Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Ал жас дарынның әкесі Мейрамбек Рахматуллин баласының ерекше ойынын әлеуметтік желіге жариялап, миллиондаған қаралым жинаған.
– Ұлым аяғын басқаннан бері өзінен үш жас үлкен ағасы Айтөремен бірге доп ойнап өсті. Талантын менен бұрын ауладағы үлкен балалар байқаған. «Балаңыз футболды мықты ойнайды» деген сөзді жиі естіген соң, оны футболға алып бардым, - дейді ол «Jibek Joly» арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.
Әлеуметтік желінің жұлдызына айналған Айсұлтан Ғаділбек 4 жасынан бастап футболмен шұғылданады екен.
– Төрт жасында Baby Football секциясына апардық. Алғашқы ойынның өзінде жаттықтырушылар оның қабілетін аңғарды. Кейін бапкерлер «бұл баланы жақсылап жаттықтырып, бақылау керек» деген ұсыныс айтты. Солардың кеңесімен ойындарын бейнетаспаға түсіре бастадым. Себебі әр матчтан кейін жаттықтырушылар видеоны қарап, кемшіліктерін талдайды, - дейді жас таланттың әкесі.
Мейрамбек Рахматуллин әуелгіде Айсұлтанның футбол ойнаған кадрлары әлеуметтік желі үшін түсірілмегенін айтады. Алайда бейнежазбалар әлемнің назарын аударды.
Фото: видеодан алынған скрин– Бастапқыда видеоларды тек жаттықтырушылардың талдауы үшін түсірдік. Кейін сол жазбалардың үзінділерін өзімнің WhatsApp-тағы және басқа да әлеуметтік желілердегі статустарыма сала бастадым. Негізгі мақсатым – туған-туыстарымыз көріп, Айсұлтанды мақтаса, балаға ынта-жігер береді деген ой болды. Шынын айтсам, видеолар миллиондаған қаралым жинап, әлемге таралады деп ойлаған жоқпын. Уақыт өте келе ол түрлі академиялардың назарына іліге бастады. Сол себепті бұл бағытты ары қарай жалғастыруды жөн көрдік. Ендігі мақсат – ірі скауттардың көзіне түсу, - дейді ол.
Студия қонағы баласын академияға беруді жоспарлап отыр.
– Қазір баламызды академияға беру де жоспарымызда бар. Бес жасынан бастап бірнеше отандық академия хабарласты. «Баланы алып келіңіз, шығындарын көтереміз, грант бөлеміз» деген ұсыныстар түсіп жатыр. Оның ішінде отандық ірі клубтар да бар. Әзірге ешқайсысымен нақты келісім жасалған жоқ. Балам алтыға енді ғана толды. Әлі кішкентай болғандықтан, ортасын өзгертпей тұра тұрғанды жөн көрдік. Қазір барып жүрген секциясында да жақсы жаттығып жүр. Академиялар негізінен алты жастан қабылдаймыз дейді. Бірақ кейбірі «ойынына қарай бес жастан бастап ойындарға тарта береміз» деп шақырды, - дейді Айсұлтанның әкесі.
Оралдық дарын келесі оқу жылынан бастап аты шулы академияларда кәсіби білім алуы мүмкін.
– Айсұлтан қазіргі секциясында өзінен бір-екі жас үлкен балалармен ойнайды. Себебі өзімен қатар команда жоқ. Оның үстіне бұл жастағы балалар арасында жарыстар да ұйымдастырылмайды. Қазір мектепалды даярлық сыныбында оқып жатыр. 1-сыныпқа дейін академиялардың ұсыныстары бойынша нақты шешім шығару керек. Олардың бәріне барып көреміз. Қай ұсыныс тиімді, мүмкін шетелдік академиялар шақырып қалар. Бірақ қолдан келгенді аямай, барлық мүмкіндікті жасаймыз, - дейді Мейрамбек Рахматуллин.
Ал Айсұлтанның өзі «Қайрат» футбол клубында ойнағысы келеді екен.
– Маған «Қайрат», «Реал Мадрид», «Барселона» мен «Атлетико Мадрид» ұнайды. «Қайрат» футбол клубында ойнағым келеді. Ойыншылардан Дастан Сәтбаев ұнайды. Арманым – әлем кубогын ұту, - дейді дарынды бала.
Айта кетейік, «Ордабасы» футбол клубының жаңа президенті тағайындалды.