20 қазан Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туған күні

20.10.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

20 қазан – Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туған күні. Ол – қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері. Биыл оның туғанына 185 жыл толды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған тұлға. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол атасының – белгілі би және старшын Балқожа Жаңбыршиннің қолында тәрбиеленді. 

Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім екенін байқатты. Көп оқыды, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласып тұрды. Орынборда оқып жүрген кезінде шығыстанушы ғалым В.В Григорьевпен жақын танысып алды. Ол өзінің бай кітапханасымен Ыбырай Алтынсариннің еркін пайдалануына рұқсат етті. Білімге құштар Ыбырай Алтынсарин бос уақытының бәрін сол кітапханада өткізді. Білгеннің үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманға ұмтылыс жас Ыбырайдың өмірлік мақсатына айналды. Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбексүйгіш еді, көп оқыды, өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандады. Алған білімін өз халқының пайдысына асыруға талпынды.

1860 жылы Ыбырайға Торғайда қазақ балаларына арналған мектеп ашу тапсырылды. Алайда ол үшін дайын ғимарат та, жеткілікті оқу құралдары да болған жоқ. Сондықтан Ыбырай ауылдарды аралап, мектепке қаржы жинады. 

Ақыры 1864 жылғы 8 қаңтарда Торғай даласында алғаш рет мектеп ашылды. Оған алғашқы кезде 14-16 бала қабылданғаны жөнінде деректер бар. Ыбырайдың өзінің бір хатында 14 баланың оқуға кіріскенін жазған. Тіпті, мектеп жанынан балаларға арналған интернат та салынды. 

Осылайша, Торғайдағы алғашқы мектеп қазақ даласында жаңа үлгідегі зайырлы білім беру жүйесін қалыптастырудың маңызды қадамдарының біріне айналды.

Қазақ оқулықтары Ы.Алтынсариннің 1879 жылы жарыққа шыққан «Қазақ хрестоматиясынан» бастау алады. Ұлт ұстазы мектепке арналған оқулыққа қойылатын бірнеше талапты да анықтап берген. Біріншіден, «Мектептерге арналып жазылатын оқу кітаптары өзінің идеялық мазмұны мен материалдары жағынан ана тілінің және халық даналығының бай қазынасына негіз­делуге тиіс. Екіншіден, балаға түсінікті әрі қызықты болуы керек. Ы.Ал­тынсариннің «Кел, балалар, оқылық» деп басталатын «Қазақ хрестоматиясы» ағартушылық қызмет атқарды. Ол туралы өзінің 1862 жылы жазған хатында: «Қазақ халқы ұғымтал, ақылды, дарынды, бірақ оқымаған халық. Мәселе оны ағартуда болып отыр», – деп жазады.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью