Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
— Менің тапсырмаммен былтыр 2030 жылға дейін аймақтарды дамытуға арналған тұжырымдама бекітілді. Басты мақсат — өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті азайтып, халықтың әл-ауқатын арттыру. Өткен жылғы даму қорытындысы туралы айтар болсақ, аймақтардың экономикасы тұрақты өсіп-өркендеп келеді. Бірақ шешімін таппаған мәселелер бар. Аймақтардың инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі орташа есеппен алғанда — 64,1 пайыз. Бұл көрсеткіш әр өңірде әртүрлі, айтарлықтай алшақтық бар, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пайымынша, қажетті инфрақұрылымның болмауы облыстардың дамуына және халықтың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, жаңадан құрылған Абай және Ұлытау облыстарында инфрақұрылым жеткіліксіз. Алматы облысында да ахуал мәз емес.
— Бұл аймақтардың дамуына айрықша назар аудару қажет. Аймақ басшылары экономиканы әртараптандыруға және азаматтардың табысын арттыруға баса мән беруге тиіс. Инфляцияны төмендету үшін тиімді шаралар қабылдап, сапалы инвестиция тартуы керек, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуы қажет, — деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Ата Заңымызға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданатынын мәлім етті.