Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
АСТАНА, 16 тамыз – Sputnik. Абай облысында полиция қызметкерлері аяғына шыны кірген баланы 12 минутта ауруханаға жеткізді, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
15 тамыз күні Абай облысының полицейлерінен Семей – Өскемен автожолында Volkswagen автокөлігінің жүргізушісі көмек сұраған.
Көлік жүргізушісі полиция қызметкерлеріне салонда бес жасар баланың аяғынан терең жарақат алып, қатты қансырап жатқанын айтқан.
Анасының айтуынша, Жаңасемей ауданына қарасты Гранитный ауылында тұратын баласы аулада ойнап жүріп, сыртқы есікке шықпақ болған. Сол сәтте кіреберіс есіктің шынысы сынып, баланың аяғын терең жарақаттаған.
Баланың жағдайының ауыр екенін түсінген полиция қызметкерлері Еламан Масалимов пен Медет Смагулов уақыт жоғалтпай, анасы мен баланы патрульдік автокөлікке отырғызып, облыстық ауруханаға қарай бет алған.
Полицейлер жарақат алған баланы 12 минут ішінде облыстық аурухананың балаларды қабылдау бөліміне жеткізді. Дәрігерлер баланы бірден қабылдап, шұғыл түрде операцияға алып кетті.
"Баламның аяғынан қан тоқтамай, қатты қорқып кеттім. Не істерімді білмей, жолда полицейлерді көріп, көмек сұрадым. Олар бірден бізге көмектесіп, баламды көлікке отырғызды. Бар болғаны 12 минуттың ішінде ауруханаға жеткізді. Мен үшін сол сәтте бұл үлкен көмек болды. Полицейлерге шын жүректен алғыс айтамын", – деді баланың анасы.
Осындай сәтте әр секундтың маңызы зор. Полицейлердің жедел әрі кәсіби әрекеті баланың уақыт жоғалтпай медициналық көмек алуына мүмкіндік берді.