Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Бүгін Абай университетінің түлегі, Қазақстанның құрметті жазушысы, ғалым, тарихшы, аудармашы, баспагер, публицист әрі қоғам қайраткері Мұхтар Қазыбектің 75 жасқа толуына арналған «Мұхтар Қазыбек шығармашылығындағы ұлттық тарих: дерек, аударма және тұлғатану» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ұлттық тарих пен руханият мәселелерін арқау еткен тағылымды жиынға белгілі ғалымдар, әдебиеттанушылар, архивистер, жазушылар мен қоғам қайраткерлері қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Конференцияны университеттің Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан ашып, жүргізіп отырды. Ол жиын басында университеттің Басқарма төрағасы-Ректоры Болат Тілептің құттықтау хатын оқып, Мұхтар Қазыбектің ұлттық тарихты зерделеу мен қазақ руханиятын дамытудағы еңбегіне жоғары баға берді. Зиялы қауым өкілдері мерейтой иесінің шығармашылық және ғылыми мұрасына жан-жақты тоқталып, жиында Қазақстан Жазушылар одағының, Алматы қаласы мен Түлкібас ауданы әкімдіктерінің құттықтау, марапаттары табысталды.
Баяндама жасаушылар М.Қазыбектің дулатитануға қосқан үлесін ұлт руханиятындағы ірі жетістіктердің бірі ретінде бағалады. Атап айтқанда, аса құнды «Тарих-и Рашиди» еңбегін қазақ тіліне аударып, ғылыми айналымға енгізуі отандық тарих ғылымындағы маңызды оқиға. Бұл аударма қазақ оқырманына Дулатидің тарихи мұрасымен ана тілінде тереңірек танысуға мүмкіндік берді. Қаламгердің «М.Х.Дулати: таным мен талғам» атты еңбегі де ғұламаның шығармашылық әлемі мен тарихи көзқарасын саралаған құнды зерттеу ретінде танылған.
Конференция барысында ҚР Президенті жанындағы ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев, Орталық мемлекеттік архив директоры Сәбит Шілдебай, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Қанипаш Мәдібаева, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Серік Асылбеков арнайы баяндама жасап, Мұхтар Қазыбектің отандық ғылымдағы сіңірген қызметін саралады. Сонымен қатар, конференцияда түрлі сала мамандары – тарихшылар, әдебиеттанушылар, архивистер мен қоғам қайраткерлері сөз сөйлеп, университет түлегінің ұлттық тарих пен кітап ісінің дамуына қосқан үлесін сөз етті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Тоқашбаев мерейтойы иесін ұлы Абайдың парасат мектебінен өткен, шындықтан айнымайтын жазушы, ғалым әрі аудармашы ретінде сипаттады. Баяндамашы кеңес уақытындағы Алматы қаласында қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу жолындағы күресін ерекше тебіреніспен еске алды.
– Біз сол жылдары Шона Смаханұлы бастаған топпен бірге қазақ мектептерін ашу үшін күрестік. Сол ортада Мұхтар Қазыбек те жүрді. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен табандылығы талай істің алға басуына себеп болды. Үш мектептің қазақылануының басы-қасында өзі жүрді. Алматыдағы №137 қазақ мектебінің ашылуына тікелей ұйытқы болған азаматтардың бірі – Мұхаң. Ол мәселенің түйінін тауып, билікпен де ортақ тіл табыса білді. Бұл – оның күрескерлік болмысының айқын көрінісі, – деді Марат Тоқашбаев.
Салтанатты жиын аясында Мұхтар Қазыбектің тәржімалауымен ұлт батыры Бауыржан Момышұлының «Психология войны» кітабының баспадан шыққан «Қанмен жазылған кітап» аударма нұсқасы және «Замана саңлақтары» жинағының тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты.