2030 жылы транзит көлемі үш есе артады

28.01.2026

Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Сарапшылар Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстарға осындай баға берді. Яғни елдің көлік-логистика бағытындағы әлеуеті жоғары деген сөз. 

Бұл саланың маңыздылығына Мемлекет басшысы да үнемі назар аударып келеді. Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтайда да осы тақырыпқа тоқталып, бірқатар тапсырма берген болатын. Оның орындалу барысы қандай? Көзделген межеге жету үшін қалай әрекет ету керек. Қазір Қазақстанның көлік-логистика саласындағы нақты жағдай қандай?

Қазір елде осы бағытта жұмыс қызды. Мыңдаған шақырымдық автокөлік жолдары мен темір жолдар салынып, жөнделіп жатыр. Басты бағыттардың талапқа сай емес тұстарын ретке келтіру жоспарланған. Вокзалдар, теңіз және әуе порттары, сондай-ақ құрғақ порттар жаңғыртылып, кейбірі жаңадан салынып жатыр. Мультимодальды тасымал түрі де дамып келеді. «Бұған елдің географиялық орналасуы зор ықпал етіп отыр», - дейді экономист Бекнұр Қисықов.

Бекнұр Қисықов, экономист:

- Қазақстан арқылы өту өте ыңғайлы. Себебі көліктер жазық даламен жүреді. Басқа елдерде мұндай емес. Мысалы, Ресейде Мұғалжар таулары мен тайганы басып өтуі керек. Сонымен қатар күн райы да қатал. Ал Қазақстанда Алматыдан шыққан жүк Атырау мен Оралға дейін теп-тегіс жермен жүріп өтеді. Сондықтан болар ел аумағында оннан астам халықаралық көлік дәлізі бар. Оның ішінде авто, темір жол, әуе қатынасы, тіпті су  көліктері де бар.

Енді әр саланы тарқатып айтсам. Алдымен автокөлік тасымалына тоқталайын. Мемлекет басшысы елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту міндетін қойған болатын. Бұл біріншіден, Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөлін арттырса, екіншіден, ел ішіндегі көлік байланысын барынша жақсартады.

Жақында Қызылорда-Жезқазған жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті. Жыл соңына дейін Ұлытау облысындағы бөлігінде көлік қозғалысы толық ашылады. Жолдың жалпы ұзындығы – шамамен 400 шақырым. Сонымен қатар «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» күре жолының  Қызылорда-Ақтөбе арасындағы бөлігі кеңейтіледі. Биыл осы бағытта 4 жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен былтырғы Жолдауымда «Бейнеу-Сексеуіл» жолының құрылысын тездетуді тапсырғанымды білесіздер. Ондағы жұмыстар да биыл басталмақ. Жоба жүзеге асқан соң «Орта дәліздің» қашықтығы 900 шақырымға қысқарады, яғни Ақтау, Құрық порттарына тура жол ашылады. Қарағанды-Жезқазған бағытындағы жол талай жылдан бері тозып тұр. Биыл ескі жолдың қапталына екі жолақты жаңа жол салуға кірісеміз. Кейін ескі жолды да жаңғыртып, төрт жолақ ету жоспарлануда. Бұдан бөлек, Сарыағаш маңындағы көлік қозғалысы да өте тығыз. Сондықтан осы жылы «Сарыағаш айналма жолының» құрылысы қолға алынады. Барлық жұмыстың сапалы әрі уақтылы орындалуын тікелей бақылауда ұстайтын боламын.

Мемлекет басшысы автокөлік жолдарымен қатар темір жол инфрақұрылымын да кеңейтіп, жақсарту жөнінде үнемі айтып келеді. Бұл тапсырмаларды орындау үшін жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Былтыр елде 1,5 мың шақырым шойын жол жөнделді. Биыл 1,6 мың шақырымын жөндеу жоспарланып отыр. Өткен жылы жалпы теміржол саласы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Мәселен, тасымалдау көлемі шамамен 318 млн тоннаға жетті. Ал биыл 327 млн тоннаны құрайды деп болжанып отыр. Сонымен қатар «Қызылжар-Мойынты», «Дарбаза-Мақтаарал», «Алтынкөл-Жетіген» және «Бейнеу-Маңғыстау» бағыттарын жаңғырту жұмыстары аяқталады. Ал былтыр  ұзындығы – 911 шақырым «Достық-Мойынты» және «Алматы айналма жолы» сияқты ірі жобалар аяқталды. Бұл желінің өткізу қабілетін бес есе арттыруға және транзиттік тасымалдарды жеделдетуге мүмкіндік берді. Бұған қосымша пойыздарды реттеудің заманауи жүйелері енгізіліп жатыр. Сонымен қатар 236 локомотив, 1,4 мыңнан астам жүк және заманауи 191 жолаушы вагонын жеткізу жоспарланып отыр.

Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік вице-министрі:

- Мемлекет басшысының  Көлік инфрақұрылымын дамыту және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру іс жүзінде орындаудың белсенді кезеңіне өтті. Халықаралық көлік дәліздері де қарқынды дамып келеді. Олар – Транскаспий халықаралық көлік бағыты және Солтүстік-Оңтүстік бағыттары. ТХКБ-ның өткізу қабілетін арттыру шеңберінде порттар инфрақұрылымын жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда. Мәселен, отандық сауда флоты 4 пароммен толықтырылады.

2030 жылға дейін елде 5 мың шақырым теміржол желісі салынады. Сондай-ақ 11 мың шақырым теміржолды жөндеу жоспарланған.

Бекнұр Қисықов, экономист:

- Транскаспий дәлізінің әлеуеті өте жоғары. Кейінгі жылдары осы жолмен өтетін транзит көлемі жеті пайыз өсті. Бұны статистикалық деректер көрсетіп отыр. Осы қарқынмен кете берсе 2030 жылға қарай тасымал көлемі үш есе көбейеді. Бұл салаға инвестиция ағыны ұлғайып мен қосымша жұмыс орындары ашылады деген сөз. Бірақ инфрақұрылым дайын болуы керек. көлік паркі жаңаруға тиіс. сондықтан осы бағытта атқарылатын жұмыс көп деп ойлаймын.

Әуе жолдарын дамыту да Қазақстан үшін өте маңызды. Сондықтан президент осы саланы дамытудың стратегиясын дайындауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкіметке авиация саласында, соның ішінде әуемен жүк тасымалдау ісінде нақты нәтижеге жету міндеті жүктелді. Меніңше, еліміздің әлі күнге дейін Еуразияның әуемен жүк тасымалдайтын орталығы бола алмай отырғаны – кешірілмейтін қателік, қарапайым тілмен айтсақ, бұл – нағыз абсурд. Үкімет жүк тасымалдайтын мемлекеттік әуе компаниясын құру барысында қате шешім қабылдады. Неге екені белгісіз, бұл міндетті «Қазақстан темір жолы» компаниясына жүктеді. Егер Үкімет тапсырманы орындауға қауқарсыз болса, бұл жұмысты жеке құрылымдарға өткізіп беріңіздер.

Сонымен қатар мемлекет басшысы саланы дамытуға авиаотынның қымбаттығы да қолбайлау болып отырғанын мәлімдеді. Сондықтан елдегі әуежайлар шетелдегі айлақтармен бәсекелесе алмайды деді ол. Ал экономист Бекнұр Қисықов бұл мәселені жүйелі жұмыстар арқылы шешуге болатынын жеткізді.

Бекнұр Қисықов, экономист:

- Мәселе авиаотынның қымбаттығында емес. Оны арзандатуға болады. Біздің инфрақұрылым дайын емес. Әуежайлардың қызметі қымбат тұрады. Ұшу жолақтары ыңғайсыз. Кей әуежайда жолақтар жетіспейді. Тіпті Алматының жаңа әуежайының да қуаты жеткіліксіз. Себебі ол 10 млн жолаушыға қызмет көрсетіп жатыр. Біз осындай ондаған әуе айлағын салуымыз керек еді. Алайда кешігіп қалдық. Инфрақұрылым дайын болмаған соң авиаотын құю қымбат болып тұр.

Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес дейді сарапшы. Елде әуежайлар саны артып, бәсеке күшейген кезде ғана баға түседі. «Сонда шетел компанияларының ұшақтары бізде тоқтай бастайды», - дейді ол.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью