96% вакциналауға қарамастан, Атырау облысы қызылша бойынша алдыңғы қатарда

16.02.2026

Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Үкіметте өткен кеңесте Атырау облысында қызылша жұқтырғандар саны өзге өңірлермен салыстырғанда көп екені айтылды

Сонымен бірге облыстық денсаулық сақтау басқармасы балалардың жоспарлы вакцинациямен дерлік толық қамтылғанын мәлімдеп отыр. Осылайша, ахуалға берілген бағалар республикалық және өңірлік деңгейде айтарлықтай айырмашылыққа ие болып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, әсіресе бес жасқа дейінгі балалар арасында аурушаңдық жоғары. Олардың ішінде қызылшаға қарсы екпе алмағандар да, ата-анасы екпеден бас тартқандар да бар. Бұған не себеп?

Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцинация 1 жастағы балаларға және 6 жастағы балаларға жүргізілетінін хабарлады. Басқарманың мәліметінше, қазіргі таңда 1 жастағы балаларды вакцинациямен қамту деңгейі – 96,3%, ал 6 жастағы балаларды қамту көрсеткіші 95%-ды құрап отыр.

Бұл көрсеткіштерге қарағанда өңір ең қолайсыз аймақтардың бірі болып көрінбеуі тиіс еді. Дегенмен, үкімет деңгейінде ахуал дәл осылай сипатталды.

Денсаулық сақтау министрлігі былтыр қызылшамен сырқаттанушылық 2024 жылмен салыстырғанда 85%-ға төмендегенін айтты. Дегенмен, жыл басынан бері қызылшаның 1 951 жағдайы тіркелген. Сырқаттанушылықтың ең жоғары деңгейі Атырау облысымен қатар Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл облысында байқалып отыр.

Қазіргі таңда Атырау облысында нақты қанша жағдай тіркелгені, олардың жас ерекшеліктері мен вакцинация мәртебесі туралы деректер әлі жарияланған жоқ. Дәл осы мәліметтер ғана ұжымдық иммунитеттің төмендеуі ме, әлде жергілікті ошақтардың пайда болуы ма – соны анықтауға мүмкіндік береді.

«Ақ Жайық» редакциясы бұл сұрақтарға жауап алу үшін тиісті ведомстваларға қосымша сауалдар жолдады және ресми деректер арасындағы айырмашылықтың себебін анықтау жұмысын жалғастырады.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 12:34

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью