Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Ішкі істер министрлігі 2026 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстан Республикасының “Жол жүрісі туралы” заңына енгізілген өзгерістер күшіне енетінін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі арасында автоматты түрде алмасады. Егер мемлекеттік ақпараттық жүйеде жүргізушінің медициналық тексеруден өткені және көлік құралын басқаруға қарсы көрсетілімдерінің жоқтығы расталмаса, көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады. Бұл талап тек 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілерге ғана қатысты екен.
Келесі өзгеріс жол жүрісі қағидаларын білу деңгейін қайта тексеруге қатысты.
Заңда көзделген жағдайларда жолда жүру қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілер қайтадан теориялық емтихан тапсыруға жіберілуі мүмкін. Мысалы, жол қиылысынан өту кезінде апаттық жағдай туғызу, белгіленген жылдамдықты бірнеше рет асыру, маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу қағидаларын қауіпті түрде бұзу сияқты өрескел құқық бұзушылықтар. Бұл талап барлық жүргізушіге емес, тек заңда нақты көзделген жағдайларда ғана қолданылады.
Егер жүргізуші дәлелді себепсіз тиісті қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде теориялық емтиханға келмесе, бұл да көлік құралын басқару құқығын тоқтатуға негіз болады.
Сонымен қатар алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік басқарғаны үшін жауапкершілік күшейтілді.
Енді қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылғанның өзінде, құқық бұзушы сегіз жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Ал егер жүргізуші куәлігі бомаса, оны сегіз жыл бойы алу мүмкін болмайды.
Бұл өзгерістердің барлығы жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Бұл талапқа жататын жүргізушілер міндетті медициналық тексеруден уақытылы өтуі қажет.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.