Абат Пангереев, тополог: Ел мен жерді фольклор арқылы танытуға болады

05.02.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Мемлекет басшысының Жолдауында еліміздің туристік әлеуетін арттырып, оған әлем халқының қызығушылығын күшейту тапсырылған еді. Шетелдік саяхатшылар сапар шегетін елін таңдамас бұрын ашық дереккөздердегі ақпаратқа сүйенетіні белгілі. Әсіресе тарихы терең, аңызы ерекше мекендерге жұрт ағылып келеді. Бұл тұрғыда жер-су атауларының шығу төркінін, оған қатысты аңыз-әпсаналарды кеңінен таныстырудың маңызы зор. Осы мақсатта жер-су атауларының фольклорлық негізін зерттеп жүрген белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереевпен сұхбаттастық.

– Қазіргі заманда елдің турис­тік тар­­тымдылығы тек инфра­құры­­лым­мен өлшенбейтіні анық. Осы тұр­ғы­дан алғанда жер-су атаулары мен оған қатыс­ты аңыз-әпсаналардың таным­дық қызметі қандай?

– Адам баласының дүниені, өзін қоршаған кеңістікті тануы ең әуелі миф­тік түсініктер арқылы қалыптасқан. Философия мен мәдениеттануда миф дүниені танудың алғашқы формасы ретінде қарастырылады. Байырғы қоғам үшін әлем абстрактілі ұғым емес, нақты өмір сүріп отырған кеңістік – жер мен су болды. Сондықтан жер-су атаулары сол қо­ғамның дүниетанымын, қоршаған ортаға қатынасын бейнелейтін маңызды мәде­ни белгі қызметін атқарды.

Мифтік сипатта болғанымен, бұл атаулар белгілі бір ақпаратты сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырды. Бүгінгі күні біз сол атаулар арқылы халықтың кеңістікке көзқарасын, тарихи жадын, дүниетанымдық қабаттарын танимыз. Бұл – ұлттық мәдениеттің негізін құрайтын маңызды фактор. Ал мәдени негізі терең ел ғана сырт көзге, соның ішінде туристерге де тартымды көрінеді.

– Демек жер-су атауларын фоль­­к­лорлық дерек ретінде қарастыруға болады ғой?

– Әрине. Байырғы, тарихи топоним­дердің әрқайсының астарында белгілі бір мағына, символдық жүк жатыр. Фоль­клор мәтіндерінде кездесетін жер-су атаулары көбіне нақты бір кезеңде шын­дық деп қабылданған оқиғаға, құбы­лыс­қа немесе танымға сүйеніп баяндалады. Егер біз тарихи топонимдерді жеке алып, олардың шығу төркінін, қолда­нылу аясын зерттесек, сол атаудың айналасында көне мифтік түсініктермен қатар, әлеуметтік, тұрмыстық, тарихи маз­мұндағы әңгімелердің тұтас қабаты жатқанын көреміз. Осы тұрғыдан алғанда фольклор мен топонимика бір-бірімен тығыз байланыста дамыған салалар. Жер-су атауы – халықтың өткен өмірінен қалған ауызша дерек.

– Мұндай фольклорлық деректерді бүгінгі қоғам қалай қабылдауы керек?

– Жер-су атауларына қатысты фоль­к­лорлық сюжеттер арқылы халықтың бұрынғы және қазіргі дүниетанымын, кеңістікке деген көзқарасын салыстыра аламыз. Бұл – тарихи сананы жаңғырту­дың бір жолы. Фольклортану ғылымында топонимдік сюжеттер мазмұнына қарай бірнеше жанрға жіктеледі. Егер әңгіме жер атауына байланысты шын өмірде болған жартылай тарихи оқиғаға құрылса, ол топонимдік аңыз деп қарастырылады. Ал мифологиялық кейіпкерлер мен діни нанымдарға негізделіп, белгілі бір жер­дің аталу себебін түсіндіретін баяндаулар топонимдік хикаятқа жатады. Қиял мен ғажайып элементтер басым болып, ертедегі мекен-тұраққа қатысты көркемделе баян­далатын сюжеттер топо­нимдік әпсана ­саналады. Бұл жіктеу жер-су атаулары­ның жай ғана атау емес, белгілі бір тарихи, мәдени әрі ақпараттық мазмұнды сақтаған дерек көзі екенін көрсетеді.

– Мұны нақты бір жер атауының мысалында қалай түсіндіруге болады?

– Мәселен, Ақтөбе облысы, Ойыл ауданындағы Атансауған ауылын ала­йық. Бұл атаудың артында қиялға құрыл­ған әпсана емес, нақты тарихи-әлеумет­тік жағдай жатыр. Белгілі бір кезеңде Ойыл өңірі Алашорданың Батыс Қазақстандағы орталығы болған. Сол себепті бұл жаққа қатынаған, Көкжар жәрмеңкесіне барған жұрт жол бойындағы шағын ауылға тоқ­тап, атанды лауға алып отырған. Атан­ды лауға беріп, ақысына жолау­шы­дан қайт­қанда қант, шай дегендей тұр­мыс­қа қажетті бұйымдар олжалаған, яғни сол арқылы күн көрген ауыл адамда­рын ел атанның күшін сауып отырғандар, атансауғандар атап кеткен. Атансауған күні бүгінге дейін осылай аталып келеді. Уақыт өте келе бұл тұрмыстық тәжірибе жер атауына айналып, тұрақты топоним ретінде қалыптасқан. Мұнда оқиға көр­кемделмейді, әсіреленбейді, нақты бір тұлға да дараланбайды. Жалпы, ауыл адам­дарының тіршілігі баяндалады. Сон­дықтан мұндай сюжеттерді аңыз немесе әпсана емес, ақпараттық қызмет атқаратын топонимдік әңгіме деп атауға болады. Бұл – жер атауы арқылы сақталған өмір шындығы.

– Ал осындай жекелеген оқиға­лар кеңейіп, тұтас бір тарихи кезең­нің­ көрінісіне айналғанда, ол фоль­к­лор­дың қай жанрында көрініс табады?

– Мұндай жағдайда тарихи жыр жанры қалыптасады. Қазақ фольклорында тарихи жыр деген ұғым бар. Бұл – жай ғана өлең емес, белгілі бір дәуірдің, нақты кезеңнің рухын сақтап қалған жанр. Тарихи жырлар, негізінен ел өмірінде болған ірі әлеумет­тік, саяси оқиғалармен байланысты туады ­және сол оқиғаның қақ ортасында жүрген ­тарихи тұлғалардың іс-әрекетін баяндайды.

Бұл жырлар бір күнде тумайды. Әуе­лі белгілі бір тарихи оқиға болады, оған қатыс­ты әртүрлі әңгімелер, аңыздар, ша­ғын өлеңдер тарайды. Уақыт өте келе солар­дың негізінде тұтас бір жырлық цикл қалып­тасады. Батырлық эпоста уақыт көбіне көмескіленіп, оқиға жалпылама сипатта берілсе, тарихи жырда керісінше – нақты уақыт, нақты оқиға, нақты тұлғалар халық жадында әлі де айқын сақталады. Сол себепті тарихи жырлар халық өмірін барынша шынайы көрсетуге ұмтылады. Зерттеушілер тарихи жырлардың бас­тауын негізінен XVIII ғасырға жатқызады. Бұл жөнінде Сәкен Сейфуллин мен ке­йін­гі фольклортанушылардың еңбек­тері маңызды. Тарихи жыр – халықтың ­та­рихи жадын сақтаудың көркем формасы. Осындай рухани мазмұнды ғылы­ми негіз­де жүйелеп, қоғамға дұрыс ұсына алсақ, ­ол ұлттық мәдениетті нығайтып қана қой­май, мәдени туризмді дамытуға да нақты ­үлес қоса алады.

– Айтып отырғаныңыздай, жер-су атаулары мен тарихи жырлар халық жадын сақтаудың маңызды тетігі. Осы бай рухани мұраны бүгінгі мәдени туризмді дамытуда қалай тиімді пайдалануға болады деп ойлайсыз?

– Ең алдымен, бұл мұраға тек өткен­нің қалдығы ретінде емес, тірі мәдени ресурс ретінде қарау керек. Жер-су атаулары мен тарихи жырлар – халықтың кеңістік­пен, тарихпен, тағдырмен қарым-қатына­­сын сақтап қалған ерекше дерек. Сондық­тан мәдени саясатта оларды фольклорлық ескерткіш деңгейінде ғана емес, ұлттық жадының жүйелі құрамдас бөлігі ретінде қарастырған жөн.

Практикалық тұрғыдан алғанда, әр өңір­дің жер-су атауларына қатысты аңыз-әңгімелерін, тарихи жырларда ата­ла­тын мекендерді ғылыми негізде жи­нақ­тап, түсіндірме мәтіндермен бірге ашық фор­матта ұсыну қажет. Бұл мате­риалдар туристік маршруттардың маз­мұнын байытып, қарапайым сапарды мағы­налы мәдени тәжірибеге айналдырады. Сонымен қатар тарихи жырлар мен топонимдік деректерді мектеп, музей, медиа кеңістігі арқылы жүйелі түрде таныстыру маңызды. Өйткені турист алдымен сол елдің өзін-өзі қалай таныстыратынын көреді. Егер біз өз кеңістігіміздің мәнін, әр атаудың артындағы тарихты сауатты әрі тартымды түрде ұсына алсақ, бұл ұлттық мәдениетті нығайтып қана қоймай, мәдени туризмді де ұзақ­мерзімді, тұрақты бағыт ретінде дамытуға мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен –

Абзал МАҚАШ,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар

Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған мерекелік концерт өтті

Өнер • Бүгін, 23:40

Президент шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысушыларға бейнеүндеу жолдады

Президент • Бүгін, 23:26

Апаттан құтқарған оқушы

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:15

Экологиялық мәдениет қалыптастыру – түбегейлі қағидат қатарында

Саясат • Бүгін, 08:10

Қасым-Жомарт Тоқаев: Татуласу – мықтылықтың белгісі

Саясат • Бүгін, 08:05

Қазақстан мен Пәкістан ынтымақтастығы стратегиялық деңгейге көтерілді

Саясат • Бүгін, 08:00

Қонақта – Асқар Алтай

Қоғам • Бүгін, 07:55

Көнеден жеткен сарын

Өнер • Бүгін, 07:50

Аю шаңғы

Жәдігер • Бүгін, 07:45

Баянсыз бақ

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 07:40

Қанат Бозымбаев өңірлердің су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық барысын тексерді

Үкімет • Кеше

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Пәкістанның ең жоғары мемлекеттік наградасы табысталды

Президент • Кеше

Қазақстан әлемнің 70-тен аса еліне ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайды

Президент • Кеше

Мемлекет басшысы Пәкістан Президенті Асиф Али Зардаримен келіссөз жүргізді

Президент • Кеше

Азаматтық-құқықтық шартты айналып өтуге тосқауыл қойылады

Қоғам • Кеше

Барлық жаңалықтар

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью