2030 жылы энергияға сұраныс 20% артады

22.01.2026

24.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Әлемде энергияға сұраныс артпаса, кемімейді.

Әрі кетсе 4-5 жылда 20 пайызға артады. Бұл Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы. Жасыл энергия үлесі жылдан жылға көбейіп келеді, әрине. Десе де, адамзат қуат көзінің 80 пайызын әлі күнге дейін сарқылатын энергия көздерінен алады.

Өмірін көмірмен өткізген бұл кеншілердің көңілі пәс. Өйткені Чехия билігі елдегі соңғы көмір шахтасының жұмысын тоқтатпақ. Жасыл энергияға көшеміз, жерасты қазбаларын азайтамыз деп отырған, Еуропа елдерінде отынның бұл түріне сұраныс едәуір азайған. Сондай-ақ шығыны өзіндік құнын да ақтамайды. Яғни кәнігі пайдасын көріп отырған жоқ. 

Роман Сикора, кәсіпорынның бас директоры:

- Қазір Чехияда электр энергиясы көмірден өндірілмейді. Жылу мен электр станциялары жасыл технологияға көшіп жатыр. Бұдан бөлек әлемдік нарықта көмірдің  бағасы түсіп кетті. Біздің елде қатты отын мың метрден аса тереңдікте өндіріледі. Оның шығыны жылдан жылға артпаса, кемімейді. Яғни Чехияда көмір өндіру экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып барады.

Еуроодақ елдері 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 45 пайызға дейін жеткізбек.

Қытай да қарап отырған жоқ. Кейінгі жылдары Бейжің баламалы энергетиканы дамытуға 227 млрд доллар инвестиция салған. Таяуда әлемде алғашқылардың бірі болып, газ турбинасын іске қосты. Станцияның қуаты - 30 мегаВатт. 100 пайыз сутегі негізінде жұмыс істейді.  

Ван Юнжи, компанияның бас директоры:

- Таза сутегімен жұмыс істейтін газ турбинасы арқылы табиғатқа келетін залалды азайтуға болады. Сағатына 48 мың киловатт электр энергиясын өндіреді. Яғни 5 жарым мың үйді электр жарығымен қамтамасыз етеді.

Күллі әлем жасыл энергияға көшеміз, жерасты қазбаларын азайтамыз деп, даурығып жатқанда, Президент Трамп керсінше көмір, мұнай және газ өндірісіне бет бұрды. Жасыл технологияға бөлінетін қаржыны қысқартты. Тіпті таяуда Ақ үй басшысы бірқатар жел диірменінің құрылысын тоқтатып тастады.  Оның айтуына қарағанда, мұндай жобалар әскери радарлардың жұмысына кедергі келтіреді.

Қалай десек те, қазір дүниежүзілік энергияның шамамен 80 пайызы әлі де сарқылатын көздерден, яғни көмір, мұнай және табиғи газдан алынады. Ал жасыл энергия жер бетінде күн санап артып келе жатқан сұранысты ғана жабуға  жетеді екен. Сондықтан адамзаттың қоршаған ортаны ластайтын энергия көздерімен қош айтысатын күні  әлі алыс секілді.

Зайнұр Байжігіт

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью