мәскеу қаласын қорғау кезінде соғыста ерлік көрсеткен 28 панфиловшыларға арналған саябақтағы Даңқ мемориалы бейнеленген. Марканың номиналы – 32 теңге. Суретшісі – Данияр Мұхамеджанов.

2016 жылы Астанада «Жібек жолы» раллиінің ресми өкілдігі ашылды. Мұндай офистер Мәскеуде, Парижде, Бейжіңде бар.

2017 жылы Ақтаудағы «Қазтеңізтрансфлот» компаниясының ғимаратында Литва өкілдігі ашылды. Литва Республикасының Маңғыстау облысындағы құрметті консулы лауазымына Марат Орманов тағайындалды.

2018 жылы Қазақстан алғаш рет Лондон кітап жәрмеңкесіне қатысты. Онда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, сондай-ақ қазақ әдебиетінің классиктері – Мұхтар Әуезовтің, Оралхан Бөкейдің, Герольд Бельгердің шығармалары таныстырылды. Ұсынылған шығармалардың барлығын британиялық аудармашы Саймон Гейган ағылшын тіліне аударды.

2019 жылы Бейжіңде China Outbound Travel & Tourism Market (COTTM) дәстүрлі ірі көрмесінде Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды. Қытаймен жұмыс істейтін 11 қазақстандық туристік оператор аумағы 60 шаршы метр павильонда көрме қатысушыларын қабылдап, Қазақстан Республикасы, оның туристік бағдарлары, өнімдері туралы ақпарат берді.

2021 жылы Жапонияда қазақтар қауымдастығы құрылды. Жапонияда алғаш рет құрылған қоғамдық ұйымның мақсаты – осы елде тұратын Қазақстанның азаматтары мен қандастарды біріктіру және өзара қолдау көрсету. Өзара ынтымақтастықты орнату, мәдени-гуманитарлық жобаларды іске асыру және ақпараттық қолдау қауымдастық қызметінің негізгі бағыттары ретінде айқындалған.

2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар және балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды.

2025 жылы Қазақстанда теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары басталды. 121 теміржол станциясы және төрт жолаушылар платформасы жаңартылады, соның ішінде танымал туристік орындарда орналасқандары да бар. Ғимараттар қалпына келтіріліп, жаңартылады, сондай-ақ коммуналдық жүйе ауыстырылады. Бұл өткізу қабілетін арттырып, заманауи күту залдары, жоғары жылдамдықты интернет, ақпараттық жүйелер және қосымша қызметтер пайда болады.

2025 жылы ҚР Президенті дене шынықтыру мен спортты дамыту туралы заңға қол қойды. Жаңа заң реттеуді жеңілдетеді және басым спорт түрлерін, соның ішінде олимпиадалық және ұлттық спорт түрлерін қолдауды күшейтеді. Заң басым және элиталық спорт түрлерін анықтайды, федерацияның жаңа аккредиттеу ережелерін енгізеді, шетелдік спортшыларды бюджеттік қаржыландыруға тыйым салады, ұлттық жаттығу стандарттарын енгізеді және допингке қарсы шараларды күшейтеді.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью