Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Маңғыстау облысында Жаңаозен көпбейінді қалалық ауруханасына демеушілік көмек ретінде бөлінген қаражатты жымқыру дерегі бойынша іс тергеліп жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметіне сүйенсек, іске қала әкімінің бұрынғы орынбасарының қатысы бар, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бөлімшені жабдықтаудың орнына екі кереует сатып алынған
ҚМА мәліметінше, 2025 жылы Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-ға күйік бөлімшесін ашу үшін демеушілік көмек көрсету туралы өтініш білдірген. Жобаны іске асыруға 223 миллион теңге бөлінді. "ӨзенМұнайГаз" АҚ бұл қаражатты "Жарылқау" қоғамдық қорына аударған.
"Бастапқыда жобада медициналық жабдықтың сегіз түрін сатып алу және мамандарды оқыту көзделген болатын. Алайда кейіннен оның шарттары өзгертілген: бөлімшені кешенді жабдықтаудың орнына қоғамдық қор, қалалық аурухана және "AKBS Invest" ЖШС арасында құны 210 миллион теңге болатын небәрі екі күйікке қарсы кереуетті сатып алу туралы үшжақты келісімшарт жасалған", - делінген хабарламада.
Бұл ретте, ҚМА деректері бойынша, сатып алу заңнама талаптарын айналып өту арқылы жүзеге асырылған, өйткені мұндай құны бар медициналық жабдықтар Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алынуы тиіс.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, бұл құқыққа қайшы схемаға қалалық аурухана директорының орынбасары, "Жарылқау" қоғамдық қорының басшысы, Жаңаозен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары және өнім беруші қатысты болған.
Қалған ақша қайда кеткен?ҚМА мәліметінше, жабдықты сатып алуға іс жүзінде 92 миллион теңге жұмсалған. Қалған сома тергеу нұсқасы бойынша аффилирленген кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, болжамды схемаға қатысушылар арасында бөліске салынған.
"AKBS Invest" ЖШС өкілі қылмыстық жолмен тапқан табысына елордадан пәтер сатып алып, оны үшінші тұлғаларға рәсімдеген", - делінген хабарламада.
Жаңаозен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы бойынша лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану дерегімен тергеу басталды.
Үш күдікті қамауға алынды. Соттың санкциясымен олардың мүлкіне, соның ішінде 3 пәтерге, 2 тұрғын үйге және бір автокөлікке тыйым салынды.
Тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу