Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Тіпті, «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен де, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қайтарылған активтер есебінен де, Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен де, қосымша республикалық және жергілікті бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар тарту есебінен де шалғайда мектептер салынып, жаңартылып жатыр.
Ақырында тұрғызылған әрі пайдалануға берілген мектептің санынан жаңылыса бастадық. Сондықтан Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігіне бүгінге дейін елімізде қанша мектеп, қандай қаражатқа салынғанын сұрап, нақты қандай жобалардың білім ордасын салуға атсалысып жатқаны жайында толық мағлұмат беруін сұрадық, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, білім ордаларының құрылысы былтыр Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдан басталмаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жаңа мектептердің салынуы 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді.
– Елімізде 2019 жылдан бері 1 миллионнан астам оқушы орнына арналған 1 242 жаңа мектеп салынды. Әсіресе, 2023-2025 жылдары мектеп құрылысы қарқынды жүргізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы кезеңде 746 мың оқушы орнына арналған 584 мектеп пайдалануға берілді, – деп жазған министрлік.
Оқушы орындарының тапшылығы, үш ауысымды оқыту мен апатты мектептер мәселесін шешу, сондай-ақ қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы алшақтықты азайту мақсатында мектеп салу және реновациялау бойынша бірқатар жүйелі бастамалар іске қосылған. Соның бірі – «Келешек мектептері». Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жаңа ғимараттарға заманауи сыныптар, спортзалдары, демалыс және шығармашылық кеңістіктерді қамтитын жаңа инфрақұрылым стандарттары енгізілген.
Жаңа мектептерде инклюзивті білім беруге ерекше көңіл бөлінген. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кең кабинеттер, жеке санитарлық бөлмелер, пандустар, жеделсатылар, арнайы навигациялық белгілер қарастырылған. Сонымен қатар психолог, логопед және дефектолог кабинеттері жұмыс істейді. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылып, заманауи бейнебақылау және кіруді бақылау жүйелері орнатылған.
– Астана қаласында соңғы екі жылда 23 «Келешек мектебі» салынды. Нәтижесінде, елордада үш ауысымды оқыту мәселесі толық шешілді. Жүргізіліп жатқан реформалардың басты басымдықтарының бірі – балаларды оқыту үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Жалпы, ұлттық жоба аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы жүргізілді.
2024 жылы жаңа форматтағы 105 мектеп пайдалануға берілсе, 2025 жылдың соңына дейін тағы 112 мектептің құрылысы аяқталды. Жоба балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы әрі тегін білім алуына тең мүмкіндік беруге бағытталған. Ал 217 мектептің 87-сі ауылдық жерде салынды. Олар Алматы, Түркістан, Ақмола, Маңғыстау, Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстарында орналасқан. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл мен қала балаларының білім алу мүмкіндігін теңестіру. Қазір елімізде 8 мыңнан астам мектепте 4 миллионға жуық оқушы білім алуда, оның ішінде 1,5 миллионнан астамы – ауыл мектептерінің оқушысы, – делінген министрліктің хабарламасында.
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша, 236 мың оқушы орнына арналған 162 мектептің құрылысы аяқталған. Соның арқасында 27 үш ауысымды және 11 апатты мектеп мәселесі шешіліп, 160 мың оқушы орнының тапшылығы жойылған.
2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен сыбайлас жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен – Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылған. Жалпы, қордың қаражаты есебінен 89 мың оқушыға арналған 81 мектеп салынған. Биылғы жылға тағы 9 мектептің құрылысы аяқталмақ. Сондықтан сыбайлас жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен 90 білім беру нысанының құрылысы қаржыландырылды.
Үшіншіден, қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік нысандар салу жұмысы қосылды. Арнайы мемлекеттік қор қаражатына 5 мектеп, 2 балабақша және 1 жатақхана қаржыландырылды. Олардың құрылысы 2026 жылға дейін аяқталмақ.
Қосымша республикалық және жергілікті бюджет қаражаты, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен 16 мың оқушы орнына арналған 30 мектеп салынды. Бұл мектептер еліміздің бірқатар өңірлері мен Астана және Шымкент қалаларында бой көтерді.
– Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру деңгейін теңестіру мақсатында 2023-2025 жылдары 3 008 мектепке ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда: 369 мектепте күрделі жөндеу; 1 817 мектепте ағымдағы жөндеу; 2 917 пәндік кабинет сатып алу; 1 697 мектепте жиһаз жаңарту; 2 413 кітапхана мен 1 401 асхананы жаңғырту; 1 705 мектепте қауіпсіздік жүйелерін күшейту жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар 2 752 мектеп үшін 4 320 пәндік кабинет сатып алынып, нәтижесінде 1,1 миллионнан астам оқушының оқу жағдайы жақсарды.
Алдағы үш жылда Президент тапсырмасына сәйкес, 1 300-ге жуық мектепті, оның ішінде 900 ауыл мектебін реновациялау жоспарлануда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, 209 мектеп жаңартылды. Реновация жұмыстары мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартуды, инженерлік желілерді жөндеуді, қауіпсіздік жүйелерін енгізуді, спорт және қоғамдық кеңістіктерді дамыту мен мектеп аумақтарын абаттандыруды қамтиды, – деп жауап берген Оқу-ағарту министрлігі.
Министрлік елордада үш ауысымды оқыту мәселесі толық шешілді деп айтқанмен, ата-аналар әлі де балаларының үшінші ауысымда оқып жүргенін зарлап жүр. Ресми орган бұл туралы нақты мәлімет бермеді.