24.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
2030 жылға қарай елде 5 млн-ға жуық маман жасанды интеллектіні меңгереді.
Қазір 1 млн-нан астам адам бұл саланы жетік игеріп, 100-ден астам ІТ стартап жұмыс істеп жатыр. Жасанды сана саласына құйылған венчурлық инвестициялар 5 есе артты. Алдағы меже қандай?
Әлемдік сарапшылар Қазақстанның қауқарын бағамдап отыр. Жасанды сананы енгізе бастаған елдер қатарында 58-ші орынға жайғастық. Отандық суперкомпьютер қуаттылығы жағынан жаһандық ТОП-500 тізімінің алғашқы жүздігіне енді.
ЖИ әлемдік рейтингі
58-орын
TOP-500 суперкомпьютер
86-орын
Дмитрий Мун, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:
- Қазақстан жасанды интеллектіні енгізуге дайындық деңгейі бойынша әлемдік рейтингте 58-орында тұр. Бұл – тек бастамасы ғана. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды, ең алдымен, біздің суперкомпьютеріміз бар. Ол әлемдегі TOP-500 суперкомпьютердің қатарында 86-орын алады. Жасанды интеллект көмегімен түрлі салалардың тиімділігін арттыру міндеті тұр. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және денсаулық сақтау салалары бар.
Астана хаб негізінде венчурлық қор ашылды. Кейінгі екі жылда цифрландыру жобаларына салынған венчурлық инвестициялар 73 млн долларға жетті. Сондай-ақ еліміз IT-кәсіпкерлікті, венчурлік және AI -индустрияны дамытуға басымдық береді.
Айдана Бергазденова, Astana hub ventures бас директоры:
- Біз ерте кезеңдегі стартаптарды қолдағандықтан, стартаптардың қолдау чегі 50 мың доллардан 500 мың долларға дейін жетеді. Яғни олардың деңгейіне байланысты. Егер жас, енді ғана бастап жатқан идея, прототип түріндегі стартап болса, онда 50-100 мың доллар көлемінде инвестиция береміз. Егер одан бөлек дамыған, қазіргі кезде трекшн көрсеткен, яғни сатылымдары бар стартап болса, оларға әрине чектің көлемі өзгеше болуы мүмкін.
Отандық AI-стартаптардан үміт зор. Былтыр өнертапқыштар 1 млрд теңгенің ІТ өнімдерін экспорттап, салаға 2 трлн теңге табыс әкелді. Биыл – «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы. Технологиялық ілгерілеу арқылы цифрлық мемлекетке айналу міндеті қойылды. Жасанды интеллектіні экономикаға, мемлекеттік басқару ісіне және әлеуметтік салаға енгізуге басымдық беріледі.
Авторы: Рухани Әбдірахман