​42 науқастың 8 млн теңгеден астам қаражатын заңсыз иемденген​ хирург сотқа тартылып жатыр

13.07.2026

Azh.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Атырауда МӘМС есебінен төленген ота үшін науқастардан қайта ақша алған хирург сот алдында жауап береді. 

Ірі алаяқтық және заңсыз материалдық сыйақы алу дерегі бойынша күдікке ілінген хирург-дәрігерге қатысты істі ҚМА Атырау облысы бойынша департаменті қызметкерлері тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеу амалдарына сай, күдікті 2023–2025 жылдар аралығында «Family Health Clinic» ЖШС мен «Ким В.» ЖК клиникасында жұмыс істеген. Ол пациенттерге варикоз ауруына жасалатын операциялардың МӘМС (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) шеңберінде тегін жүргізілетінін жасырып, көрсетілген қызметтер үшін төлемді өзінің жеке банктік шоттарына қабылдап отырған. Сонымен қатар, «DamuMed» жүйесіне пациенттерге тегін медициналық көмек көрсетілгені туралы мәліметтер енгізіліп, соның негізінде медициналық ұйымдар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан да қаржы алып тұрған.

Осылайша, бір медициналық қызмет үшін төлем екі рет жүргізілген: бір жағынан МӘМС қаражаты есебінен, екінші жағынан пациенттердің өз қалтасынан.

Заңсыз әрекеттің негізгі көрсеткіштері:

Күдікті 42 науқастың 8 млн теңгеден астам қаражатын заңсыз иемденген;

Көрсетілген медициналық қызметтер үшін медициналық ұйымдарға Қор тарапынан 14,8 млн теңгеден астам қаражат аударылған;

Дәрігердің өз қызметтік міндеттерін орындағаны үшін пациенттерден заңсыз ақшалай сыйақы алған өзге де фактілері анықталды.

«Күдіктіге қатысты елден кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», — деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды.

Бүгін, 18:03

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью