Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Хабар түскен бойда Абай ауданының полиция қызметкерлері дереу іздестіру жұмыстарына кірісті. Іздеу жұмыстары тәулік бойы — күндіз де, түнде де жүргізілді. Жағдай өте қиын болды: жолсыз жерлер, күрделі жер бедері, батпақ топырақ. Техника бірнеше рет тұрып қалса да, іздеу бір сәтке де тоқтатылған жоқ. Операцияға шаруашылық иесі де қатысты. Қатал ауа райы мен табиғи жағдайларға қарамастан, полиция қызметкерлері мен құтқарушылар табандылық танытып, аумақты мұқият тексеріп, барлық ықтимал бағыттарды қарастырды.
Іздеудің бесінші күні таңсәріде жоғалған ер адам тірі күйінде табылды. Белгілі болғандай, ол жылқыны көтермек болып аяғын қысып алған. Жарақатына байланысты өздігінен қозғала алмай, осы уақыт бойы далада жатқан. Табылғаннан кейін оған сол жерде алғашқы медициналық көмек көрсетілді: аяғы таңылып, қолда бар құралдармен бекітіліп, кейін эвакуациялауға дайындалды.
Ер адам болған оқиғаны толқумен еске алып, полицейлер мен құтқарушыларға шексіз ризашылығын білдірді.
— Бес күн бойы үміт пен күмәннің арасында болдым. Айналам тым-тырыс еді, қозғала алмадым, әр минут сағаттай көрінді. Бірақ мені іздеп жатқанын білдім. Таң ата алыстан адамдардың даусын естігенде, үмітім қайта оянды. Сол сәтте өмірдің қаншалықты қымбат екенін түсіндім. Мені тапқан полицейлер мен құтқарушыларға шексіз ризамын. Олардың табандылығы мен адамгершілігі менің өмірімді сақтап қалды, — деді ол.
Бұдан бұрын Жаңаөзенде 8 айдан бері із-түссіз жоғалған әйел іздестіріліп жатқанын жазған едік.