Arasha.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Қазақстанда босқын мәртебесін алуға 176 адам өтініш білдірді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Informburo.kz сауалына берген жауабында мәлімдеген, деп хабарлайды Arasha.kz.
1 қаңтардағы мәлімет бойынша, республикада 304 шетелдіктің осындай мәртебесі бар. Тағы 176 адам өтініш берген, қазір оларды жергілікті атқарушы органдар қарастырып жатыр.
Босқын мәртебесін төмендегі белгілері бойынша қудалау құрбаны болудан негізді қауіптенетін шетелдіктер ала алады:
нәсілі; ұлты; діни сенімі; азаматтығы; белгілі бір әлеуметтік топқа мүшелігі немесе саяси көзқарасы.Олар өз азаматтығы бар елден тыс жерде болуы тиіс және қауіптенуіне байланысты өз елінің қорғауын пайдалана алмауы немесе пайдаланғысы келмеуі керек. Сондай-ақ, тұрақты тұратын елінің аумағында емес және қауіптенуіне байланысты ол жаққа оралғысы келмейтін немесе орала алмайтын азаматтығы жоқ адам да босқын бола алады.
«Босқын мәртебесін алу үшін пана іздеген адам жазбаша өтініш беріп, өзінің жеке басын куәландыратын немесе растайтын құжаттарды қоса тіркейді. Егер ол құжаттарының жоқтығын мәлімдесе, мәліметтер оның айтуы бойынша жазылады. Қудалау құрбаны болу жағдайларының туындауы өтініш беруге негіз болып табылады», – делінген хабарламада.
Заңға сәйкес, босқын мәртебесін беруден мынадай себептермен бас тартылуы мүмкін:
адамның қудалау құрбаны болуы мүмкін екендігі туралы негізді қауіптердің болмауы; өзі туралы немесе Қазақстан аумағына келу мән-жайлары туралы мәлімет беруден бас тарту немесе көрінеу жалған мәліметтер беру; жасанды құжаттар ұсыну; қорғауын пайдалануға болатын үшінші мемлекеттің азаматтығының болуы; тікелей қауіпсіз үшінші елдің аумағынан келу; адамның террористік, экстремистік, сондай-ақ тыйым салынған діни ұйымдардың қызметіне қатысатыны немесе қатысқаны туралы салмақты негіздердің болуы; адамның бейбітшілікке немесе адамзатқа қарсы қылмыс, соғыс қылмысын жасағаны туралы салмақты негіздердің болуы; адамның Қазақстаннан тыс жерде саяси сипатта емес ауыр қылмыс жасағаны туралы негіздердің болуы; адамның БҰҰ мен халықаралық ұйымдардың мақсаттары мен принциптеріне қайшы келетін іс-әрекеттер жасауға кінәлі екендігі туралы негіздердің болуы; БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасынан басқа БҰҰ органдарының немесе мекемелерінің қорғауы мен көмегін пайдалану; дактилоскопиялық тіркеуден өтуден бас тарту.Сонымен қатар, Қазақстан пана іздеген адамдар мен босқындарды олардың өміріне немесе бостандығына қауіп төнетін елдің шекарасына қайтара алмайды немесе мәжбүрлеп шығара алмайды.