7kun.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қытай Халық Республикасының Алтай қаласында өткен «Үлкен Алтай – 2026» халықаралық конференциясы аясында Абай облысының делегациясы қытайлық инвесторлармен бірқатар маңызды келіссөздер жүргізді.
Облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков бастаған делегация 20-ға жуық шетелдік компания өкілдерімен кездесіп, сауда, өнеркәсіп, құрылыс, медицина және инфрақұрылым салаларындағы инвестициялық жобаларды талқылады.
Келіссөздер нәтижесінде облыстық басқармалар, аудан әкімдіктері және «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қытайлық серіктестермен жалпы саны жеті құжатқа қол қойды. Оның алтауы инвестициялық меморандум болса, біреуі білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісім болып табылады.
Жобалардың жалпы құны 76,3 млрд теңгені немесе 146,8 млн АҚШ долларын құрайды.
Қол қойылған меморандумдар аясында өңірде гидроэлектр станциясын салу, алюминий және құрылыс материалдарын өндіретін зауыттар ашу, электр кабельдерін шығару өндірісін жолға қою көзделіп отыр. Сонымен қатар Smart City элементтерін енгізу, спорт және балалар алаңдарын салу, Үржар ауданында заманауи жылыжай кешенін құру және энергия үнемдейтін технологияларды пайдалану жобалары жоспарланған.
Білім беру саласында да маңызды келісімге қол жеткізілді. Шәкәрім университеті мен Шыңжаң Алтай кәсіптік-техникалық колледжі арасында кадр даярлау, студенттер мен оқытушылар алмасу, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және білім беру бағытындағы ынтымақтастықты дамыту туралы келісім жасалды.
Айта кету керек, «Үлкен Алтай» халықаралық конференциясы өңіраралық экономикалық байланысты нығайтудың маңызды алаңына айналып келеді. Өткен жылы осы форум барысында жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылған болатын.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа келісімдер Абай облысына инвестиция тарту көлемін ұлғайтып қана қоймай, өңірдегі өндіріс, энергетика және агроөнеркәсіп салаларының дамуына серпін береді.