Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Қылмыстық іс Аягөз аудандық сотында қаралды. Белгілі болғандай, 2024-2025 жылдары аралығында айыпталушы әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы азаматтарды әдейі іздестірген. Негізінен ол Семей қаласындағы теміржол вокзалдары мен базар маңында жүрген адамдарды нысанаға алған.
— Жәбірленушілердің көбі мас күйде болып, жұмысқа орналастыру туралы уәделерге оңай сенген. Осыдан соң әйел оларды түрлі шаруа қожалықтарына жіберіп отырған. Ал фермерлер алдын ала жұмыс үшін төлеген 100 мыңнан 400 мың теңгеге дейінгі қаражатты өз қалтасына басқан. Іс барысында осындай бес эпизод тіркелді, — деп хабарлады соттан.
Кейбір жағдайларда айыпталушы жәбірленушілердің қозғалу еркіндігін шектеп, қорқыту, психологиялық қысым көрсету және алкогольге тәуелді ету тәсілдерін қолданған.
Сотта әйел адам өз кінәсін толық мойындап, істегеніне өкініш білдіріп, келтірілген шығынды өтеп, жәбірленушілермен татуласқан. Соған қарамастан, сот оны 6 жылға бас бостандығынан айырды.
Апелляциялық саты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Үкім заңды күшіне енді.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында алимент төлеуден жалтарған екі тұрғын сотталғаны хабарланған.