Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Үштаңбалы сандарды еркін қосып-азайтып жүрген Әли мен оның анасы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына онлайн сұхбат берді.
— Өзі тілі шыққаннан бастап оқу құралдарына қызығып, саусақпен санай бастады. Кейін балабақшада жүргенде де апайлары қабілетін байқаған. Көбейту-бөлу сынды есептерді шығарып жатқанын көріп, «мектепке апарып көресіз бе? Бізде балаға қызық болмай жатыр» деп айтты. Басында кішкене барып көрсінші деп апарғанбыз. Егер қиналса, бармай-ақ қояды деген шешім шығардық. Бірақ қызығушылығы әлі де жақсы. Таңертең қиналмай тұрып, маған еріп мектепке барады, — дейді Әлидің анасы Нұргүл Мырзағали.
4 жасар бүлдіршін ағылшынша да үйреніп жүр екен.
— Мен өзім ағылшын тілі пәнінің мұғалімімін. Ұлым Әли де ағылшын тілінде санауды, есептеуді меңгерген. Жануарлардың да аттарын біледі. Балам әлі ресми түрде мектепке тіркелген жоқ. Бірақ даярлық сынып мұғалімдері қабілетін көргеннен кейін даярлық сыныпқа баруға болады деп шешті. Қазір солай барып жүр. Арнайы тексеріс бойынша қарым-қабілеті мектепке баруға толық жетіп тұр. Менің 6 балам бар. Әли — ең кіші ұлым. Балаларымның бәрінің мектептегі үлгерімдері жақсы. Өзге балаларымның тілге қабілеті жақсы еді. Ал математикалық қабілет тек Әлиде ғана, — дейді Әлидің анасы.
Вундеркинг бала отандық білім беру саласындағы беделді кәсіпкерлердің де көзіне түсіп үлгеріпті.
— Үйде ойнайды, теледидар көреді, сабаққа барып келеді. Сосын өзі артымнан қалмай, «Есеп шығарайықшы», «Мынау қандай болады?», «Мынау қанша болады?» деп сұрақты өте көп қояды. Баланы қинап, арнайы дайындап, оқытпаймыз. Өткен жолы Ырысбек Мәуіт ағай ауылға арнайы іздеп келіп, өзінің мектебіне грант ұсынып кетті. Енді 3-сыныпқа өткенде сол мектепке апаруды жоспарлап отырмыз, — дейді Нұргүл Мырзағали.
Айта кетейік, Астанада 3 мың бүлдіршін «Балақайлар мектебімен» қамтылатыны белгілі болды.