Абай облысының агроөнеркәсіп кешені тұрақты даму үстінде

01.11.2025

Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 340 млрд теңгенің өнімін өндірді.

Қазіргі таңда облыста мал шаруашылығын дамыту, қайта өңдеу кәсіпорындарын салу және жаңа жұмыс орындарын ашу бағыттарына ерекше назар аударылып отыр. Бұл мәселелер Парламент Сенаты комитетінің көшпелі отырысында кеңінен талқыланды. Жиынға өңір басшылығы, қоғам өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.

Кездесу барысында мемлекеттік қолдаудың тиімділігі, ауылдық инфрақұрылымды жаңарту және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері көтерілді. Осы мақсатта Жаңа Семей ауданында құны шамамен 8 млрд теңге болатын ірі ет комбинатының құрылысы басталған. Сонымен қатар өңірде 22 ірі агрожоба жүзеге асырылуда.

Әли Бектаев, Аграрлық мәселелер, тп және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы:

- Абай өңірі бұрыннан аграрлық секторға бейімделген өңір деп есептейміз. Шынында да солай болған, кезінде осы жерде 5-6 млн-ға дейін қой өсірілген. Абай өңірі арқылы бүкіл Қазақстанның облыстары қой етімен қамтамасыз етілетін.

Облыс құрылғаннан бері «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 21 млрд теңгеден астам қаржыға 191 жоба жүзеге асқан. Биыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 339 млрд теңгенің өнімін өндірді. Сенаторлар аймақтағы жетекші кәсіпорындардың жұмысымен танысып, олардың алдағы жоспарларын білді.

Алтай Хайдаров, «Arai-Еast food» ЖШС директоры:

 - Қазіргі таңда кәсіпорында шұжық өнімдері, жартылай дайын тағамдар және деликатестер шығарамыз. Алдағы уақытта өнім түрлерін кеңейтіп, консерві өндірісін де жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Алғашында біздің кәсіпорнымыз кішкентай ғана цех болатын, мемлекеттік қолдаудың арқасында біз ісімізді кеңейттік.

Ауыл экономикасын одан әрі нығайту мақсатында облыста 2028 жылға дейінгі агроөнеркәсіп кешенін дамыту моделі әзірленген. Оның негізгі бағыттары – ет және сүт кластерлерін қалыптастыру, құс шаруашылығын дамыту және суармалы егіншілікті кеңейту. Агросектордың дамуы өңір халқының әл-ауқатын арттырып қана қоймай, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де ықпал етпек.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью