Azh.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Атырауда Caspian BINOM School лицей-мектебінің құрылысы аяқталуға жақындап қалды. Төрт мыңнан астам оқушыны оқытуға арналған бұл ғимарат алдағы оқу жылында ашылады деп жоспарланып отыр.
Кенен Әзірбаев көшесінде жүріп жатқан ауқымды құрылыс жұмыстарымен Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов танысты. Мектептің жалпы аумағы 3,1 гектарды құрайды.
Бас мердігер «KAZPACO» ЖШС құрылыс алаңына 350 маман, 16 арнайы техника жұмылдырған.
Жоба жетекшісі Нұрсұлтан Жыланбас құрылыс жұмыстарының қашан аяқталатынын айтып берді.
– Білім ордасы халықаралық талаптарға сай келетін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Ғимаратта 400 орындық акт залы, асхана, оқушыларға арналған коворкинг аймақтары, хореография залы және төрт спорт залы қарастырылған. Осы аптаның соңына дейін ішкі әрлеу жұмыстарын бітірсек, ай аяқталғанша аумақты толық абаттандырамыз деген жоспар бар, – деді ол.
Лицей-мектеп пайдалануға берілсе, өңірдегі оқушы орындарының тапшылығы азайып, үш ауысымда оқытатын мектептердің жүктемесі едәуір жеңілдей түспек.
Өңір басшысы мердігерге таяу арада қала әкімдігімен бірге мектеп маңындағы автотұрақ аумағын кеңейту және оған іргелес аумақты кешенді абаттандыру жобасын әзірлеуді тапсырды.
Бүгін, 16:20