Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Президенті Владимир Путинге Украинадағы соғысты уақытша тоқтатуды ұсынып, келіссөздерді қайта бастау қажет екенін айтуы әлемдік БАҚ-тың назарын аударды. Әсіресе, Financial Times, Reuters және The Sun бұл мәлімдемеге әртүрлі қырынан баға берді. Aikyn.kz аталған басылымдардың жарияланымдарына шолу жасады.
Financial Times Тоқаевтың сөзін Ресейдің жақын серіктестерінің бірі тарапынан айтылған ең ашық әрі тікелей үндеу ретінде бағалады. Басылымның жазуынша, Қазақстан бұған дейін Украинадағы соғысқа қатысты мұндай деңгейде жария пікір білдірмеген. FT Тоқаевтың мәлімдемесін Мәскеуге соғысты тоқтату жөнінде жасалған дипломатиялық қысымның белгісі ретінде сипаттады.
Reuters Тоқаевтың ұсынысын бейтарап сипаттап, оның қақтығысты уақытша тоқтатып, «Стамбұл 2.0» форматына қайта оралуды ұсынғанын жазды. Агенттік бұл бастамаға Кремльдің келіспегенін де атап өтті. Ресей тарапының пікірінше, қазіргі жағдайда соғысты «уақытша тоқтату мүмкін емес» және Мәскеу алдымен өз мақсаттарына жетуі қажет.
Ал The Sun бұл оқиғаны әлдеқайда эмоциялық сарында жариялады. Басылым Тоқаевтың мәлімдемесін Путинге жария түрде жасалған ескерту ретінде бағалап, Ресей президентінің күтпеген пікірден «абдырап қалғанын» жазды. Сондай-ақ газет Қазақстан басшысының соғыстың мәні көпшілікке түсініксіз екенін айтқан сөзін ерекше атап өтті.