25 миллиондық талап арыз : Бишімбаевтың бұрынғы әйелі экс енесінің шағымдары туралы айтты

07.08.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қаһарман сотталған экс-министрдің отбасымен арадағы сот процестерінің жаңа кезеңі туралы айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Назым Қаһарман бұрынғы күйеуі Қуандық Бишімбаевтың анасы оның үстінен сотқа шамамен 25 миллион теңге өндіру туралы талап арыз түсіргенін хабарлады. Ол бұл туралы Instagram парақшасында жарияланған бірқатар видеода айтты.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

Nazym Kakharman парақшасынан жарияланым (@nazymkakharman)


Назым Қаһарманның сөзінше, кейінгі екі жылда бұрынғы күйеуінің туыстары оған қарсы төрт талап арыз берген. Әйелдің өзі осы уақыт ішінде сотқа тек бір рет - Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы өтінішпен жүгінгенін айтады.

"Бұрынғы енемнен 25 миллион теңгеге жуық сомаға талап арыз келді. Бұл кейінгі екі жылда маған қарсы түсірілген төртінші талап арыз, бірақ бұрынғы енемнен келген алғашқысы. Осы уақыт ішінде мен тек бір рет – ата-ана құқығынан айыру туралы талап арыз бердім. Олардың түсінігінде мен бәріне кінәлі сияқтымын: ажырасқаныма да, өз пікірімді білдіргеніме де, балалардың олармен сөйлескісі келмейтініне де мені кінәлайтын сияқты", - деп бөлісті Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы.

Қаһарманның айтуынша, басты шағым оның 2011 жылдан бері айналысқан бизнесіне қатысты. Ол сол кезде мүлік пен үй-жайлар Бишімбаевтың анасына рәсімделгенін, ал жұмыс сенімгерлік басқару шарты аясында жүргізілгенін түсіндірді.

"Шын мәнінде, сенімгерлік басқару шарты – үлкен тұзақ. Егер сіз енеңізбен, күйеуіңізбен немесе күйеуіңіздің туыстарымен осылай жұмыс істесеңіз, үлкен тәуекел бар екенін қаперде ұстаңыз. Себебі ертең олар сізді сотқа беріп, сол бизнестен тапқан барлық табысыңызды талап етуі мүмкін. Мен сенімгерлік басқару шартынан ешқандай жамандық көрмеген едім. Арада қанша жыл өткенде ақшаны қайтарсын деген талап арыз келіп түсті", – деп ескертті Назым Қаһарман.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

Nazym Kakharman парақшасынан жарияланым (@nazymkakharman)

Бишімбаевтың бұрынғы жұбайының айтуынша, жаңа талап арыз бұрынғы енесі мен немерелерінің қарым-қатынасына да әсер еткен. Ол балалардың бұл жағдайды ауыр қабылдағанын айтады.

"Осы талап арыздан кейін балалардың көңілі біржола қалды. Оның бұлай істегеніне олардың жүрегі ауырды", - деді Қаһарман.

Назым Қаһарманның сөзінше, осыған дейін бұрынғы күйеуі бастамашы болған барлық талап арыз сот процестері барысында оның өзімен қайтарып алынған.

Сонымен қатар Қаһарман толық төленбеген алименттерді өндіру туралы жеке талап арызбен сотқа жүгіну ниеті бар екенін мәлімдеді. Ол балаларды асырауға арналған төлемдер толық көлемде жүргізілмегенін атап өтті.

Назым Қаһарман Tengrinews.kz тілшісіне берген түсініктемесінде материал дайындау кезінде оның әлеуметтік желілердегі жарияланымдарын пайдалануға қарсы емес екенін айтты.

Tengrinews.kz тілшісі бұған дейін сотта Қуандық Бишімбаев пен оның ата-анасының мүддесін қорғаған адвокат Ерлан Ғазымжановтан да пікір сұрады. Алайда ол Назым Қаһарманға қарсы талап арызбен басқа адвокат айналысып жатқанын хабарлады.

"Сот кабинетінде" орналастырылған ақпаратқа сәйкес, Назым Қаһарманға қарсы талап арыз тіркелген және Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралып жатыр.

Қуандық Бишімбаевтың анасы Әлмира Нұрлыбекованың Назым Қаһарманға қарсы талап арызының нысанасы - ақшалай қаражатты өндіріп алу.

Сот талқылауы басталғанға дейін тараптар татуласу рәсіміне жіберілген. Алайда, татуластырушы судьяның анықтамасына сәйкес, жауапкердің келмеуіне байланысты бұл рәсім өтпеген.

Сот азаматтық істі қарау күнін белгілеп қойды.

Мән-жайы

Назым Қаһарман Қуандық Бишімбаевпен 14 жыл некеде болған, олардың үш баласы бар. Ерлі-зайыпты 2020 жылы, экс-министр жемқорлық бойынша бірінші қылмыстық іспен түрмеден шыққаннан кейін бір жыл өткен соң ажырасқан.

Әйел Қуандық Бишімбаевпен ажырасу себептерін жасырмады. Назымның айтуынша, ол бұдан былай бірге бола алмайтындарын түсініп, ажырасуға арыз берген.

Еске сала кетейік, 2024 жылғы қыркүйекте Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа жүгінген болатын. Ол Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы талап арыз берді.

2024 жылдың мамырында Назым Қаһарман оқиғадан кейін балаларының Бишімбаев тегінен бас тартқысы келетінін айтты.

2025 жылдың сәуірінде Қуандық Бишімбаевтың отбасы балаларына алимент төлеуден бас тартқаны хабарланды.

Сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың экс-әйелі оның туған күніне жасаған "сыйлығы" туралы айтып берді.

Сондай-ақ Назым Қаһарман автобиографиялық кітап шығаруға дайындалып жатқанын, онда бұрынғы күйеуінің көңілдестерінің есімдерін де ашу ниеті бар екенін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 13 мамырда Қуандық Бишімбаевқа Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның туысы Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды.

2026 жылғы 22 шілдеде Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов бостандыққа шықты.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью