Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
АЛМАТЫ, 14 қазан - Sputnik. Онлайн-казиноларға қызмет көрсету үшін бірнеше елдің аумағын қамтитын дропперлер желісін құрған қылмыстық топтар ұсталды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Төлемдерді өңдеумен айналысқан делдалдар Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтарының банк шоттарын пайдаланып, "дроп-фермалар" ұйымдастырған.
"Қазақстанға келген шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) беріліп, олардың атына SIM-карталар мен банк шоттары ашылған. Кейін банк қосымшаларына кіруге рұқсаты бар ұялы телефондар осы шоттар арқылы ақша айналымын басқаратын адамдарға берілген", - дейді агенттік.
Ақша айналымын басқару үшін ойыншылардан төлем қабылдауға, оларды автоматты түрде анықтауға және ұтыстарды төлеуге мүмкіндік беретін P2P платформасы пайдаланылған. Қылмыстық топ мүшелері өзара есеп айырысу үшін криптовалютаны да қолданған.
"Түркістан облысы мен Алматы қаласында Қазақстан банктерінің 89 картасын пайдаланған Өзбекстанның үш азаматы ұсталды. Олардан банк шоттарын басқаруға арналған 20 телефон тәркіленді. Аталған карталар арқылы жүргізілген операциялардың жалпы көлемі 500 млн теңгеге жеткен", - дейді Қаржылық мониторинг агенттігі.
Жамбыл облысында да бірнеше елдің аумағында әрекет еткен тағы бір қылмыстық топтың жолы кесілді. Оның мүшелері Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарын, соның ішінде кәмелетке толмағандарды тартып, Тараз бен Алматы қалаларында өзге адамдардың банк шоттары арқылы ақша айналымын жүргізетін желі құрған.
Тінту барысында 180 банк картасы, 15 телефон, 50 мың АҚШ доллары, 27 мың USDT, төрт автокөлік, қару-жарақ, оқ-дәрілер және 26 SIM-карта тәркіленді. Банк карталарына түскен ақшаның жалпы көлемі 9,8 млрд теңгеден асқан.
Сот бес күдіктіні қамауға алуға санкция берді. Тергеу жалғасып жатыр.