Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Солтүстік Кореяның хакерлік тобы тарихтағы ең ірі криптовалюта ұрлығына қатысты күдікке ілінді. TRM талдау компаниясының мәліметінше, қаскөйлер Binance ірі криптобиржасы әмияндарынан шамамен 6,36 миллиард доллар шығарып алған. Шабуыл бірден 10 блокчейнге әсер етіп, қаражаттың негізгі бөлігі шамамен 20 минут ішінде ұрланған, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Криптовалюта ұрлығына кімдердің қатысы бар?
Binance-қа жасалған шабуыл Солтүстік Кореяның TraderTraitor элиталық хакерлер тобымен байланыстырылып отыр. TRM сарапшылары блокчейн деректері мен басқа да дереккөздерге сүйене отырып, осындай тұжырымға келгендерін мәлімдеді. Олардың бағалауынша, бұл нұсқаның дұрыстығына сенім жоғары.
Анықтама: TraderTraitor (сондай-ақ Jade Sleet, UNC4899 немесе Pukchong ретінде белгілі) - Солтүстік Кореямен байланысты, КХДР арнайы қызметтері құрамына немесе құрылымына кіретін (Lazarus бірлестігінің қосалқы тобы), блокчейн, криптовалюта және жоғары технологиялар саласындағы ауқымды кибершабуылдар мен ұрлықтарға маманданған хакерлік топ.
TRM бұл шабуылдың Солтүстік Корея хакерлеріне қатысты басқа да ірі ұрлықтармен ұқсастығы бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, қаскөйлер операцияны алдын ала дайындап, қаражаттың шығу тегін жасыру үшін Tornado Cash сервисі арқылы шағын аударымдарды пайдаланған және алдын ала дайындалған рұқсаттарды іске қосқан.
Бұған дейін ФБР TraderTraitor тобын 2025 жылдың ақпанында болған Bybit криптобиржасын бұзу оқиғасымен де байланыстырған болатын. Ол кезде қаскөйлер 1,5 миллиард доллардың активтерін қолды қылған.
Ең ірі криптовалюта ұрлығы қалай жасалды?29 қазан күні кешке криптобиржаға шабуыл жасалды. TRM мәліметтері бойынша, қаскөйлер он блокчейндегі Binance әмияндарынан шамамен 6,36 миллиард доллар шығарған. Аударымдардың негізгі бөлігі шамамен 20 минут ішінде жүзеге асырылған.
Binance қауіпсіздікке қатысты оқиғаны растап, бірнеше желіде қаражат шығаруды уақытша тоқтатты. Бұл ретте биржа пайдаланушылардың қаражаты қауіпсіз екенін мәлімдеді.
Хакерлер ақшаға қалай қол жеткізді?Шабуылдың басты нысаны Binance-тің "ыстық" әмияны болды. Бұл - интернетке қосылған цифрлық қойма. Биржалар мұндай әмияндарды күнделікті операциялар, соның ішінде клиенттер криптовалюта шығаруы үшін пайдаланады.
TRM нұсқасы бойынша, қаскөй Binance жүйесін аударымдарды өз пайдасына растауға мәжбүрлеу мүмкіндігіне ие болған. Қарапайым тілмен айтқанда, ол биржа әмияны хакердің өзі берген командаларды орындауына қол жеткізген.
Ethereum желісінде қаскөй әмиян операцияларын орындауды смарт-келісімшартқа - белгіленген командаларды автоматты түрде орындайтын бағдарламаға тапсыруға мүмкіндік беретін арнайы тетікті қолданған.
Хакер мұндай операциялар үшін алдын ала 50 рұқсат дайындап қойған. Бұл оған қолайлы сәтті күтіп, әмиянның бүкіл қалдығын өзі бақылайтын мекенжайға аударуға мүмкіндік берді. Әмиянға жаңа ақша түскен кезде, қаскөй оларды қайтадан шығарып отырған.
Алайда шабуыл Ethereum-ға ғана әсер еткен жоқ. Басқа желілердегі Binance әмияндары да хакердің мекенжайларына қаражат жіберген. Сондықтан TRM сарапшылары қаскөй бірден бірнеше блокчейнде транзакцияларды растауға жауапты жүйеге қол жеткізген болуы мүмкін деп болжайды.
Ұрланған ақшаның қанша бөлігі бұғатталды?Шабуылдан кейін ұрланған қаражатты бұғаттауға бірнеше ірі криптовалюта компаниясы қосылды. Tether, Circle, Ripple және World Liberty Financial шамамен 2,67 миллиард долларлық стейблкоиндарды бұғаттады. Стейблкоиндар - бұл құны доллар сияқты кәдімгі валюталарға байланған криптовалюталар.
Arbitrum желісі қауіпсіздік кеңесінің іс-қимылы арқасында Ethereum және ARB токендеріндегі тағы 30 миллион долларға жуық қаражатты қаскөйдің бақылауынан шығару мүмкін болды.
Осылайша шамамен 2,7 миллиард долларлық активтерді бұғаттауға мүмкіндік туды.
Дегенмен, TRM бағалауынша, қаскөйлердің бақылауында әлі де жалпы құны 2,4 миллиард доллар болатын 420 мыңнан аса ETH және 18 270 BTC қалып отыр. Хакерлер ұрланған стейблкоиндардың бір бөлігін Ethereum-ға айырбастап үлгерген.
TRM өкілдері ұрланған криптовалюта қозғалысын қадағалауды жалғастырып жатқандарын және басқа биржалар мен қаржы компанияларына шабуылға қатысты мекенжайлар туралы ескертіп отыратындарын айтты. Бұл ұрланған активтерді айырбастау мен шығаруды қиындатуы тиіс.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу