50 жаста зейнетке шығу. Қазақстанда төлемдерді ерте алу құралы қалай жұмыс істейді?

24.04.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Бұл сенгісіз көрінгенімен, елімізде зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімнен ерте - 50 жастан кейін алуға мүмкіндік беретін механизмдер бар.

Бұл сенгісіз көрінгенімен, елімізде зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімнен ерте - 50 жастан кейін алуға мүмкіндік беретін механизмдер бар.

Бұл - зейнетақы аннуитеті. Ол аса танымал емес, бірақ жақында Қазақстанда зейнетақы жүйесінің жаңа моделін енгізу туралы ұсыныстар аясында бұл мәселе қызу талқылана бастады.

Бұл материалда Tengrinews.kz 50 жаста қалай "зейнетке шығуға" болатынын, зейнетақы аннуитеті деген не екенін, оны қалай ресімдеу керектігін және оның БЖЗҚ-дан берілетін әдеттегі төлемдерден айырмашылығын егжей-тегжейлі түсіндіреді.

Мақаланы дайындау барысында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен (ҚНРДА) толық түсініктеме алдық.

Зейнетақы аннуитеті дегеніміз не?

Зейнетақы аннуитеті - зейнетақы төлемдерін сақтандыру компаниясы арқылы алудың бір нұсқасы. Тәртібі мынадай: адам өмірді сақтандыру компаниясымен шарт жасасады, БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын сонда аударады, ал оның орнына ай сайын кепілдендірілген төлемдерді өмір бойы немесе белгілі бір жасқа дейін алады.

ОБСУЖДАЕТСЯ СЕЙЧАС

Қорғаныс министрлігі Атырау облысында әскери техника түсірілген видеоға пікір білдірді

31 наурыз 16:22 1

Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов өмірден өтті

19 сәуір 22:47 1

Қызылордадағы жол апаты: марқұмның отбасы Lexus жүргізушісі кінәлі болуы мүмкін екенін мәлімдеді

30 наурыз 15:27 1

ҚНРДА бұл механизмді БЖЗҚ салымшыларына төлемдерді жалпыға ортақ зейнеткерлік жасқа толмай тұрып алуға мүмкіндік беретін өнім деп атайды. Егер зейнетақы жинағы жеткіліксіз болса, оны өз қаражаты есебінен толықтыруға болады.

Бұл ретте, БЖЗҚ мамандарының нақтылауынша, мұндай қосымша төлемнің мөлшерін, оны енгізу уақытын және басқа да шарттарды адам шарт жасасатын сақтандыру компаниясының өзі белгілейді.

Яғни, бірыңғай шарттар жоқ: әртүрлі сақтандырушылардың есептеулері, қосымша опциялары, индекстеу тәсілдері және шарттың басқа да параметрлері өзгеше болуы мүмкін. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл БЖЗҚ-дан берілетін үйреншікті зейнетақы емес, өз ережелері, шектеулері, шарттары мен тәуекелдері бар жеке сақтандыру құралы.

Кімдер 50 жаста шынымен "зейнетке шыға" алады?

Әрине, мұнда әңгіме зейнеткер куәлігі туралы емес, адам зейнетте жүргендей төлем алу туралы болып отыр.

Бірден айта кететін жайт: 50 жаста төлем ала бастау бәрінің бірдей қолынан келе бермейді.

Стандартты рәсім бойынша зейнетақы аннуитетін мына тұлғалар рәсімдей алады:

ерлер - 55 жастан бастап, әйелдер - 53 жастан бастап.

Айта кетерлігі, әйелдер үшін бұл жас мөлшерін 2031 жылға қарай 55 жасқа дейін кезең-кезеңімен көтеру қарастырылған.

"Бірақ бұл мүмкіндікті ертерек - 50 жастан бастап пайдалана алатын азаматтардың жекелеген санаты бар. Сөз олар үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (зиян өндірістерде жұмыс істейтіндерге арналған қосымша төлемдер - ред. еск.) жалпы алғанда кемінде 60 ай бойы төленген адамдар туралы болып отыр", - деді ҚНРДА мамандары.

Сонымен қатар, Қазақстанда кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті де жұмыс істейді.

Оны 45 жастан бастап, ал зиян және қауіпті мамандық иелеріне 40 жастан бастап рәсімдеуге болады. Бірақ төлемдер кейінірек басталады: ерлер үшін 55 жастан, әйелдер үшін 53 жастан бастап, әрі қарай әйелдердің жасы кезең-кезеңімен өсе береді.

Сондықтан "50 жастағы зейнетақы" туралы тақырыпты нақтылау қажет: мұндай мүмкіндік бар, бірақ ол тек белгілі бір санаттағы азаматтарға және барлық шарт сақталған жағдайда ғана беріледі.

Аннуитеттің БЖЗҚ-дан берілетін әдеттегі төлемдерден айырмашылығы неде?

Зейнетақы аннуитетін көбіне қордан берілетін әдеттегі төлемдермен шатастырып жатады. Бірақ олардың арасында білуі тиіс маңызды айырмашылықтар бар:

"Біріншіден, аннуитет аясындағы ақшаны БЖЗҚ емес, сақтандыру компаниясы төлейді. Екіншіден, аннуитеттік төлемдер өмір бойы жүргізілуі мүмкін, ал БЖЗҚ-дан төлемдер жинақ таусылғанша ғана беріледі. Үшіншіден, аннуитет төлемдерді ресми зейнеткерлік жасқа жетпей тұрып алуға мүмкіндік береді", - деп түсіндіреді БЖЗҚ өкілдері.

Сонымен қатар қор тағы бір маңызды айырмашылықты баса айтады: зейнетақы аннуитетін рәсімдеген кезде жинақтар сақтандыру компаниясының меншігіне өтеді және БЖЗҚ-дағы шоттағы ақша сияқты мұрагерлікке қалдырылмайды.

Дегенмен, шартта кепілдендірілген кезең қарастырылуы мүмкін - егер алушы осы мерзім ішінде қайтыс болса, сақтандыру төлемдерінің қалған бөлігін оның мұрагерлері ала алады.

Тағы бір маңызды жайт бар.

Егер барлық жинақ аннуитеттік шарт бойынша БЖЗҚ-дан сақтандыру компаниясына аударылса және қорға жаңа жарналар түспесе, онда зейнеткерлік жасқа жеткенде адам ол жерден ешқандай төлем алмайды.

Бірақ егер жинақтың бір бөлігі қорда қалса немесе адам жұмысын жалғастырып, жарна төлеп тұрса, онда жасқа байланысты зейнетке шыққаннан кейін ол БЖЗҚ-дан да төлемдер ала алады.

"Шарт жасасу үшін (зейнетақы аннуитеті - ред. еск.) МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ немесе меншікті қаражат есебінен қалыптасқан жинақтарды пайдалануға болады, - деп нақтылайды қордағылар. - Бірақ егер шарт жасасқаннан кейін адам жарна төлеуді жалғастырса немесе оның БЖЗҚ-да ақшасы қалса, болашақта ол төлемдерді әрі сақтандыру компаниясынан, әрі БЖЗҚ-дан ала алады".

МЗЖ - міндетті зейнетақы жарналары. Бұл қызметкердің табысынан ұсталатын және оның БЖЗҚ-дағы жеке шотына түсетін зейнетақы аударымдары.

МКЗЖ - міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары. Бұл зиян немесе қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін төленетін қосымша зейнетақы жарналары.

ЕЗЖ - ерікті зейнетақы жарналары. Бұл болашақ зейнетақы жинақтарын ұлғайту үшін адамның өз қалауы бойынша БЖЗҚ-ға дербес сала алатын ақшасы.

Яғни, логикасы мынадай: аударылып қойған сома аннуитет шарты аясында жұмыс істейді, ал БЖЗҚ-ға түсетін жаңа жарналар сақтандыруға автоматты түрде түспейді.

Аннуитеттік төлемдердің мөлшері қалай есептеледі?

Бірыңғай сома жоқ - бәрі жеке есептеледі.

Бұл ретте мыналар ескеріледі:

өтініш берушінің жасы мен жынысы; оның БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының сомасы; өмір сүрудің болжамды ұзақтығы; кірістілік мөлшерлемесі; индекстеу мөлшерлемесі.

"Сақтандыру компаниясы жинақтарды өмір сүру ұзақтығы мен кірістілікті ескере отырып, төлемдердің бүкіл болжамды кезеңіне бөледі. Дәл осы факторлар ай сайынғы зейнетақы мөлшерін анықтайды. Зейнетақы аннуитеті "өмір бойғы табысты" қамтамасыз етеді, оның көлемі салымшының жеке сипаттамаларына және аннуитет шартының параметрлеріне тікелей байланысты", - деді БЖЗҚ-дағылар.

Бірақ ай сайынғы сақтандыру төлемінің мөлшері шарт жасалған күндегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен болмауы керек.

Анықтама: 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕКД) 50 851 теңге мөлшерінде белгіленді.

Осы мәліметтер негізінде БЖЗҚ аннуитет бойынша ең төменгі төлемдер мен ол үшін қажетті зейнетақы жинақтарының мынадай есептерін ұсынады:

"2026 жылы 35 596 теңге мөлшеріндегі ең төменгі ай сайынғы төлемді (сақтандыру компаниясынан - ред. еск.) алу үшін 55 жастағы ер адамға кемінде 10 миллион теңге (сақтандыру компаниясына аударылған - ред. еск.), ал 53 жастағы әйелге кемінде 13 миллион 160 мың теңге қажет".

Егер БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражат жеткіліксіз болса, ерікті зейнетақы жарналарын пайдалануға, жинақтарды жұбайы немесе жақын туыстарымен біріктіруге немесе соманы өз қаражаты есебінен толықтыруға болады.

Аннуитетті жұбайымен бірге ресімдеуге бола ма?

2022 жылдан бастап Қазақстанда бірлескен зейнетақы аннуитеті жұмыс істейді. Ол шартқа бір адамның ғана емес, ерлі-зайыптының немесе жақын туыстардың қатысуына мүмкіндік береді. Мұндай механизм жинақтарды біріктіруге және шарт бойынша табысты қайта бөлуге жол ашады. Бұл бір адамның аннуитетке сомасы жетпей, ал екіншісінде артық қаражат болған жағдайда өте маңызды.

Зейнетақы аннуитетін қалай ресімдеуге болады?

Алдымен өмірді сақтандыру компаниясына жүгініп, болашақ төлемдердің есебін алу қажет. Дәл осы кезеңде жинақтың жетер-жетпесі, қандай төлем мөлшерін күтуге болатыны және сақтандырушының қандай шарттар ұсынатыны белгілі болады.

Егер өтініш беруші бәріне келіссе, зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға өтініш беріледі. Оны жазбаша да, электронды түрде де ресімдеуге болады.

Шарт жасасу үшін әдетте мыналар қажет:

өтініш; жеке куәлік; банк деректері; егер сақтандырылушы өзі қайтыс болған жағдайда пайда алушыны көрсеткісі келсе, оның құжаттары.

Содан кейін зейнетақы жинақтарын сақтандыру компаниясына аудару үшін БЖЗҚ-ға жүгіну қажет. Ол үшін мыналар тапсырылады:

зейнетақы жинақтарын аудару туралы өтініш; жеке куәліктің көшірмесі және сәйкестендіру үшін түпнұсқасы; сақтандыру компаниясымен жасалған зейнетақы аннуитеті шартының түпнұсқасы.

Егер адам өзі келе алмаса, нотариалды куәландырылған сенімхат арқылы тапсыруға рұқсат етіледі.

"2024 жылғы 1 қаңтардан бастап электронды ресімдеу тәртібі де қолданылады. Шартты сақтандырушының интернет-ресурсы немесе СТБҚ жүйесі арқылы жасасуға болады. Бұл қор бөлімшелеріне бармай-ақ, жинақтарды сақтандыру ұйымына автоматты түрде аударуға мүмкіндік береді", - деді БЖЗҚ өкілдері.

СТБҚ - бұл сақтандыру жөніндегі біріңғай деректер қоры. Қарапайым тілмен айтқанда, сақтандыру компаниялары мен БЖЗҚ шарт бойынша ақпарат алмасатын ортақ жүйе.

Аннуитеттік төлемдер қашан басталады?

Бұл – ең өзекті практикалық сұрақтардың бірі.

Қаржы нарығын реттеу агенттігінде бұған былай деп жауап береді: зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан азаматтар ай сайынғы сақтандыру төлемдерін сақтандыру сыйлықақысы сақтандыру ұйымына аударылған сәттен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей ала бастайды. Яғни, шарт жасасып, ақша аударылғаннан кейін айлап күтудің қажеті болмайды.

Бірақ бұл сақтандырылушы аннуитет үшін тиісті жасқа толған жағдайда ғана жүзеге асады.

Шартқа қол қоймас бұрын нені білу маңызды?

Мұнда нюанстар өте көп және дәл соларға ерекше назар аударған жөн.

Біріншіден, шарт жасалғаннан кейінгі алғашқы екі жыл ішінде оны бұзуға немесе өзгертуге болмайды. Екіншіден, осы мерзімнен кейін өзгерістер енгізуге болады, бірақ барлық ақшаны БЖЗҚ-ға қайта қайтару мүмкін емес. Сақтандыру компаниясында ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан кем емес өмір бойы төленетін төлемдерді қамтамасыз ететін сома қалуы тиіс. Үшіншіден, егер адам шартты бұзғысы келсе, бұл тек басқа сақтандыру компаниясымен жаңа келісімшарт жасалған жағдайда ғана мүмкін болады. Онда қаражат сонда аударылады.

БЖЗҚ келісімге қол қоймас бұрын, "негізді және сенімді шешім" қабылдау үшін оның шарттарын мұқият оқып шығу маңызды екенін ерекше атап өтеді.

Зейнетақы аннуитеті нарығы не ұсынады?

Қазақстанның аннуитет нарығын зерттеп, мынадай қорытындыға келдік.

Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сәйкес, зейнетақы аннуитеттерімен айналысатын компаниялар көп емес - біз тек екеуін таптық.

Олардың бірінің сайтында, мысалы, егер клиенттің зейнетақы жинақтары сыйлықақыны төлеуге жеткіліксіз болса, сақтанушы өз қаражатын тарта алатыны көрсетілген.

Сондай-ақ онда 2026 жылы жынысы мен жасын ескере отырып, шарт жасасу үшін БЖЗҚ-да болуы тиіс минималды жинақтар мөлшері жазылған.

Сонымен қатар, компания төлемдерді жыл сайын сегіз пайызға индекстеуді жүргізетінін және клиент қайтыс болған жағдайда төлемдерді оның мұрагерлері алатын кепілдік берілген кезеңді ресімдеу мүмкіндігін ұсынатынын жеке атап өткен.

Басқа компанияның сайтында оның Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының қатысушысы екені хабарланады, сондай-ақ қолданыстағы шарттар бойынша дивидендтерді қоса алғанда, зейнетақы аннуитеті бағдарламалары туралы айтылады. Бұл барлық шарт үшін базалық талап емес, жеке адалдық бағдарламасы.

Бұл әртүрлі сақтандырушыларда "жинақтарды аударды - өмір бойы төлемдерді алады" деген стандартты схемадан тыс әртүрлі қосымша ұсыныстар болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Зейнетақы аннуитетінің ережелері өзгере ме?

Әзірге - жоқ.

Зейнетақы моделіндегі өзгерістерді талқылау аясында бұл сұрақ жиі қойылады, бірақ ҚНРДА мәліметінше:

"Зейнетақы артықшылығын есептеу әдістемесін қайта қарау аясында зейнетақы аннуитетін қолдану тәсілдерін өзгерту қазіргі уақытта қарастырылып жатқан жоқ".

Қанша қазақстандық аннуитетті ресімдеп үлгерді?

1 сәуірдегі жағдай бойынша зейнетақы аннуитетінің қолданыстағы шарттары бар болғаны 174,5 мың адамда ғана бар. Жыл басынан бері мұндай шарттарды 15,3 мың адам жасасқан.

Өткен жылдардағы динамика да өсімді көрсетіп отыр:

2023 жылы 16,7 мың шарт жасалды; 2024 жылы - 57,0 мың; 2025 жылы - 59,3 мың.

Осы деректер негізінде зейнетақы аннуитеті әзірге ең танымал құрал емес, бірақ оған деген қызығушылық артып келе жатыр деген қорытынды жасауға болады.

Контекст: Қазақстанда жаңа зейнетақы моделі ұсынылып жатыр

Зейнетақы реформасы туралы талқылаулар фонында зейнетақы аннуитеттері тақырыбы тағы да назарға ілікті.

Зейнетақы реформасының нұсқаларының бірі - "4 + 1" моделі. Ол жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының бір бөлігін (олар 2024 жылы енгізілді және 2028 жылға қарай жалақының бес пайызына жеткізу ниетімен жыл сайын көтеріліп отырады) қазақстандықтардың жеке шоттарына, ал бір бөлігін - өмір бойы төленетін төлемдер үшін ортақ зейнетақы шотына бағыттауды қарастырады.

Қазір бұл жарналар жұмыскерлердің шартты зейнетақы шоттарына түседі. Ал тікелей жалақыдан төленетін 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), өз кезегінде, жеке зейнетақы шоттарын толықтырады. Жұмыс берушінің жарналары есебінен қалыптасқан жинақтар әзірге қызметкердің меншігі болып саналмайды және ол қайтыс болған жағдайда мұрагерлікке қалдырылмайды.

Ал талқыланып жатқан "4 + 1" тәсілі БЖЗҚ ақпараты бойынша, жұмыс берушінің МЗЖ төрт пайызын жұмыскерлердің жеке зейнетақы шоттарына, ал тағы бір пайызын ортақ зейнетақы шотына бағыттауды көздейді. Қор бұл тәсілді былай деп есептейді:

қазақстандықтардың жеке жинақтарының тезірек өсуіне мүмкіндік береді - жеке шотта жарналардың 14 пайызы жинақталады: қызметкердің өзiнің 10 пайыз МЗЖ және жұмыс берушінің төрт пайыз жарнасы; адамдарға өз жинақтарына инвестициялық табыс алу үшін көбірек мүмкіндіктер береді; жинақтарды басқарушы компанияларға беру және зейнетақы аннуитетін.

Осы орайда аннуитетке деген қызығушылық түсінікті: қазақстандықтардың бір бөлігі үшін бұл жалпыға ортақ зейнеткерлік жасты күтпей-ақ, төлемдерді ертерек ала бастаудың шынымен де нақты тәсілі. Бірақ бұл тек жинақтар жеткілікті болғанда, тиісті санатқа жатса және сақтандыру шартының талаптарын қабылдауға дайын болған жағдайда ғана мүмкін.

Бұл жердегі басты мәселе тек төлемдерге ерте шығуға болатындығында ғана емес, сонымен қатар адамның осы құрал жұмыс істейтін шарттарға дайын болуында.

Тағы оқыңыз:

Зейнетке ерте, ал жұмысқа алмайды. Еңбек нарығында “есептен шығып қалған“ 40+ жастағы қазақстандықтар туралы

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью