Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
АСТАНА, 3 қыркүйек – Sputnik. Келесі жылға арналған республикалық бюджет жобасында әлеуметтік жәрдемақыны есептеуге арналған бірқатар маңызды көрсеткішті көтеру көзделген. Олардың қатарында айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ең төменгі күнкөріс деңгейі және зейнетақының ең төмен мөлшері бар. Sputnik Қазақстан 2027 жылы жәрдемақының қалай өзгеретінін есептеп шықты.
Көпбалалы отбасылар қанша алады
Биыл айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 4 325 теңгені құрайды. Ал келесі жылы оны 4 693 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Бюджет жобасы мақұлданса, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы да өседі.
4 балаға – 16 АЕК (2026 жылы 69 200 теңге болса, 2027 жылы 75 088 теңге болады);
5 балаға – 20 АЕК (биыл 86 500 теңге, келесі жылы — 93 860 теңге);
6 балаға – 24 АЕК (қазіргі 103 800 теңгеден 112 632 теңгеге дейін өседі);
7 балаға – 28 АЕК (2026 жылы 121 100 теңге болса, 2027 жылы 131 404 теңге болады);
8 және одан көп балаға – әр балаға 4 АЕК, яғни кемінде 32 АЕК (биыл 138 400 теңге, келесі жылы 150 176 теңге).
Көпбалалы аналардың жәрдемақысы өседі
Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы да АЕК мөлшеріне байланысты есептеледі.
"Алтын алқа" иелеріне – 7,4 АЕК (2026 жылы 31 997 теңге, 2027 жылы – 34 728 теңге);
"Күміс алқа" иелеріне – 6,4 АЕК (қазіргі 27 680 теңгеден 30 035 теңгеге дейін өседі).
Айта кетері, Қазақстанда "Күміс алқа" алты баласы бар аналарға берілсе, "Алтын алқа" жеті және одан көп бала тәрбиелеп отырған аналарға табысталады.
Жөргекпұлдың мөлшері қандай болады
АЕК мөлшеріне қарай есептелетін тағы бір біржолғы мемлекеттік жәрдемақы – бала тууына байланысты берілетін төлем:
бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК (2026 жылы 164 350 теңге, 2027 жылы – 178 334 теңге);
төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК (биыл 272 475 теңге болса, келесі жылы 295 659 теңгеге дейін көтеріледі).
Егіз, үшем немесе төртем туған жағдайда мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі.
Ай сайынғы төлем де өседі
Заң бойынша міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған және жұмыс істемейтін әйелдерге бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайынғы жәрдемақы төленеді:
бірінші балаға – 5,76 АЕК (2026 жылы 24 912 теңге, 2027 жылы — 27 031 теңге);
екінші балаға – 6,81 АЕК (биыл 29 465 теңге болса, келесі жылы 31 959 теңгеге дейін өседі);
үшінші балаға – 7,85 АЕК (қазіргі 33 951 теңгеден 36 840 теңгеге дейін көтеріледі);
төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,9 АЕК (2026 жылы 38 503 теңге, 2027 жылы — 41 767 теңге).
Ал декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді.
АЕК қалай өзгерді
Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, 2023 жылы АЕК 3 450 теңге, 2024 жылы 3 692 теңге, 2025 жылы 3 932 теңге, ал 2026 жылы 4 325 теңге болды.
Үкімет республикалық бюджет жобасын мақұлдап, оны қоғамдық талқылауға шығарды. Одан кейін құжат жобасы Құрылтай депутаттарының қарауына енгізіледі. Сол кезде АЕК мөлшері өзгеруі мүмкін. Дегенмен бұған дейін бюджет жобасында көрсетілген айлық есептік көрсеткіш, әдетте, өзгеріссіз бекітілетін.