Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
АЛМАТЫ, 4 маусым – Sputnik. Қазақстанда жыл сайын 4 маусымда Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтеді. Бұл – ел тәуелсіздігінің басты нышандары саналатын Ту, Елтаңба және Әнұранға құрмет көрсетілетін ерекше күн, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Рәміздер – егемен елдің тарихын, болмысын және тәуелсіздігін айшықтайтын маңызды белгілер.
Қазақстанның Мемлекеттік туы 1992 жылғы 4 маусымда, Елтаңбасы 1992 жылғы 4 маусымда, ал қазіргі Әнұраны 2006 жылғы 7 қаңтарда бекітілді.
Мемлекеттік рәміздер күні – мереке ғана емес, рәміздердің тарихи және рухани маңызын еске салатын күн. Әрбір азамат өз елінің мемлекеттік рәміздерін біліп, құрметтеуге тиіс.
Рәміздерге ерекше құрмет көрсеткендер марапатталады
Президенттің ұлттық құрылтай отырысында айтқан сөздерінен кейін мемлекеттік рәміздерді насихаттауға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді.
Биыл 21 қаңтарда премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік рәміздерге ерекше құрмет көрсеткендерді қосымша ынталандыру шаралары әзірленетінін мәлімдеді.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мемлекеттік рәміздерге ерекше құрмет көрсететін азаматтарды қосымша ынталандыру шаралары әзірленеді", - деді Балаева.
Ел бойынша мерекелік іс-шаралар өтеді
4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай еліміздің барлық өңірінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады. Олардың қатарында патриоттық кездесулер, танымдық дәрістер, мұражай көрмелері, мәдени-танымдық бағдарламалар мен мерекелік концерттер бар.
4 маусым күні сағат 17:00-де Алматы қаласындағы Көк-Төбе демалыс саябағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мерекелік Open-Air концерт ұйымдастырылады. Іс-шара заманауи фестиваль форматында өтіп, әртүрлі буын өкілдерін бір алаңға тоғыстырады.
Ал Астанада Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында "Менің елім – менің туым" дәстүрлі акциясы бастау алды. Елорда жастары мен қала әкімдігінің қолдауымен өткен іс-шара аясында мемлекеттік Ту қаланың тұрғын үйлердің қасбеттеріне ілінген.
Акцияның басты мақсаты – жастар арасында патриоттық құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру және елдік рухты нығайту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама бірнеше жылдан бері өткізіліп келеді және жыл сайын оған қатысушылар қатары артып жатыр.
Бас жүлде – пәтер: Астанада республикалық бәйге ұйымдастырылады
Мемлекеттік рәміздер күніне орай 7 маусымда республикалық бәйге турнирі өтеді. Жарыс барысында сәйгүліктер бірнеше қашықтықта сынға түседі:
9 шақырымдық "құнан" бәйге:
1-орын – 3 000 000 теңге;
2-орын – 1 500 000 теңге;
3-орын – 700 000 теңге.
16 шақырымдық "топ" бәйге:
1-орын – "Changan" автокөлігі;
2-орын – 3 000 000 теңге;
3-орын – 1 000 000 теңге.
25 шақырымдық "аламан" бәйге:
1-орын – 1 бөлмелі пәтер;
2-орын – "Changan" автокөлігі;
3-орын – 2 000 000 теңге;
4-орын – 700 000 теңге;
5-орын – 300 000 теңге.
Семейде рәміздер алаңы салынып жатыр
Абай облысының орталығы Семейде Рәміздер алаңының құрылысы жүріп жатыр. Жобаға сәйкес алаңның диаметрі 28 метр, жалпы биіктігі 35 метр болады.
Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр. Заманауи талаптарға сай бой көтеріп жатқан нысан қаланың сәулеттік келбетіне ерекше сән бермек. Сондай-ақ, тұрғындар мен қонақтар үшін маңызды қоғамдық кеңістіктің біріне айналмақ.