24.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Елдегі 1,5 мың мектепте «Шахмат негіздері» пәні оқытылады. Бүгінде зияткерлік ойынды 60 мыңға жуық оқушы үйреніп жатыр.
2800 мұғалім арнайы дайындықтан өтті. Шахмат - логикаға, есепке және стратегияға негізделген зияткерлік ойын. Ол ойды жүйелеуге, шешім қабылдауға және қарсыластың әрекетін алдын ала болжауға үйретеді. Бүгінде бұл ойын білім беру үдерісінің бір бөлігіне айналды.
Марал Тастанбекова, «№8 мектеп-лицей» ШЖҚ МКК директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары:
- Бұл баланың логикалық ойлауын дамытады. Математикалық шапшаңдығын дамытады. Есте сақтауын дамытады. Болашаққа бағдар жасай алуын дамытады баланың. Бала үшін бұл өте тиімді ойын түрі. Қызығушылығы болған бала өзін болашақта өте жоғары деңгейде көрсете алады.
Екі жыл бұрын пилоттық жобаға елдің 7 өңірінен 42 мектеп іріктелген болатын. Шахматты дамытудың 2027 жылға дейінгі кешенді жоспарына сай, 1-4 сыныптарға арналған оқу бағдарламасы әзірленіп, бекітілді. Осы уақыт аралығында ақыл-ой спорты саналатын ойын балалар арасында кең насихатталды. Вариативті курсты бастауыш сынып мұғалімдері жүргізеді. Елордада бұл пәнді алғаш болып №8 мектеп-лицейінің оқушылары меңгере бастаған.
Мөлдір Оразханова, «№8 мектеп-лицей» ШЖҚ МКК бастауыш сынып мұғалімі:
- 2023-2024 оқу жылы 1-сыныпқа қабылданған бір сыныпты алып, сол сыныпқа шахмат негіздері вариативті пән ретінде жүргізілді. Жыл бойы жүргізу нәтижесінде біз не байқадық? Балалардың шахматқа деген қызығушылығын байқадық. Балаларды қызықтыра отырып, балалардың тұлға ретінде дамуына көп септігін тигізді. Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған балалар үшін мектеп қабырғасына үйреніп кетуіне жақсы септігін тигізді деп ойлаймын.
Білім ошағында 1400-ден астам бала бар. Оның 542-і бастауыш сынып оқушылары. Шахмат негіздері вариативті курсы он екі сыныпта жүргізіледі.
Алинұр Иманжүсіп, «№8 мектеп-лицей» ШЖҚ МКК 1-сынып оқушысы:
- Мен шахмат пәнін жақсы көремін. Шахмат пәні өте қызықты және пайдалы. Шахмат ойнағанда ойланамын, зейін қоямын. Шахмат математика пәнінен есептерді оңай шығаруға көмектеседі.
Бүгінде ел аумағында 17 облыс пен 3 мегаполисте «Шахмат негіздері» пәні оқытылып жатыр. Игі бастама оқушылардың зияткерлік әлеуетін арттыруға жол ашты, - дейді мамандар. Бұл ретте оқу сапасы мұғалімдердің кәсіби даярлығына тікелей байланысты, сондықтан олардың біліктілігін арттыруға айрықша көңіл бөлініп отыр. Мәселен, елордада шахматтан өткен «Зияткер ұстаз» турниріне 20 өңірден 130-дан астам педагог қатысты. Сайыс бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Досбол Байдильдин