Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Фото: Istockphoto.com
Ұсыныстардың қатарында «4+1» моделі, Сингапурлық модель мен МӘСҚ ұсынған жүйе бар.
«4+1» моделі қалай жұмыс істейді?
Міндетті зейнетақы жарналары Қазақстанда 2024 жылы енгізілді. МЗЖ мөлшерлемесі кезең-кезеңімен артып келеді. 2024 жылғы 1,5%-дан 2026 жылы 3,5%-ға дейін артты. 2028 жылға қарай ол қызметкердің табысының 5%-ына жетеді деп жоспарланған.
МЗЖ өмір бойы зейнетақы төлемін қамтамасыз ету үшін енгізілді. Бұл жинақтар салымшының меншігі емес, себебі олар шартты зейнетақы шоттарына салынады. Тиісінше жинақтар мұрагерлік жолмен берілмейді, сондай-ақ азаматтығын өзгерткен немесе көшкен кезде жинақтарын ала алмайды.
Сингапур үлгісінің артықшылығы неде?
Министрдің айтуынша, қаралып жатқан бастамалардың қатарында – Сингапурдың жинақтаушы зейнетақы моделі де бар. Бұл жүйе бойынша азаматтар зейнетақы жинағын қалыптастыруға міндетті болады.
«Сингапур үлгісінде де жинақтаушы жүйе қарастырылған. Яғни азаматтар міндетті түрде зейнетақы жинағын қалыптастырады. Бірақ оның ерекшелігі – кейін сол қаражаттың есебінен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беріледі. Қазір сарапшылардың ұсыныстарын күтіп отырмыз. Олар түскен бойда жұмыс тобының қарауына енгіземіз», деді Асқарбек Ертаев.
Сингапурда Орталық жинақтау қорына аударылатын міндетті жарна жалпы 37%-ды құрайды. Оның 20%-ын қызметкер төлесе, 17%-ын жұмыс беруші аударады.
Түскен қаражат автоматты түрде үш шотқа бөлінеді: қарапайым, арнайы және медициналық. Қарапайым шоттың ерекшелігі − ондағы жинақтар тұрғын үй мәселесін тиімді шешуге мүмкіндік береді. Осындай схеманың арқасында бүгінде Сингапурда меншікті баспанамен қамтылу деңгейі шамамен 90 пайызға жетіп отыр. Азаматтар бұл зейнетақы ақшасын пәтердің бастапқы жарнасын төлеу үшін тікелей пайдалана алады. Мемлекеттік немесе коммерциялық ипотека бойынша ай сайынғы төлемдер де қарапайым шоттан автоматты түрде алынады.
МӘСҚ ұсынысы
БЖЗҚ ұсынған «4+1» моделі мен Сингапурлық үлгіден басқа зейнетақы жүйесін реформалауға қатысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) әзірлеген балама ұсыныс бар. МӘСҚ әзірлеген модель бойынша әлеуметтік зейнетақы мөлшері азаматтың медианалық жалақысына, орташа айлық табысына және еңбек өтіліне қарай есептеледі. Бұл тәсіл жинақтаушы жүйеге тән тәуекелдерді азайтып, зейнетақы төлемдерінің тұрақтылығы мен болжамдылығын арттыруды көздейді.
Салымшылар енді зейнетақы жинақтарын толықтай жеке басқаруға бере алады
Қазақстан үшін қай модель тиімді?
Экономист Бауыржан Ысқақтың пікірінше, Сингапур моделінде бірқатар артықшылық бар. Алайда мұнда жауапкершілік тікелей салымшылардың өзіне байланысты болғандықтан, мемлекет үшін тәуекелдер де жоқ емес. Ал «4+1» моделінде азаматтардың жеке жинағаның өсуі айтарлықтай баяу болуы мүмкін.
«Ең алдымен, бұл жерде екі түрлі философияны ажырата білу керек. Сингапурлық модельдің негізі – әр азаматтың жеке жинағына сүйену. Бұл елде жұмыс беруші мен жұмыскердің міндетті аударымдары азаматтың жеке шотында жиналады. Жиналған қаражат тек зейнетақыға ғана емес, тұрғын үй сатып алуға, медициналық қызметке және білім алуға жұмсалады. Яғни, жүйе азаматтың жеке жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Бұл модельдің бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, әр азаматтың жеке жинағы көбейеді. Екіншіден, сақтандыру элементі енгізіліп, ұзақ өмір сүру тәуекелі төмендейді. Үшіншіден, болашақта зейнетақының жалақыны алмастыру деңгейі артады. Ал балама нұсқада жұмыс берушінің барлық 5 пайызы ортақ қорға түсіп, кейін қайта бөлінеді. Бұл әлеуметтік әділеттілікті күшейткенімен, азаматтардың жеке жинағының өсу қарқыны баяу болуы мүмкін», деді Бауыржан Ысқақ.
Сарапшы Қазақстан үшін ең тиімді шешім аралас модель екенін атап өтті. Оның сөзінше, Сингапур жүйесін толық енгізу қиын, өйткені Сингапурда халықтың табысы жоғары және еңбек өнімділігі әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады.
«Менің ойымша, Қазақстан үшін ең тиімді шешім – аралас модель. Себебі Сингапур жүйесін толық көшіру қиын. Онда бейресми жұмыспен қамту деңгейі өте төмен, халықтың табысы жоғары, еңбек өнімділігі әлемдегі ең үздіктердің қатарында. Қазақстан әзірге мұндай деңгейге жеткен жоқ. Сондықтан жеке жинақ пен әлеуметтік сақтандыруды қатар дамытатын «4+1» моделі қазіргі жағдайға көбірек бейімделген», деді сарапшы Бауыржан Ысқақ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы реформасында үш ұсыныс қаралып жатқандығын атап өткен болатын. Жұмыс тобына «4+1» моделі, МӘСҚ ұсынысы, сенаторлар тарапынан 40 жыл жұмыс істеген жағдайда зейнетке шығу туралы ұсыныс енгізілген еді. Алайда министр соңғы ұсыныстың талқылаудан алынып, Сингапурлық жүйе енгізілгенін айтты. Министрліктің мәліметінше, зейнетақы реформасы шілде айының басында қолданысқа енеді.