Абай күні: ұлы ақынның туғанына 181 жыл

10.08.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

АСТАНА, 10 тамыз – Sputnik. Бүгін қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толып отыр. Sputnik Қазақстан ойшылдың өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты деректерді ұсынады.

Абайдың арғы тегі кім

Абайдың арғы тегі Арғын ішіндегі Тобықты Олжай батырдан басталады. Атасы Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болған деседі. Осы Өскенбайдың әйелі Зереден Абайдың әкесі Құнанбай туады.

Ал Құнанбайдың төрт әйелі болған. Бәйбішесі – Күңке, одан бір ұл – Құдайберді. Ұлжан болса, Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалыңдық. Інісі қайтыс болғаннан кейін Құнанбай келінін әмеңгерлікпен алған. Ұлжаннан Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ пен Оспан, үшінші әйелі – Айғыздан Халиолла мен Ысмағұл деген балалары туады. Абайдың "Атадан алтау, анадан төртеу" дейтіні содан.

Төртіншісі – Нұрғаным. Одан бір ұл туған, бірақ есейіп қалған кезде оны ат сүйреп өлтірген. Бір қыз туған, ол жастай қайтыс болған. Балалары өле берген соң Абайдың Ділдәдан туған ұлы Ақылбайды бауырына салып өсірген.

Абайдың шын есімі – Ибраһим. Әжесі Зере "Абай" деп еркелеткеннен кейін Абай атанып кеткен.

Ұлы ойшылдың ұрпақтарына қатысы толық шежіремен мына жерден танысуға болады.

Абай туралы қызықты деректер

Абай алғашқы өлеңін 10 жасында жазған;

Алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялап жүрген;

Көптеген өлеңіне өзі ән жазған, олардың ішінде кеңінен тарағаны – "Көзімнің қарасы";

Абай 13 жасында ел басқару жұмысына араласқан;

1860 жылы Ділдәмен отау құрғанда Абай 15 жаста болған;

16 жасында әке атанды;

21 жасында болыс болып сайланған;

Абай екінші әйелі - Әйгерімге 30 жасында үйленген;

Еркежан - Абайдың әмеңгерлік жолмен үйленген әйелі. Ол Абайға өз қалауымен тұрмысқа шыққан;

36 жасында тұңғыш немересі Әубәкір дүниеге келкен;

Ақынның он баласынан 19 немере мен 13 шөбере тараған. Олардың тоғызы Ұлы Отан соғысына қатысып, тек екеуі туған жеріне оралды;

Абай "Семей қазақтары үшін қылмыстық істерге қарсы заң ережесін" әзірлеген;

Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз және тағы басқа әлемнің көптеген тіліне аударылған;

Мұхтар Әуезов Абайдың бала күнінде жаттаған кейбір өлеңдерін кәрілікке жеткен уақытына шейін ұмытпаған.

Қазақстанда неше Абай бар

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025 жылы елімізде Абай есімді 18 763 адам тұрған. Көбісі – үш қаланың тұрғындары. Олар:

Астана - 2 089;

Түркістан облысы - 2 018;

Алматы қаласы - 1 719.

Бұл есім ең көп таралған жас тобы – 30-34-тің арасы. Осы жастағы Абайлардың саны – 3 228 адам. Абай есімді 10 әйел де болған. Ал Ибраһим (Ибрагим, Ибрахим) есімді азаматтардың саны 35 мың адамнан асады.

Абай күні қалай бекітілді

2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында аталып өткен болатын. Сол кезде "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қорық-музейі жаңартылды. Ал 4 тамызда үкіметтің қаулысымен Абайдың туған күні мерекелік даталар тізіміне енгізілді.

Бүгінде жыл сайын Абайдың туған күніне орай сан алуан іс-шаралар ұйымдастырылады. Қазақстандықтар ақынның өлеңдерін оқып, бір-біріне челлендж жолдайды.

Қазақстанда жүздеген мектеп пен мыңдаған көше ұлы ақынның есімімен аталады. 2022 жылы Абай облысы құрылды. 1 қала, 3 аудан мен 26 ауылға ойшылдың аты берілген.

Қазақстанда Абай күніне жыл сайын әдеби-музыкалық кештер, форумдарды, кітап көрмелері, театр қойылымдары, шығармашылық байқаулар, зияткерлік ойындар және өзге де іс-шаралар ұйымдастырылады. Астанадағы мерекелік шаралардың тізімін мына жерден көруге болады.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью