28 отбасы баспанасыз қалды: ҚМА алаяқтыққа қатысты тергеуді аяқтады

30.03.2026

Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Қостанай облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі департаменті «Bolashak Construction Company KZ» ЖШС басшысына қатысты алаяқтық фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеу мәліметінше, күдікті 2022–2024 жылдар аралығында тиісті рұқсат құжаттарынсыз «Семья» тұрғын үй кешенінің үлестік құрылысына қатысу сылтауымен азаматтардың қаражатын тартқан.

Салымшылармен пәтерлер мен коммерциялық нысандарды алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалып, жобаның заңды көрінісін қалыптастыру үшін әлеуметтік желілерде жарнама жүргізілген және Қостанай қаласында кеңсе жалға алынған.

Нәтижесінде үшінші кезектегі құрылысқа 28 жеке және бір заңды тұлғадан 162 млн теңгеден астам қаражат жиналған.

Алайда күдікті бұл қаражатты нысанды белгіленген мерзімде аяқтамай, өз қажетіне жұмсаған. Қазіргі уақытта тұрғын үй кешенінің үшінші кезегінің құрылысы аяқталмаған.

Сот санкциясымен күдіктінің мүлкіне, оның ішінде Hyundai Santa Fe автокөлігіне, үш бөлмелі пәтеріне және жертөле коммерциялық нысандарына тыйым салынды. Оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Агенттік азаматтарға құрылысқа қатысу кезінде сақ болуды ескертті. Атап айтқанда, қажетті рұқсат құжаттары мен кепілдіктерсіз қаржы салу тәуекелдерді арттыратыны, сондықтан құрылыс компанияларының заңдылығын алдын ала тексеру қажеттігі айтылды.

Бүгін, 15:55

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью