500 млн жыл бұрын адамдарда төрт көз болған

17.02.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Nature журналында жарияланған зерттеу нәтижелері негізінде Aikyn.kz ежелгі жануарларда төрт көздің болу дәлелдерін талдайды.

Зерттеушілер қосымша көздердің жұрнағы адам миында бүгінге дейін эпифиз (шишковид без) түрінде сақталғанын айтады. Ол мидың тереңінде орналасып, ұйқы-ояу ырғағын реттейді, бірақ енді бейне қалыптастырмайды.

«Ерте омыртқалыларда біздікіндей көз болды, бірақ жай ғана біздікіндей емес. Оларда төрт көз болған. Бұны елестетудің өзі таңғаларлық. Арғы аталарымыз шамамен жарты миллиард жыл бұрын мұхитта жүзіп, дүниені төрт көзбен көрген. Демек, көру өрісі әлдеқайда кең болған шығар», – дейді зерттеудің тең авторы, Бристоль университетінің ғалымы Якоб Винтер.

Қытайдағы Куньмин аймағында ерте кембрий дәуірінің қазба қабаттары ерекше жақсы сақталған. Осында Сихан Чжан мен Пейюнь Цун ең ерте омыртқалылардың қатарына жататын миллокунмингидтердің екі түрінің үлгілерін тапқан. Жасы шамамен 518 миллион жыл болатын бұл екі түрдің де алдыңғы бөлігінде төрт қара дақ айрықша жақсы сақталған. Бастың екі қапталындағы ірілеу екі дақ (көз ретінде түсіндірілген) және олардың арасындағы жоғарырақ, төбеге таман орналасқан екінші жұп дақ орналасқан.

Бұған дейін зерттеушілер ортаңғы екінші жұпты танау тесіктері немесе мұрын капсулалары деп санаған. Алайда бұл ыңғайсыз қайшылық тудырған, өйткені сол кезеңдегі ерте омыртқалыларда бір ғана танау тесігі болғаны белгілі. Электрондық микроскоп арқылы зерттеу командасы меланин сақтайтын өте ұсақ құрылымдарды (меланосомалар) анықтаған. Меланин көздің түсін береді әрі бейне түзу үшін жарықты сіңіруге көмектеседі.

Бұл қазба табылғанға дейін біздегі меланиннің қазба қалдықтары таскөмір кезеңінен ары аспайтын. Яғни шамамен 300 миллион жылдық болатын. Винтердің айтуынша, бұл олжалар «өте қызық, өйткені жасы осыншалықты көне (518 миллион жыл) меланиннің сақталғанын көрсетеді».

Зерттеушілер сондай-ақ осы мүшелердің ішінде линзаның ізі бар екенін байқаған. «Сондықтан олар көз сияқты қабылданады. Бұл жануарда бастың екі қапталында екі үлкен көз және үстіңгі жағында екі кішкентай көз болғанын, әрі екеуі де камера-көз болғанын білдіреді», – дейді ғалым. 

Зерттеу нәтижелері жарияланған мақалада біздің арғы тегіміз қоректік тізбектің ең төменгі буынында болғаны, ал төрт көз кембрий дәуіріндегі экологиялық қысым жағдайында қалыптасуы ықтимал екені айтылған. Қоршаған ортаны көбірек қамту және көру бұрышының кең болуы жыртқыштарды ерте байқап, олардан қашып құтылуға тиімді.

Уақыт өте экологиялық орта өзгеріп, сүзгімен қоректенушіден жыртқышқа ауысқан сайын, екінші жұп көз сезім мүшесінен нейроэндокриндік мүшеге (мелатонин өндіруге және ұйқы циклін реттеуге жауап беретін эпифизге (шишковид безге) айналып кеткен болуы мүмкін.

Бұл нәтижелер «омыртқалылар эволюциясының ерте кезеңдерін айқынырақ суреттеуге көмектеседі. Мақаладағы гипотезалар мұқият тексерілген, ал нәтижелер қисынды түсіндірілген», – дейді зерттеуге қатыспағанымен, қорытындылармен келісетін Лондон университеттік колледжінің палеобиологы Элиас Варшоу. 

Зерттеу нәтижелері Nature журналында жарияланған.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью