400 емшара кабинеті және 105 жабылған стоматология. Медфармбақылау басшысымен сұхбат

17.08.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Жақында Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің қазіргі күйінде өмір сүруін тоқтататыны белгілі болды - ол екі ведомствоға бөлінеді. Биыл стоматологиялар, емшара кабинеттері мен пластикалық хирургия клиникалары тексеріліп жатқанда комитеттің атауы жаңалықтарда жиі көрінді.

Tengri Health тілшісі әзірге біріккен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповпен тексерулердің нәтижесі, дәрі-дәрмек саудасын қатаңдату, баға мен қазақстандықтардың шағымы туралы сөйлесті.

Қайғылы жағдай болмай тұрып тексеру қажет

- Бауыржан Әлішерұлы, жақында Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті екі ведомствоға - Медициналық бақылау комитеті және Фармация комитеті болып бөлінеді. Соның қайсысын басқарасыз?

- Әзірге бұл белгісіз. Заңмен белгіленген тиісті рәсімдер бар. Қай комитетті кім басқаратыны кейін белгілі болады.

- Ал өзіңіз қайсысын басқарғыңыз келер еді?

- Әзірге кесіп айта алмаймын.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов. Фото: © Tengrinews.kz / Роман Павлов

- Онда бөлінудің өзіне тоқталайық. Қазіргі комитеттің осы күйінде нақты неге шамасы келмей жатыр? Клиникалар мен дәріханаларды бақылау сапасы ма, шағымдарға жауап беру жылдамдығы ма, әлде лицензиялау ма?

- Мен мәселені комитеттің шамасы келеді немесе келмейді деп қоймас едім. Оған халық пен тиісті органдар баға береді. Бұл жерде көбіне функцияларды күшейту туралы сөз болып отыр.

Бүгінде комитет жұмысында екі үлкен блок бар. Біріншісі медициналық көмек көрсету саласын бақылайды. Екіншісі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымымен байланысты. Бұл бақылау ғана емес, препараттарды тіркеу, олардың нарыққа шығуы, кейінгі айналымы және тағы басқалар. Бізге екі бағытты да күшейту керек.

Бұл әсіресе медициналық қызметтердің сапасына қатысты. Бізде реттеу құралдарының кең спектрі бар - лицензиялау, мамандарды сертификаттау, аккредиттеу. Оларды шоғырландырып, бірыңғай арнаға бағыттау қажет. Мұнымен Медициналық бақылау комитеті айналысуы тиіс.

Екінші орган - Фармация комитеті - дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласына, оның ішінде контрафактілік өнімдермен күреске басымдық береді.

- Кейінгі онжылдықтарда сіздің құрылымыңыз бірнеше рет реформаланып, басқа комитеттермен біріктірілді, содан кейін қайтадан бөлінді. Кезекті қайта құрудан кейін қарапайым қазақстандық нені сезінеді: шағымдар тезірек қарала ма? Бақылау қатаңдай ма?

- Қарапайым азамат үшін ең басты көрсеткіш - қажетті медициналық көмекті сапалы және стандарттарға сай алу.

Біздің басты міндетіміз - шағым түскеннен кейін емес, оған дейін әрекет ету, яғни профилактикамен айналысу. Өкінішке қарай, осы жылдар бойы профилактикалық бақылау құралдары жеткіліксіз деңгейде болды.

Tengrinews.kz журналисі Рабиға Дүйсенғұлова. Фото: © Tengrinews.kz / Роман Павлов

- "Профилактикалық бақылау" деген не?

- Қазір біз ақпараттық жүйені жаңарттық және енді медициналық ұйымның ресурстарын көре аламыз: ол қандай халыққа қызмет көрсетеді, қандай қызмет түрлеріне лицензиясы бар, онда қанша маман жұмыс істейді және тағы басқалар.

Комитет сарапшысы клиникаға бармай-ақ олқылықтарды көре алады. Егер олар болса, ұйым оларды жоюы үшін алдын ала ұсынымдар жібереді.

Профилактикалық бақылаудың мәні осында және біз шағымдар мен пациенттің денсаулығына зиян келтірілген жағдайларды күтіп отырмай, оны арттыруымыз керек.

- Бірақ медициналық ұйымдар өте көп. Комитетте бәрін бақылауға адам жете ме?

- Біз медициналық ұйымдардың қызметін бағалайтын 60 негізгі индикаторды белгіледік. Бесеуі іске қосылды, қалғандары дайындалып жатыр. Олар - лицензияның болуы, лицензиялық талаптарға сәйкестік, қажетті жабдықтар, тиісті сертификаты бар маман, кадрлармен қамтамасыз етілу.

Әрі қарай тікелей медициналық көмек көрсетумен байланысты критерийлерді қосамыз: клиникалық көрсеткіштер, ана өлімі, вакцинациямен қамту және басқалар.

Жүйе тәуекелі бар ұйымдарды автоматты түрде анықтайды. Егер көрсеткіштер төмен болса, сарапшы жүйеге кіріп, қандай мәселелер бар екенін көріп, ұсынымдар қалыптастыра алады.

Фото: © Tengrinews.kz / Роман Павлов

Шағымдар 40 пайыз артты

- 2025 жылы және 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында медициналық қызметтерге қатысты қанша шағым түсті? Шағым көбейіп жатыр ма, әлде азайды ма?

- 2025 жылдың қорытындысы бойынша комитетке және аумақтық департаменттерге бүкіл Қазақстан бойынша 28–29 мыңға жуық өтініш түсті.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бізге 14 мыңға жуық өтініш түсті. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өсім шамамен 40 пайыз болып отыр. 

- Олардың көбеюіне не себеп?

- Адамдар түрлі мәселе бойынша жүгінеді. Егер шағым медициналық көмектің сапасыз көрсетілуіне қатысты болса, біз тексеріс жүргіземіз.

Алғашқы алты айда өтініштер бойынша 900-ге жуық тексеріс жүргізілді, оның үштен біріне жуығы негізді деп танылды. Бұл шамамен 300 жағдай.

Әдетте жылына екі мыңға жуық жоспардан тыс тексеріс болады.

Әрбір өтініш міндетті түрде тексеріспен аяқталмайды. Көптеген мәселені сол жерде шешуге, адамға түсіндірме беруге болады. Бірақ, әрине, егер пациентке ота жасалып, ол оның сапасыз жүргізілгенін айтса, онда біз медициналық ұйымға тексеріске барамыз.

- Адамдар көбіне неге шағымданады?

- Бірінші жартыжылдықтың қорытындысына қарасақ, үш негізгі блокты бөліп көрсетуге болады:

медициналық көмектің сапасыз көрсетілуі; медициналық көмектің ұйымдастырылуы - бұл, мысалы, адамның қызметті уақтылы ала алмауы; медицина қызметкерлерінің этикасы мен деонтологиясы мәселелері.

Анықтама: медицина қызметкерлерінің этикасы мен деонтологиясы - дәрігердің пациентпен, оның туыстарымен және әріптестерімен қарым-қатынасын реттейтін кәсіби мінез-құлық нормалары мен моральдық принциптер. Негізгі принциптері: пациентке құрмет көрсету, құпиялылық, ақпараттандырылған келісім, кәсіби құзыреттілік, "зиян келтірме" қағидасы, пациент құқықтарын сақтау және әріптестерге деген дұрыс қарым-қатынас.

Егер емханалар туралы айтар болсақ: қабылдауға жазылу, бейінді маманға қаралу, көмекті уақтылы алу, диагностикалық зерттеуден өту мүмкіндігі - бұлар бойынша өтініш ең көп түседі.

Стационарларда - ауруханаға жатқызу, шұғыл көмек алу және басқа да мәселелер.

- Қай өңірлерде шағым көбейіп жатыр?

- Сандық тұрғыдан алғанда, халық тығыз қоныстанған жерлерде шағым көп болатыны түсінікті. Сондықтан біз динамикаға қараймыз. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша шағым мен өтініштің елеулі өсімі елдің батыс өңірлерінде байқалды. 

Қазір себептерін талдап, әкімдіктермен және денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз.

Әлеуметтік желідегі шу немесе e-Otinish

- Адамдар арасында ресми шағым түсіргеннен көрі, әлеуметтік желіге жазсаң немесе БАҚ-қа жүгінсең, мәселе тезірек шешіледі деген түсінік әлі де бар. Бұған келісесіз бе?

Фото: © Tengrinews.kz / Роман Павлов

- Жоқ. e-Otinish арқылы түскен шағым мемлекеттік органда ресми түрде тіркеледі. Оған өтінішпен айналысатын сарапшы бекітіледі және ол бойынша міндетті түрде шешім қабылданады.

- Яғни, егер проблемасы бірдей екі адам болса, оның бірі әлеуметтік желі мен БАҚ-та шу шығарса, ал екіншісі e-Otinish арқылы жазса, нәтиже бірдей болуы керек пе?

- Әрине.

- Өзіңіз немесе жақындарыңыз сапасыз медициналық көмекке кезіккен кездеріңіз болды ма?

- Мен, менің отбасым, балаларым кәдімгі емханаға тіркелгенбіз. Жеке тәжірибемде мұндай жағдайлар болған жоқ.

Бірақ жұмыс бабымен маған пациенттер ұйымдары хабарласады, адамдар жазады. Егер сапасыз көмек туралы шағым түссе, бірден әрекет етуге тырысамын. Содан кейін әріптестерім заңнамада қарастырылған рәсімдерді жүргізеді.

400-ге жуық емшара кабинеті рұқсатсыз жұмыс істеген

- Енді сіздің комитет тексеріс жүргізген атышулы істерді талқылайық. Былтыр өте көп емшара кабинеті заңсыз жұмыс істегені белгілі болды. Әртүрлі сан айтылды - қорытындысында олардың саны қанша болды?

- Ел бойынша біз 1 900-ге жуық емшара кабинетін анықтадық.

Оның 400-ге жуығы рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген. Яғни, заңсыз қызметті жүзеге асырған.

Сарапшылар санитарлық нормалардың бұзылуын, тіркелмеген дәрілік препараттарды қолдану жағдайларын анықтады, кейбірі стандарттарға сәйкес келмейтін жағдайларда жұмыс істеген.

Әдетте, бұл - дәрігері жоқ, емшараларды медбике жүргізетін дәрігерге дейінгі кабинеттер. Олардың өз бетінше дәрі-дәрмек тағайындаған фактілері болды, негізінде бұған құқықтары жоқ.

Өкінішке қарай, өліммен аяқталған жағдайлар да болды - былтыр емшара кабинеттерінде осындай екі-үш оқиға болды. 

- Заңсыз жұмыс істеген 400 кабинеттің мәселесі не болды?

- Шамамен 200-і түсіндіру жұмыстарынан кейін өз еркімен қызметін тоқтатты. Қалғандары бойынша тиісті рәсімдерді жүргізіп, материалдарды сотқа өткізіп жатырмыз.

Қазір біздің комитет қадағалау құзыретіне ие болды: егер біреу медициналық қызметті лицензиясыз жүзеге асырып жатқаны анықталса, біз мұндай ұйымның жұмысын тоқтата тұруға құқылымыз.

Фото: © Tengrinews.kz / Роман Павлов

- Бірақ адамдар бәрібір емшара кабинеттеріне барады. Чаттарда үнемі "Маған система қою керек" деп таныс медбике іздеп жатады. Адам қай жерге баруға болатынын, ал қай жерге болмайтынын қалай түсінеді?

- Өз бетінше емделумен айналыспау керек және көктамырға инфузияларды бақылаусыз қабылдауға болмайды - кез келген дәрілік препаратты дәрігер тағайындауы тиіс.

Екінші мәселе: кез келген инвазивті процедура - бұл инфекциялық немесе препаратты көтере алмау қаупі. Тиімділігі жоғары таблетка түріндегі дәрі-дәрмек өте көп. Әрдайым система қоюдың қажеті жоқ.

Біз оларды дәрігері бар, қажетті жабдықтармен қамтылған және асқынулар туындаған жағдайда көмек көрсету мүмкіндігі бар ұйымдарда қабылдауды ұсынамыз.

- Ал емшара кабинетін қалай тексеруге болады?

- Медициналық ұйымның лицензиясы болуы және ол көрінетін жерде тұруы тиіс. Пациент оны көрсетуді талап етуге құқылы.

Лицензияда QR-код болады. Оны сканерлеп, eLicense жүйесіне өту арқылы кабинеттің тиісті медициналық көмек түрін көрсетуге расында құқығы бар-жоғын тексеруге болады.

Егер лицензияны көрсеткісі келмесе, адам ұйым ішіндегі пациенттерді қолдау қызметіне немесе тікелей біздің аумақтық департаменттерге жүгіне алады.

105 стоматология жұмысын тоқтатты

- Биыл стоматологиялық клиникаларға да ауқымды тексерулер жүргізілді. Нәтижесі қандай?

- Біз 600-ге жуық стоматологияны тексердік - 105 клиника жұмысын өз еркімен тоқтатып, лицензиясын қайтарды.

20-ға жуық ұйымның қызметі уақытша тоқтатылды. Тексерушілер жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам 500-ге жуық айыппұл салды. 30-ға жуық субъект бойынша материалдар сотта жатыр.

- Нақты қандай заңбұзушылықтарды анықтадыңыздар?

- Негізгілерінің бірі - стоматологиялық көмек көрсету стандарттарының өрескел бұзылуы. Сондай-ақ лицензиялық талаптарға сәйкессіздік, тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолдану және басқа да кемшіліктер анықталды.

- 600 стоматология тексеріліп, оның 105-і жұмысын тоқтатқаны өте алаңдатарлық жағдай сияқты. Ал Қазақстанда барлығы қанша стоматология бар?

- Екі мыңнан асады. 

- Қалғандарын тексеруді жоспарлап отырсыздар ма? Себебі мұндай нәтижелерден кейін, шынын айтқанда, қарапайым адам тісін емдетуге баруға қорқады. 

- Мәселе мүмкіндігінше көп ұйымды тексеруде емес.

Өкінішке қарай, медициналық көмектің сапасын тексерулермен ғана жақсарту мүмкін емес.

Әрине, бақылау және қадағалау функциялары қалады және күшейтіледі. Бірақ, мен айтып өткендей, біз барлық медициналық ұйымда, соның ішінде стоматологияларда профилактикалық бақылауды енгізгіміз келеді. Біз медициналық көмек көрсету туралы мәліметтерді автоматты түрде алып, заңбұзушылықтарды көріп, оларға алдын ала әрекет етуіміз керек.

Яғни тексеріп, айыппұл салу ғана емес, басқа да құралдар жұмыс істеуі тиіс.

Біз Денсаулық сақтауды дамыту орталығы базасында Ұлттық сапа институтын құруды жоспарлап отырмыз. Ол әдіснамамен, медициналық ұйымдарды өзін-өзі бағалаумен, басшыларды оқытумен және ішкі сапа бақылауымен айналысуы тиіс.

Әрбір басшы медициналық көмек сапасын басты орынға қоюы керек.

Фото: © Tengrinews.kz / Роман Павлов

Стоматологияны қалай таңдау керек?

- Қазір стоматология өте көп. Кіріп барсаң - әдемі жөндеу, классикалық музыка, шәй мен кофе ұсынады. Бірақ бұл көріністің артында не тұрғанын мүлдем түсінбейсің. Қарапайым адам не нәрсеге назар аударуы керек?

- Тағы да қайталап айтамын, ең бірінші және ең маңыздысы - лицензияның болуы. Екіншісі - маманның тиісті сертификаты. Бұл - медициналық ұйымның белгіленген талаптарға сай екенін көрсететін екі негізгі дүние. Сіз оларды көрсетуді сұрай аласыз.

- Лицензияның өзі жеткілікті ме? Мысалы, стоматолог немесе анестезиолог туралы сөз болса - нақты дәрігерді қалай тексере аламын?

- Медициналық ұйымға лицензия берілген кезде, сонымен қатар көмектің осы түрін көрсету үшін тиісті сертификаты бар маманның болуы да тексеріледі.

Дәрігердің клиникалық практикаға жіберілуі маман сертификатымен расталады. Егер дәрігерде ол болса, осы көмекті көрсетуге құқылы.

Ал ары қарай нақты дәрігерге деген сенім деңгейі сөйлесу, кеңес алу және қарап-тексеру кезінде қалыптасады. Пациент маманды таңдауға құқылы.

Фото: © Tengrinews.kz / Роман Павлов

Стоматология және зейнетақы жинақтары

- Зейнетақы жинақтарын стоматологияға пайдалану кезінде қомақты қаражат туралы сөз болды. Атыраудағы бір клиниканың өзіне 22,9 миллиард теңге түскен. Сіздің комитет зейнетақы ақшасының қозғалысын бақыламайтынын түсінемін, бірақ лицензияларды қадағалайды. Осы тергеуге іліккен стоматологияларды тексердіңіздер ме?

Анықтама: 2025 жылы зейнетақы жинақтарын стоматологиялық қызметтерге пайдалану төңірегінде дау туындады. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, жалған келісімшарттар мен медициналық құжаттар арқылы БЖЗҚ-дан 200 миллиард теңгеден астам қаражат шығарылған. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл схемаға 42 стоматологиялық клиника тартылған, ал делдалдар қолма-қол ақшаға айналдырылған соманың 10–20 пайызын алып отырған. Атырау ерекше назарға ілікті: жергілікті бір ғана клиника арқылы 22,9 миллиард теңге зейнетақы жинағы өткен. Анықталған заңбұзушылықтардан кейін 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап зейнетақы қаражатын стоматологиялық емдеуге пайдалануға өтініш қабылдау тоқтатылды. Кейін клиникаларды тексеру және қылмыстық тергеу басталып, оның аясында айыптылар ұсталып, қамауға алынды.

- Иә. Прокуратураның тапсырмасы бойынша біз бұл ұйымдарды тексердік. Біз жаңа ғана 600 стоматологиялық клиника туралы айттық, солардың ішінде зейнетақы жинақтарын қолдану арқылы көмек көрсеткендері де болды.

Бірқатар ұйым бойынша расында сұрақтар туындады.

Лицензия берілген кезде тиісті құжаттар пакеті қалыптастырылады. Біздің сарапшылар нысанға барып, фото және видеотіркеу жүргізеді, мәліметтер eLicense жүйесінде сақталады.

Біз бұл материалдарды көтеріп, тексеріп шықтық. Лицензия берілген сәтте қажетті құжаттар болған, ұйымдар талаптарға сай еді.

Бірақ кейін тексеруге шыққан кезде заңды мекенжайы бар, лицензиясы бар, бірақ іс жүзінде ұйым қызмет көрсетпейтін жағдайларды анықтадық.

Бұл тағы да бізді мерзімсіз лицензия мәселесіне қайтарады. Сондықтан біз ұйымның талаптарға сәйкестігін мерзімді түрде растап отыруды ұсындық. 

Фото: © Tengrinews.kz / Роман Павлов

- Егер зейнетақы жинақтарын стоматологияға пайдалануға қайта рұқсат берілсе, мұндай оқиғалар қайталанбауы үшін бақылауға қосыла аласыздар ма?

- Егер ондай шешім қабылданса, нақты қандай шаралар қолданылатынын қазір айта алмаймын. Зейнетақы жинақтарын пайдалану - мәселенің басқа қыры.

Біз үшін медициналық көмектің қандай ақшаға көрсетілетіні маңызды емес - тегін бе, ақылы ма немесе зейнетақы жинақтары есебінен бе. Біздің міндетіміз - медициналық көмектің сапасын бақылау.

Пластикалық хирургия клиникаларын тексеру

- Қазір пластикалық хирургия клиникалары тексеріліп жатыр. Қандай мәліметтер белгілі болды?

- Біз кейінгі уақытта пластикалық хирургия қызметтерін көрсеткен 120-ға жуық ұйымды тексере бастадық - барлығы 200-дей ұйым бар. Олардың көпшілігі ірі қалаларда, ең алдымен Алматы мен Астанада орналасқан.

Тексеру әлі жалғасып жатыр, сондықтан түпкілікті нәтиже әзірге жоқ.

Бірақ екі ұйым бойынша шұғыл ден қою шаралары қабылданды - олардың қызметі тоқтатылды. Олар өздерінде лицензиясы жоқ медициналық көмектің жекелеген түрлерін көрсеткен.

Анықтама: Кейінгі бір жылда Қазақстанда пластикалық отадан кейінгі өлімге қатысты резонанс турдырған бірнеше оқиға болды. 2025 жылғы маусымда Астанада септоринопластикадан кейін 59 жастағы әйел қайтыс болды. Кейін ота жасалған кезде клиниканың пластикалық хирургия, анестезиология, реаниматология және стационарлық көмек көрсетуге лицензиясы болмағаны анықталды. Ұйым лицензияны пациент қайтыс болғаннан кейін алған, кейін оның қолданысы тоқтатылды. 2026 жылдың көктемінде тағы екі қайғылы оқиға болды.  Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов Ақтаудағы жеке клиникаға иек астындағы майды алдыру үшін жүгінген. Ота кезінде ол комаға түсіп, кейін қайтыс болды. Жоспардан тыс тексеру көмек көрсетуді ұйымдастыруда, емдеу-диагностикалық шараларда және құжаттама жүргізуде кемшіліктерді анықтады. 15 мамырда Алматыдағы жеке клиникада жоспарлы липосакциядан кейін блогер Сәуле Базархан көз жұмды. Туыстарының айтуынша, ота жергілікті анестезиямен жасалып, бір жарым сағатқа созылуы керек еді, алайда бірнеше сағаттан кейін оларға әйелдің қайтыс болғаны хабарланған. Полиция қылмыстық іс қозғады, тергеу жалғасып жатыр. Бірқатар өлім жағдайынан кейін Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия клиникаларын жаппай тексере бастады.

- Яғни, рұқсаты жоқ оталар жасаған ба?

- Иә.

Фото: © Tengrinews.kz / Роман Павлов

"Ерінді үлкейту - бұл медициналық қызмет"

- Бүгінде қарапайым сұлулық салоны мен медициналық косметологияның аражігі қайда? Қазір қыздар ботокс салдырады, еріндерін үлкейтеді - бұл процедуралар кофе ішуге барғанмен бірдей күнделікті әдетке айналды. Бұл ретте мұның бәрін жасайтын косметологтың медициналық білімі мүлдем болмауы да мүмкін.

- Сұлулық салондарында медициналық процедуралардың жасалуы - мүлдем дұрыс емес. Олар тек медициналық ұйымдарда жүргізілуі тиіс.

Егер салон мұндай қызметтерді тиісті рұқсатсыз көрсетсе - бұл заңсыз қызмет. Мұндай жағдайларда біздің комитетке және құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.

- Мұнда да сол принцип жұмыс істей ме: адам лицензияны тексеруі керек пе?

- Әрине. Мысалы, егер сізге инвазивті процедура - кез келген ине салу түрі ұсынылса, мұның қауіп-қатермен байланысты екенін түсінуіңіз керек.

Сізге қандай препарат егіп жатыр? Қандай зат? Процедураны кім жасап жатыр? Медицина қызметкерлері, санитарлық жағдай мен рұқсат құжаттары жоқ жерде мұндай процедураларды жасатуға болмайды.

- Сіз үшін анық көрінуі мүмкін сұрақ қояйын. Ерінді үлкейту - медициналық қызмет пе?

- Егер бұл инвазивті процедура болса - иә.

- Яғни ернін үлкейтетін немесе ботокс салдыратын қыздар мұны медициналық ұйымда жасатып, лицензиясын тексеруі керек пе?

- Сөзсіз. Олар бұл қызметтерді тек медициналық ұйымда алуы тиіс.

Ауыр жағдайлардан кейін дәрігерді жұмыстан шеттетуге бола ма?

- Егер дәрігердің жұмысына қатысты бірнеше ауыр жағдай тіркелсе, бірақ қылмыстық тергеу әлі жалғасып жатса, комитет оған ота жасауға уақытша тыйым сала ала ма?

- Бізде мұндай өкілеттіктер белгілі бір жағдайларда ғана бар. Мысалы, егер адам тиісті сертификатсыз медициналық көмек көрсетіп жүрсе.

Ал егер мәселе медициналық көмек көрсету кезіндегі өрескел олқылықтар туралы болса, бізде мұндай өкілеттік жоқ - сертификатты қайтарып алу не маманның өз шешімімен, не сот шешімімен жүзеге асырылады. 

Қызметкерді еңбек қатынастары аясында жұмыс беруші уақытша шеттете алады.

- Бірақ қылмыстық іс айлап, кейде жылдап тергелуі мүмкін. Мұндай жағдайда келесі пациентті кім қорғайды?

- Бұл жерде мынаны түсіну керек: ешкім пациентке әдейі зиян келтірмейді. 

Дәрігер мамандығы белгілі бір процедуралар мен оталардан кейін асқынулар болуы мүмкін екенін білдіреді. Өзім хирург ретінде айта аламын: жағдай әртүрлі болады - әрқайсысы жеке бағалануы тиіс.

Бір оқиғаға қарап, дәрігер қателік жіберді және енді мүлдем медициналық көмек көрсетпеуі керек деп айтуға болмайды.

Егер қылмыстық іс жүріп жатса, тиісті сот шешімі болуы тиіс.

Жаңа тексерістер жемқорлыққа әкелмей ме?

- Әрбір атышулы оқиғадан кейін: "Бақылауды күшейту керек" дегенді естиміз. Бірақ бәрін тек қосымша тексерістермен шешуге бола ма және басқа қауіп туындамай ма - рұқсаттар мен тексерушілер көбейген сайын, жемқорлыққа жол ашылмай ма?

- Жемқорлық тәуекелдерімен, ең алдымен, цифрландыру арқылы күресу қажет.

Лицензия беру және тексеру жүргізу процестеріне адамның қатысуын барынша азайту керек. Бәрі мүмкіндігінше ақпараттық жүйелер арқылы өтуі тиіс.

Біз тексерулерді де цифрландырғымыз келеді: сарапшы медициналық ұйымға барып, өзгертілмеуі тиіс белгілі бір чек-лист бойынша жұмыс істейді. Қызметкердің кейін бірдеңені өзгертуге мүмкіндігі болмауы үшін деректер бірден жүйеде сақталуы керек. Осылайша біз жемқорлық тәуекелдерін барынша азайта аламыз.

- Ал бұл ретте адал жұмыс істейтін клиникалардың өзіне қиын болатындай "бұранданы тым қатты бұрап" жібермеудің амалы қандай?

- Менің айтпағым, бәрі тек тексерулерге негізделмеуі керек.

Профилактикалық бақылау, медициналық ұйымдарды қолдау, ұсыныстар, сапаны басқарудың ішкі менеджменті жұмыс істеуі тиіс.

Бұл ретте талаптар мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдар үшін бірдей.

Фото: © Tengrinews.kz / Роман Павлов

Неге адамдар дәрі-дәрмектің арзандағанын байқамайды?

- Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасының төмендегені туралы үнемі хабарлайды. Бірақ көпшілік дәріханаға барғанда бағаның ешқандай төмендеуін сезбейді. Неге ресми статистика мен сатып алушылардың түйсігінде айырмашылық бар?

- Денсаулық сақтау министрлігі дәріханаларда сатылатын препараттардың белгілі бір бөлігінің ғана бағасын реттейді.

Шілдеде біз өзгерістерді бекіттік және қазір шамамен екі мыңдай дәрі-дәрмекке шекті баға белгілеп жатырмыз (Қазақстанда барлығы жеті мыңға жуық препарат тіркелген - ред. еск.). Қалғандары бойынша баға бәсекелестік негізінде қалыптасады.

Былтыр біз шекті бағаларды қалыптастыру тәртібін өзгерттік. Қосымша шығындарды алып тастадық. Өндіруші немесе жеткізуші бағаны мәлімдеген кезде, біз бұл дәрінің басқа елдерде қанша тұратынын салыстырамыз. Егер одан арзан екенін көрсек, бағаны қайта қарауды ұсынамыз.

Қазір мониторинг нәтижелері бойынша реттеуге жататын препараттардың құны негізінен тұрақты екенін, кейбіреулері бойынша төмендеу болғанын көріп отырмыз.

- Бірақ кейбір танымал препараттардың бағасын мемлекет реттей ме?

- Біз белгілі бір баға санатындағы рецептімен берілетін препараттардың шекті бағасын белгілейміз. Рецептісіз және арзан рецептілі дәрілердің бір бөлігі реттелмейді. Бірақ біз бәрібір мониторинг жүргіземіз.

Мемлекет дәрі-дәрмектің күрт қымбаттауын көріп отыр

- Егер баға реттелмесе, оны қалай бақылай аласыздар?

- 2024 жылдың шілдесінен бастап дәрілік препараттарды міндетті таңбалау қолданысқа енді.

Әр қаптаманың бірегей коды бар. Біз бағаның күрт өзгеруін де қадағалай аламыз. Егер бағаның 10 пайыз немесе одан да көп өскенін көрсек, жүйе белгі береді.

Осыдан кейін біз жағдайды талдаймыз. Егер өсім негізсіз болса, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп тексеру жүргізіп, тиісті шараларды қабылдай аламыз.

- Ал адам препаратты өзі тексере ала ма?

- Иә. Naqty Onim қосымшасы арқылы қаптамадағы кодты сканерлеп, дәрі туралы ақпаратты көруге болады: ол қайда өндірілген, Қазақстанға қалай келген. Егер препаратқа шекті баға белгіленген болса, оны да көруге болады.

Егер дәріханадағы баға жоғары болса, адам біздің комитетке өтініш бере алады.

Фото: © Tengrinews.kz / Роман Павлов

Рецептімен берілетін дәрі-дәрмекті маркетплейстер арқылы сатуға тыйым салынуы мүмкін

- Интернет пен маркетплейстер арқылы дәрі-дәрмек сату мәселесі қалай болып жатыр?

- Біз қазір бұл мәселені интернет-алаңдармен талқылап жатырмыз. Егер тіркелмеген немесе рұқсат етілмеген дәрілік препараттардың сатылып жатқанын анықтасақ, хабарлама жіберіп, оларды сатуды тоқтатуды талап етеміз.

Рецептілі дәрілерге келсек, оларды маркетплейстер арқылы сатуға тыйым салу туралы бастама болды.

Бұл норма бұған дейін өтпеген еді, бірақ қазір біз бұл мәселені бизнес-қоғамдастықпен және интернет-алаң иелерімен қайта талқылап, белгілі бір дәрілік препараттарды, әсіресе рецептілі дәрілерді маркетплейстер арқылы сатуды шектеу бойынша ұсыныстар әзірлеп жатырмыз.

Денсаулық сақтау министрлігі рецептілі препараттар рецепттің барын растай отырып, кәдімгі дәріханалар арқылы сатылуы керек деген позицияны ұстанады.

Меніңше, күзде тиісті ұсыныстар Парламентке енгізіледі.

- Қазақстанда антибиотиктер тек рецепт бойынша сатылуы тиіс. Бірақ, кез келген қазақстандық дәріханаға кіріп, антибиотикті рецептсіз де еркін сатып алуға болатынын біледі деп ойлаймын. Неге бұл әлі де жалғасып келеді?

- Бұнымен де біржола күресу керек. Антибиотиктер қатаң түрде дәрігердің нұсқауымен және рецепт бойынша қолданылуы тиіс.

- Бірақ мұны қалай бақылауға болады?

- Қазір дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі бар. Әзірге ол негізінен мемлекет сатып алатын және пациенттерге тегін берілетін препараттармен жұмыс істейді.

Болашақта біз оны дәріханаларда сатылатын барлық дәріге таратып, рецептілерді осы жүйеде тіркеуді жоспарлап отырмыз. Қазір процестің бір бөлігі қағаз күйінде қалып отыр. Ол онлайн форматқа көшкенде, осы сәттерді де бақылауға мүмкіндік туады.

Фото: © Tengrinews.kz / Роман Павлов

- Егер бір жылдан кейін қайта кездесіп, мен сізден "Комитет бөлінгеннен кейін  не өзгерді?" деп сұрасам, қандай нәтижені атап өткіңіз келер еді?

- Біз қол жеткізуіміз керек негізгі нәтиже - халықтың медициналық көмек сапасына қанағаттану деңгейін арттыру.

Сол уақытқа қарай толыққанды Ұлттық сапа институты құрылып, мен айтқан барлық құрал жұмыс істей бастаса екен деймін.

Бірақ ең бастысы, медициналық көмек сапасын арттыру қажеттілігін түсіну Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде ғана емес, медициналық ұйымдардың өз ішінде де болуы керек.

Мен медициналық ұйым басшысы күн сайын жұмысқа келгенде, ең алдымен қызметкерлер алдына көмекті қалай сапалы ету керек деген мәселені қойғанын қалаймын. Денсаулық сақтау жүйесін дамытудың келесі кезеңі дәл осы бағыт болуы тиіс деп ойлаймын.

Тағы оқыңыз: “Лафа бітті“. МӘМСҚ-ның жаңа басшысымен көлемді сұхбат

Авторы: Рабиға Дүйсенғұлова 

Дайындаған: Айнұр Қапышова

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Денсаулық

Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстан

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью