20 мыңнан астам кітап оқыған қария

01.02.2026

Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Қарағанды облысының Тәттімбет ауылында 20 мыңнан астам  кітап оқыған шопан тұрады.

Ақсақал жас кезінен қой бағумен қатар оқуға ден қойып, рухани мол байлық жинаған. 75 жастағы қария жаңа шығармаларды іздеп жүріп оқиды. Көрген, білгенін жастарға ғибрат етіп, оларды да кітап оқуға баулып жүр.

Ауыл кітапханасында 19 мыңға жуық кітап бар. Мінәжат Исабеков олардың бәрін оқып шыққан. Жаңа кітап түсе қалса, осында келеді. Әсіресе тарихи шығармалар мен шытырман оқиғалы туындыларды сүйіп оқиды.

Зүлфия Рақымова, кітапханашы:                         

- Ол кісіге беретін кітаптарым да жоқ. Кейбір жаңа келген кітаптарды беремін. Бұның құр мұқабасы жаңартылған, ал ішінде ескі көшірілген әдебиет деп айтады. Былай қарағанда, ол кісі аптасына екі рет, бір реттен келеді. Өзі келе алмаған жағдайда апаны жібереді. Кітапханамыз кішкентай болғандықтан кітаптың барлығын мына жерде сақтау мүмкін емес. Ескі кітаптар бар, ол кісі сол ескі кітаптардың барлығын оқып тастады.

Ақсақалдың айтуынша, бала кезінде ертегілерді оқудан бастаған. Алғашқы танысқан күрделі туындысы - Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы». Шығармада жазылған әр сөйлем жадында сайрап тұр. Бір кітапты екі күнде оқып шыққан кездері болған. 

Мінәжат Исабеков, Тәттімбет ауылының тұрғыны:

- Былай отырғанда біреулер әңгіме айтып отырады ғой, ал мен ең құрығанда газет алып оқып отырамын. Кейде бәлен кісі келіп бізді қонаққа шақырып кетті деп айтып отырады. Мен қашан деймін.

Мінажат ақсақал 50 жыл қой баққан озат шопан. Таза ауа, тұмса табиғат аясында талай автордың шығармаларын оқыған.

Мінәжат Исабеков, Тәттімбет ауылының тұрғыны:

- Қойдың артында еріп келе жатып, аттың үстінде осылай оқып келе жатамыз. Жайлауда енді лампа ғой, керосинмен соны жағып қоямыз. Содан кейін алға қойып, кітапты ашамыз да дәл түбіне қарай жақындап барып, жарық енді сол жақтан түсіп тұру керек қой, осылай отырып оқимыз. Талай оқыдық.

Қазір жастардың назарын  ғаламтор торлаған кезең. Соған қарамастан  ауыл балалары Мінәжат ақсақалдың маңайына топтасқан. Қария оларға қызықты шығармаларды оқуға кеңес беріп, кейде тіпті бірге мазмұнын талқылайды.

Салтанат Бауыржанова, оқушы:

- Кітапты оқыған кезде ішіне кіріп кетесің ғой. Сол оқиғаларды оқып жатқанда көзіме елестетемін. Мінәжат атаны біз өзіміздің ауылдағы кітапқа құмар жан деп білеміз. Әрқашан ол кісіні Мәдениет үйіне бара жатқанын көретінмін.

Зейнеткер үшін сананы сергек сақтаудың жолы - кітап оқу. Білімге құштарлық-рухани байлықтың бастауы, - дейді қазына кеуде қария.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью