38. Соңғы нүкте : Отқа оранған тағдырлар

10.09.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Ел тарихындағы ең ауыр табиғи апат­тардың біріне айналған бұл оқиға ондаған мың гектар орманды шарпыды. Орман шаруашылығының 14 қызметкері мен бір жергілікті тұрғын қаза тапты. «38. Соңғы нүкте» сол қасіретті оқиғаны құрғақ баян­дап шығудан ада. Авторлар табиғи апат­тың артында қалған адам тағдырын, орманшы еңбегінің ауырлығын, сын сағат­тағы таңдау мен жауапкершілікті көркем ки­но тілімен жеткізуге тырысқан. Карти­на­дағы оқиға бір ғана өрттің айналасында өр­бігенімен, оның көтеретін жүгі әлде­қай­да кең. 

Апаттың ауқымын елестету үшін бір ғана салыстыру жеткілікті. Сол өртенген ор­ман аумағына Ватикан, Сингапур, Лих­тенштейн секілді бірнеше мемлекет сыйып кетер еді. Фильмде екі мың гектарға жуық ор­манды небәрі екі адамның қарауылдап жүргені көрсетіледі. Бұл көрініс те көп нәр­сені аңғартады. Ауқымды аумаққа адам кү­ші жетпегенде, тілсіз жаудың бетін ал­ғаш­қы сәтте-ақ бұру қиын. Өрттің тез өр­шіп, бақылаудан шығып кетуінің бір себебі де осы кадрлар арқылы сезіледі.

Картинаның оқиғасы орман­шы­лар­дың күнделікті өмірінен басталады. Әр кейіпкердің өз ішкі драмасы бар. Бірі ауыр науқас қызының еміне ақша іздейді, бірі өміріндегі қателіктен арылуға тыры­са­ды, енді бірі ар мен қызмет арасындағы сал­мақты сезінеді. Олардың бәрі мінсіз кейіп­кер емес. Фильм оларды қарапайым адам ретінде көрсетеді. Қорқынышы, үміті, қа­телігі, әлсіздігі бар. Бірақ ең қиын сәт ту­ған кезде бәрінің алдында бірдей жауап­кершілік жүгі түседі. Киноның құндылығы да осында. Ол орманшыны тек қызметтік фор­ма киген адам ретінде емес, артында отбасы, арманы, айтылмай қалған сөзі бар тұлға ретінде танытады. 

Фильмнің режиссері – Төребек Бей­себаев, продюсері әрі сце­на­ри­сі – Нұржігіт Хайдар. Туынды Қазақстан Рес­­публикасы Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігінің тапсырысы бойынша Ұлт­тық киноны қолдау мемлекеттік орта­лы­ғының қолдауымен түсірілген. Шығар­ма­шы­лық құрам үшін бұл жұмыс тек оқиғаны экранға көшіру емес, көрермен алдындағы үлкен жауапкершілік болғаны байқалады. Се­бебі мұндай тақырыпта жасандылыққа жол жоқ. Қайғыны тым әсірелеу де, тым сал­­қын баяндау да көрерменге әсер етпейді. Авторлар осы екі аралықтан жол табуға ұмтылған. Бір жағынан көркемдік шешім бар, екінші жағынан шынайы оқиғаның сал­мағы сезіледі.

Режиссер Төребек Бейсебаевтың ай­туын­­ша, фильмді дайындау жұмысына ша­­­­мамен бір жарым жыл кеткен. Оның ал­­ты айы дайындыққа, бір айы түсірілімге, же­ті-сегіз айы постөндіріске жұмсалған. Бас­­ты рөлдерге актерлерді іріктеу де мұ­қият жүргізілген. Кейіпкерлердің мінезін, ішкі күйзелісін, кәсіби болмысын жеткізе ала­тын актерлерді табу үшін ұзақ кастинг жа­салған.

– Бұл – Орталық Азиядағы ең ірі өрт­тердің бірі туралы фильм. Көп адам бұл оқи­ғаның нақты ауқымын толық біле бер­мейді. Біз үшін ең маңыздысы – сол қа­сі­реттің салмағын сездіру, орманшы маман­ды­ғының қаншалықты жауапты екенін көр­сету. Түсірілім кезінде табиғатқа зиян кел­тірмеуге ерекше мән бердік. Өрт көрі­ніс­терін жасау үшін арнайы пиротехни­ка­лық тәсілдер қолданылды, бірақ бірде-бір ағашқа зақым келген жоқ. Өйткені орманда тек ағаш емес, жан-жануар, тұтас тіршілік бар. Біз осы фильм арқылы табиғатты қор­ғап жүрген бейбіт күннің батырларына құр­­­мет көрсеткіміз келді, – дейді ре­жис­сер.

Қарағайлы орманның өрт құшағында қал­ғанын көркем суреттеген фильмнің ай­тар ойы да салмақты. Бірақ түсірілім тобы кейіпкерлер мен оқиғалар фильмнің көр­кемдік тұсын айқындау үшін өзгертілгенін айтады. Кинодағы актерлік жұмыстар да оқиғаның эмоциялық әсерін күшейтеді. Әсіресе басты рөлдердің бірін сомдаған Асан Мәжіттің кейіпкері арқылы өрттің адам жанына түсірген салмағы беріледі. Ак­тер бұл оқиға туралы бұрын естігенімен, оның нақты ауқымын фильмге дайындық барысында терең түсінгенін жеткізіп, кадр сыртында сезінген ішкі күйін, ойын бө­лісті.

– Ең ауыр сахналардың бірі кейіп­керім­нің қаза тапқан әріптестерін орман ішінде жоқ­тап жылаған көрінісі болды. Оны түсіру оңай­ға соққан жоқ, үлкен эмоционалды дайы­н­­дық қажет етті. Режиссер мен продю­­­серлердің айтуынша да, бұл фильмдегі ең әсерлі сахналардың бірі. Өрттен кейін жау­ған жаңбыр, кейіпкердің ішкі күйзелісі, ор­ман ішіндегі ауыр үнсіздік, бәрі-бәрі қо­сылып ерекше атмосфера тудырды. Ме­нің кейіпкерім – көркем образ. Бірақ сол образ арқылы қаза болған орманшылардың жан дүниесін, сол күндердің ауыртпалығын жет­кізуге тырыстым. Семей орманындағы өрт – еліміздің тарихындағы ең ауыр оқи­ға­лардың бірі. Ол әрқайсымыздың жады­мыз­­да қалуы ке­рек, – дейді Асан Мәжіт.

Фильмде орманшының жұбайын сомдаған Алтыншаш Шаяхметова­ның пікірі де осы ойды толықтыра түседі. Оның айтуынша, бұл картинадан кейін тө­тенше жағдай, өрт сөндіру, орман шаруа­шы­лығы саласында еңбек ететін азамат­тар­дың отбасына да басқа көзбен қарай бас­тайсың. Себебі қауіпке қарсы тұрған бір адам­ның артында оны уайымдап отырған ана­сы, жары, баласы, жақыны бар. Қызмет­тегі қатер бір адамның ғана емес, тұтас от­ба­сының тағдырына әсер етеді. Осы се­бепті «38. Соңғы нүкте» тек орманшылар ту­­ра­лы фильм болып қалмайды. Ол көрер­мен­ді апат кезінде алдыңғы шепте жүретін бар­лық маманның еңбегін бағалауға ша­қырады. Өрт сөндіруші, құтқарушы, ор­ман­шы, төтенше жағдай қызметкері – бұ­лардың бәрі бейбіт күнде көзге көп түсе бер­мегенімен, сын сәтте қоғамның қауіп­сіздігін арқалайтын адамдар.

«38. Соңғы нүктеде» көрсетілетін тас­па­лы қарағайлы орман – фильмнің негізгі өзегі. Жүздеген шақырымға созылған бұл орман – Қазақстан табиғатының қайталан­бас бірегей ландшафтының бірі. Оны қор­ғау үшін 2003 жылы «Семей орманы» мем­лекеттік орман табиғи резерваты құрылған еді. Бүгінде резерват аумағы 657 мың гек­тардан асады. Сондықтан фильмдегі өрт көріністері тұтас экожүйенің бұзылғанын көр­сеткісі келген. Әрине, мұндай туынды­ны көргенде көрермен киноның көркемдік шешіміне ғана назар аударып қоймайды. Оның ар жағында адамдардың өмірі, отба­сылардың қайғысы, қоғамның сабағы тұрғанын көреді. Бірінің артында өзі көріп үлгер­меген баласы мен жары қалды. Бірі от­ба­сының жалғыз асыраушысынан айы­рыл­са, енді бірінің екі күннен кейін тойы еді. Бұл деректер фильмнің эмоциялық сал­мағын одан әрі арттыра түседі.

«38. Соңғы нүкте» оқиғаны тамашалап қа­на шығатын жеңіл фильм емес. Кері­сін­ше, адамды ойландыратын, табиғатқа, қауіп­сіздікке, маман еңбегіне деген көз­қарас­ты өзгертетін туынды. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью