Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Сурет: kaz.kazlenta.kz
Жұмыспен қамтудағы негізгі бағыттардың бірі – субсидияланатын жұмыс орындары. Қазір мұндай жұмыс орындарына 50,6 мың адам жолданған. Оның ішінде 37,6 мың адам қоғамдық жұмыстарға, 5,4 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 2,7 мың маман жастар практикасына, 4,9 мың адам «Күміс жас» жобасы аясында жұмысқа орналасқан. Онлайн оқумен 31,7 мың жұмыссыз азамат қамтылса, оның ішінде 25,1 мың адам оқу курсын аяқтаған.
Халықтың кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға ықпал еткен «Бастау бизнес» жобасы да үйлесімді жалғасып келеді. Жыл басынан бері 16,9 мың адам кәсіпкерлік негіздерін оқып, 7,3 мың азамат оқуын сәтті аяқтаған. Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің сұранысына сай кадр даярлау мақсатында 2 119 адам кәсіптік оқуға жіберілген. Бұл қадам өңірлерде еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, кәсіпорындарды қажетті мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мансап орталықтарының ұйымдастыруымен 142,8 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдар беру, консультациялық қызметтер алған. Бұл қызметтер жастардың мамандықты саналы таңдауына, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал етеді.
Ел азаматтарын жұмысқа орналастыру бірнеше бағытта іске асады. Ал олардың нақты жұмыспен қамтылғаны туралы ақпарат ойдан алынбайды, міндетті зейнетақы жарналарының аударылуымен расталады. Бүгінге дейін жұмыспен қамтылған 140,8 мың адамның шамамен 50,6 мыңы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің іс-шараларына тартылған. 48,3 мың адам Электрондық еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындарына орналасқан. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 40 мың адам жұмыс тапса, 1,9 мың адам орталық мемлекеттік органдар іске асырып жатқан жобалардың игілігін көрген.
Тағы бір маңызды ақпарат – жылдағыдай биыл да әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың жаңа бизнес бастамаларын қолдауға грант қарастырылған. Жоба аясында 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде, яғни 1 730 000 теңге көлемінде 9 мың мемлекеттік грант беру көзделіпті. Егер жоспар жыл соңына дейін ойдағыдай орындалса, келер жылға дейін осал санаттағы азаматтардың әлеуметтік жағдайы біршама жақсарады.