Абай университеті студенттерге кәсіби бағдар беру жобасын өткізді

17.03.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

2026 жылғы 17 наурыз күні сағат 14:00-де Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты №59 мектеп-гимназиясында «Сұхбат: жұмыс берушіге өзіңді дәлелде» атты кәсіби бағдар беру жобасы өтті. Аталған жобаға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 4 курсынан 16 білім алушы қатысты,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты – университеттің бітіруші студенттерінің еңбек нарығына бейімделуін қамтамасыз ету, сондай-ақ жұмысқа орналасу барысында жұмыс берушімен кәсіби сұхбаттасудан сәтті өту дағдыларын дамыту.

Айта кету керек, бұл жоба 2019 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бастаманың негізгі ұйымдастырушысы – Абай университетінің Кәсіби бағдар беру және мансапты дамыту департаментіне қарасты «Мансап»  орталығы.

2025-2026 оқу жылы аясында жоба Алматы қаласының бірнеше ауданында кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, биылғы іс-шаралар Наурызбай ауданында басталып, кейін Медеу ауданында жалғасып, Түрксіб ауданында өткізілді. Алдағы уақытта жоба қаланың өзге аудандарында да ұйымдастырылады. Дәстүр бойынша бұл бастама ақпан айынан сәуір айына дейінгі аралықта жүзеге асырылады.

Іс-шара барысында қатысушы білім алушылар Алматы қаласы №59 мектеп-гимназиясының директоры, Абай университетінің түлегі Асан Торғанбековтің қатысуымен нақты жұмысқа қабылдау форматына барынша жақын кәсіби сұхбаттасудан өтті.

Сұхбаттасу аяқталғаннан кейін мектеп директоры білім алушылардың кәсіби даярлығы, коммуникациялық қабілеттері және өзін таныстыру мәдениеті бойынша жан-жақты талдау жасап, олардың артықшылықтары мен дамыту қажет тұстарын атап өтті. Бұл тәжірибе болашақ педагогтердің еңбек нарығында өздерін сенімді әрі кәсіби деңгейде таныстыруына мүмкіндік беретін маңызды тәжірибе болды.

«Сұхбат: жұмыс берушіге өзіңді дәлелде» жобасы университет түлектерінің жұмыс берушімен тиімді байланыс орнату, өзін кәсіби тұрғыда көрсету және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына ықпал ететін маңызды тәжірибелік алаң екендігін тағы бір рет дәлелдеді.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью