Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Бұл іс-шара ғылым мен білім саласындағы үздік жетістіктерді бағалау, кәсіби шеберлікті ынталандыру және интеллектуалдық әлеуетті арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағы еліміздің әр өңірінен іріктелген 150 оқытушыға табысталды. Конкурс барысында қатысушылардың кәсіби қызметі жан-жақты бағаланды. Нақтырақ айтсақ, электрондық білім беру ресурстары мен оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық ғылыми журналдардағы жарияланымдар, патенттер, сондай-ақ оқытушылардың өзге де ғылыми-зерттеу нәтижелері негізгі көрсеткіштер қатарында болды. Сонымен бірге оқытудың сапасына, үміткерлердің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі үшін білікті кадрлар даярлауға қосқан үлесіне ерекше назар аударылды.
Еліміздің ғылымы мен білімін дамытуға өлшеусіз үлес қосып жүрген үздік ғалымдар мен оқытушылардың еңбегі кеңінен ұлықталды. Бұл — олардың көпжылдық қажырлы еңбегіне, кәсіби адалдығына берілген жоғары баға.
Аталған марапат иегерлерінің бірі — Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Компьютерлік ғылымдар» білім беру бағдарламасының жетекшісі Нұрбек Қоңырбаев. Ол өз сөзінде бұл марапаттың өзі үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік екенін атап өтті.
— 2025 жылғы жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын көп жылғы табанды еңбектің нәтижесі деп есептеймін. Бұл марапат — министрлік тарапынан жоғары оқу орындары оқытушыларының кәсібилігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты көрінісі. Осындай мүмкіндік үшін барша ұйымдастырушыларға шынайы алғысымды білдіремін, — деді ол.
«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсының жеңімпаздары қатарында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің қауымдастырылған профессоры Алия Маусымбаева да бар. Ол аталған атаққа ие болуын өзінің ғылыми-зерттеу және педагогикалық қызметімен байланыстыратынын жеткізді.
— Бұл — менің ғылыми еңбегімнің, ғылыми қызметімнің нәтижесі ғана емес, сонымен қатар әріптестеріміздің, бүкіл ұжымның және отбасымыздың қолдауының жемісі. Аталған атақ біздің ғылым мен білім беру саласындағы жетістіктерімізге берілген әділ баға деп санаймын, — деді Алия Маусымбаева.
Сондай-ақ Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры Мақсат Кембаев та үздік оқытушылар қатарынан көрінді.
— Мемлекет тарапынан еңбегіміздің бағаланып, осындай жоғары марапатқа ие болып отырғаныма өте қуаныштымын. Алдағы уақытта да еліміздің дамуы мен экономикасының өркендеуі жолында аянбай еңбек ете береміз. Бұл марапат бізге қосымша мотивация береді. Барлық әріптестерімді бүгінгі жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймын, — деді ол.
Айта кетейік, Қазақстан Орталық Азияда Токио конвенциясын ратификациялаған алғашқы ел атанды.