Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Көлік министрлігінің мәліметінше, бұл талап ауыр жүк тасымалдайтын автокөлік құралдарын пайдаланатын нарық қатысушыларына қатысты болады.
– 3,5 тоннадан асатын көлік құралдарымен жүзеге асырылатын барлық тасымалдар бойынша жол парақтары мен тауар-көлік жүкқұжаттары КҚББЖ жүйесінде міндетті түрде тіркелуі тиіс. Бұл талап тасымалдау үдерістерін цифрландыруға және олардың ашықтығын арттыруға бағытталған, – делінген хабарламада.
Аталған норма Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы №546 бұйрығына 2020 жылы енгізілген. Кейін жүйені жетілдіру және бизнеске бейімдеу мақсатында уақытша міндетті емес сипатта қолданылған.
– Құжаттарды жүйеде тіркеу тасымалдауды ресімдеуді жеңілдетуге, қағаз құжат айналымын қысқартуға және ақпаратқа электрондық форматта қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті ведомство.
Сонымен қатар құжаттарды тіркемеу немесе жалған мәлімет енгізу әкімшілік жауапкершілікке әкелетіні ескертілді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 571-1-бабына сәйкес құжаттарды ресімдемеу, тіркемеу немесе жалған деректер енгізу үшін жауапкершілік қарастырылған.
КҚББЖ жүйесі - тасымалдаушылар мен мемлекеттік органдар арасында құжаттарды тіркеу, сақтау және алмасуды қамтамасыз ететін цифрлық платформа. Жүйеге тіркелу esutd.gov.kz порталы арқылы жүзеге асырылады.
Айта кетейік, өткен жылы ел ішінде автокөлікпен 353 млн тонна жүк тасымалданған.