Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Reuters агенттігінің мәліметінше, келіссөздерге АҚШ делдалдық жасап отыр және олар екі күнге есептелген. Агенттік дерегіне сүйенсек, бұл кездесу бұрын басталған диалогтың заңды жалғасы әрі Мәскеу мен Киев өкілдерінің тікелей байланысын да қамтыған.
Украина делегациясының жетекшісі Рустем Умеров консультациялардың алғашқы күнін мазмұнды әрі нәтижелі деп бағалады.
Оның айтуынша, тараптар жалпылама ұраннан гөрі нақты қадамдар мен практикалық шешімдерге басымдық берген.
-Жұмыс нақты әрі өнімді болды, талқылау нақты қадамдар мен практикалық шешімдерге бағытталды, — деп жазды Умеров X әлеуметтік желісінде.
Сондай-ақ ол күн қорытындысы бойынша Украина президенті Владимир Зеленскийге арнайы баяндама дайындайтынын мәлімдеді. Ал келіссөз барысынан хабардар дереккөз Reuters агенттігіне тараптардың кездесуді бейсенбі күні жалғастыруды жоспарлап отырғанын айтқан.
Кремль бұған дейін келіссөздер жүріп жатқан кезде аралық пікір білдіруді көздемейтінін хабарлаған.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков алғашқы күннің қорытындысы бойынша ресми ақпарат күтудің қажеті жоқ екенін атап өткен.
Айта кету керек, Әбу-Дабидегі бұл келіссөздер екінші рет өтіп отыр. Үшжақты консультациялардың алғашқы раунды 23–24 қаңтар күндері ұйымдастырылған еді және ол Ресей, Украина мен АҚШ арасындағы осындай форматтағы алғашқы ашық әрі тікелей байланыс ретінде тарихта қалды.
Осыған дейін Әбу-Дабиде Украина бойынша консультациялардың екінші кезеңі басталғанын жаздық.