Zakon.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Тұрғын үйдің шатырындағы мұржа өртеніп жатқан еді. Секундтармен саналған сол сәтте полиция майоры бір сәт те кідірмей, ең алдымен үй иесін және тұрғындарды дереу хабардар етті.
Адам өмірі – бәрінен қымбат. Асет Сағадиев тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарып, олардың сабыр сақтауына көмектесті.
Қауіп аймағында бірде-бір адамның қалмауын қадағалаған соң, ол жалынмен арпалысқа өзі кірісті. Кәсіби дайындық, салқынқандылық пен батылдықтың арқасында полиция қызметкері өрттің кең етек жаюына жол бермеді. Ол шатырдағы отты сөндіруге белсене кірісіп, жалынның көрші пәтерлерге және бүкіл үй шатырына таралуына тосқауыл қойды.
Егер сол сәтте уақытында әрекет жасалмағанда, өрттің салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін еді. Полиция қызметкерінің жедел әрі үйлесімді іс-қимылы нәтижесінде тілсіз жау оқшауланып, үлкен қауіптің алдын алды.
Бұл оқиға – полиция қызметкерінің тек тәртіп сақшысы ғана емес, ел қауіпсіздігі мен азаматтардың өмірі үшін жан аямай еңбек ететін нағыз батыр екенінің айқын дәлелі.
"Сол күні кешкі рейд барысында Юность көшесі жақтан түтіннің көтеріліп жатқанын байқадым. Жақындап келгенде тұрғын үйдің шатырында өрт шыққанын көрдім. Уақыт жоғалтпай, ең алдымен үй иесін және тұрғындарды ескерттім. Барлығының қауіпсіз жерге шыққанына көз жеткізу мен үшін басты міндет болды", – дейді Асет Сағадиев.
Осындай сәттерде полиция формасының артында үлкен жүрек, зор жауапкершілік пен адам өміріне деген шынайы жанашырлық тұрғанын анық аңғарамыз. Асет Сағадиевтің әрекеті – қызметке адалдықтың, ерліктің және азаматтық борышқа берік болудың үлгісі.