Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, Қызылорда облысының Арал қаласынан келген жедел уәкіл алаяқтық дерегі бойынша күдіктіден жауап алған. Күдіктінің анасымен әңгіме барысында ол 550 мың теңгеге мәселені шешуге көмектесетінін жеткізген.
Әйел полицейдің ұсынысына келіседі әрі сол күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарлайды. Жас лейтенант пара алу кезінде ұсталды.
Қылмыстық іс «айтарлықтай мөлшерде пара алу» бабы бойынша қозғалған. Сот барысында бұрынғы полицейдің адвокаты алаяқтық дерегі бойынша соттау керек деп талап қойған. Бірақ сот айыпталушыға қолданылатын жазаны алғашқы бап бойынша тағайындауды жөн санаған.
- Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-ші бөлігі бойынша көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, алынған параның 50 еселенген мөлшерінде - 27 миллион 500 мың теңге сомасында айыппұл түрінде жаза тағайындалсын, - деп жария етті сот үкімін Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Өрнек Абжапаров.
Полиция қызметкері тергеу барысында алты ай қамауда отырған. Сот бұл мерзім қылмыстық жазаны өтейді деген ұйғарымға келді. Сотталушы 24 миллион теңгеден астам айыппұлды төлеуі керек.
Сондай-ақ ол «полиция лейтенанты» шенінен айырылды.
Бұған дейін Павлодар облысында мас күйінде көлік жүргізген шенеунікті жұмыстан шығару ұсынылған болатын.